ДИКТОР: Отандық журналистиканың дамуына елеулі үлес қосып жүрген БАҚ өкілдері марапатталды. Көкшетауда журналистер күніне орай қаламгерлерге Қазақстан журналистер одағының төсбелгісі, «Құрмет» грамоталары және облыстық филиалдың Алғыс хаттары табысталды.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Журналистің жегені - жантақ, арқалағаны - алтын. Билік пен бұқараны жалғап, шынайы ақпарат тарататын қаламгерлер күн-түн демей еңбек етеді. Салтанатты жиында Қазақстан Журналистер одағы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Бақыт Смағұл барша журналистер қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтап, уақытпен үндесіп, қоғаммен бірге тыныстап, ел мүддесі үшін аянбай еңбек етіп жүрген журналистердің еңбегін атап өтті.
СНХ: БАҚЫТ СМАҒҰЛ, ҚАЗАҚСТАН ЖУРНАЛИСТЕР ОДАҒЫ АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Елдің мүддесін, ұлттың мүддесін, өңірдің мына жаңалықтарын жалт еткізіп телеарна, газет арқылы, әлеуметтік желі арқылы беріп жатқанын көреміз. Осының барлығы бүгінгі күннің саяси өмірімен астасып жатады. Елдің тыныс-тіршілігімен де астасып жатады. Сондықта журналистің еңбегі қашан да бағалы, қашан да айрықша маңызы бар.
РКС: Ғұмырын қаламмен өрген журналистердің бірі - Талғат Қасен. Өмірінің 34 жылын журналисткаға арнаған ол еңбек жолын Қорғалжын аудандық газетінде бастаған. Кейін ұзақ жыл облыстық «Арқа ажары» газетінде еңбек етіп, экономика мен ауыл шаруашылығы тақырыптарына қалам тербеді. Салмақты сараптамалары мен мазмұнды сұхбаттары арқылы оқырманның құрметіне бөленген сала ардагеріне «Қазақстанның Құрметті журналисі» төсбелгісі табысталды.
СНХ: ТАЛҒАТ ҚАСЕН, ЖУРНАЛИСТИКА САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ: Президенттің өзі де қазір журналистика саласына баса назар аударып отыр. Халықтың жаршысы, барды бар деп, жоқты - жоқ деп жазатын. Бұл енді 4-ші билік деп халық арасында танылған ғой. Билік болмай-ақ қойсын, журналистика өзінің міндетін - ел алдындағы, халық алдындағы міндетін шынайы ақпарат таратудан таймаса, онда ол міндетін толық орындап жүр деп айтуға болады.
РКС: Биыл Қазақстан Журналистер одағының Ақмола облыстық филиалы алғаш рет «Жақсылық жаршысы» арнайы төсбелгісін тағайындады. Бұл марапат қаламгерлердің кітаптарының жарық көруіне қолдау көрсетіп, рухани жобалардың жүзеге асуына үлес қосқан меценат Досымхан Аралбаев пен «Көкше» телеарнасының директоры Берік Әбділмановқа табысталды.
СНХ: ДОСЫМХАН АРАЛБАЕВ, «КӨКШЕТАУ ЭНЕРГО» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ БАС ДИРЕКТОРЫ: Бұл да бір елге деген, халқымызға деген, болашақ ұрпаққа деген бір үлес шығар деп ойлаймын. Әрине мен өзім әдебиетші емеспін, бірақ кітап оқу, содан сусындау менің табиғатымдағы, жан дүниемнің қажеттілігі деп санаймын.
РКС: Ақпарат айдынында қалам тербеп, отандық журналистиканы дамытуға елеулі үлес қосқан бірқатар сала маманына одақтың Құрмет грамоталары, сондай-ақ облыстық филиалдың Алғыс хаттары табысталды. Мерекелік жиын концерттік бағдарламамен түйінделді.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ