ДИКТОР: Сәулетші мамандығы қай кезеңде де маңызын жойған емес. Бүгін – Дүниежүзілік сәулетшілер күні. Шаһардың дамуын, тұрғындардың жайлылығы мен қоғамдық ортаның сапасын тікелей дәл осы сәулетшілермен байланыстырамыз. Сондықтан бүгін олар қандай марапатқа да лайықты. Көкшетаудағы сәулетшілер де аймақтың заманауи келбетін қалыптастыруға сүбелі үлес қосып жүр.  

РКС: Ғалымтай Қожаев – Қазақстан Сәулетшілер одағының мүшесі. Саналы ғұмырын осы салаға арнаған жан. Кезінде Көкшетаудағы көптеген нысанның жаңғыруына сүбелі үлес қосты. Әлі де сапта. Қазір өмірден түйгенін Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің студенттеріне үйретіп жүр. Сәулетшінің басты міндеті – табиғатпен үйлесім тауып қарқынды дамып келе жатқан шаһарда қолайлы орта қалыптастыру,-дейді ол. 

СНХ: ҒАЛЫМТАЙ ҚОЖАЕВ, ҚР СӘУЛЕТШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ: Дайындалған Бірыңғай бас жоспар бар. Керемет жасалған. Жаңа жағалау қалай жаңартылды. Көз сүйсінеді. Қопа көлі бізге табиғаттың берген сыйы ғой. Соны ұтымды пайдалана білуіміз керек. Астананы бәріміз білеміз. Менің жасымдағылар бұрынғы Целиноград кезін ұдайы еске алады. Ал қазір қарасаңыз айырмашылығы жер мен көктей. Жапондық сәулетші Кисё Курокава Астананың Бас жоспарына неше түрлі сәулет өнерін енгізді. 

РКС: Қазір шаһарлардың сыртқы келбеті ғана емес, қала құрылысына деген тәсіл де өзгеруде. Заманауи сәулеттік шешімдері алғашқы орынға шығып жатыр. Бірыңғай дизайн стандарттары, кешенді блок негізіндегі құрылыс, тозығы жеткен тұрғын үйлерді реновациялау, қоғамдық кеңістіктер мен урбанистика алдыңғы шепте. Қалаларда ғана емес, аудандарда да жағдай біршама жақсарып келеді.

СНХ: БАУЫРЖАН ТӘШМЕТОВ, СӘУЛЕТШІ: Менің ойымша сәулетші ең маңызды мамандықтың бірі. Өйткені, дәл осы сәулетшінің қиялынан кез келген ғимараттың іргетасы қаланады. Ол құрылысбың басынан аяғына дейін жан бітіреді. Сәулетші қалай жоспарласа, соның ізімен құрылыс жүзеге асырылады.   

РКС: Сәулет қашан да қоғам өмір сүретін дәуірді бейнелейді. Бүгіндері дәл осы мамандар заманауи Ақмола облысының қажетіне жауап беретін ғимараттар мен нысандардың егесі десек артық емес. 

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ