ДИКТОР: Қазақстан азаматтарының денсаулығын қорғау құқығы негізгі әлеуметтік-экономикалық құқықтардың бірі ретінде ресми түрде бекітілді. Жаңартылған Конституцияның тиісті бабы бүгіннен бастап күшіне енді. Ата заңға сәйкес, әр адамға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алу құқығы қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, ақылы медициналық қызметтердің көрсетілу тәртібі де Конституцияда айқындалған.
РКС: Осылайша, мемлекет негізгі әлеуметтік кепілдіктің бірін бекітіп, барлық қазақстандықтардың медициналық көмекке тең қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған ұстанымын қуаттайды.
СНХ: ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Азаматтардың бәріне сақтандыру мәртебесіне қарамастан базалық медициналық көмек алуға кепілдік берілген. Бұдан бөлек, отандастарымызға нейрохирургиядан бастап репродуктивті медицинаға дейінгі ең жоғары технологиялық медициналық ем-шаралардың барлығы қолжетімді. Сонымен қатар қоғамға қызмет ету жолын таңдағандардың алаңсыз еңбек етуіне лайықты жағдай жасап жатырмыз. Нақты қадамдар арқылы ұстаздар мен дәрігерлердің беделін арттыра береміз.
РКС: Мемлекет кепілдік берген медициналық көмек жай ғана заңнамалық ереже емес, елдің әр тұрғыны үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ететін маңызды конституциялық міндет. Дәрігерлер жаңа Негізгі Заңда емделуге ғана емес, аурудың алдын алуға да ерекше мән берілгенін атап өтті.
СНХ: ІЛИЯС МҰҚАЖАНОВ, КРАСНЫЙ ЯРДАҒЫ АЛҒАШҚЫ МЕДИЦИНАЛЫҚ-САНИТАРЛЫҚ КӨМЕК ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДӘРІГЕРІ: Жаңа заңға байланысты үш пункт бар. Ол бізде бірінші денсаулығын сақтау әрбір адам өзінің денсаулығын сақтай алады және сауықтыру жұмыстарын жүргізе алады. Екіншісі сол бізде тегін медицина әрбір науқас өзінің дәрілерін, учёт бойынша дәрілер болатын болса, немесе операцияларын тегін ала алады. Және үшінші, ол бізде барлығына жалпы былай қарастырылған, ол тегін жаңағындай профилактикалық жұмыстарды, скринингтерді жаңағындай қаралым кабинеттеріне кіре алады және де профилактикалық вакцинацияларды, привикаларды ала алады.
РКС: 2019 жылдан бері Қазақстанда 1300-ге жуық медицина нысаны қолданысқа берілді. Тұрғындардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жақындап қалды. Дүниежүзілік Банктің мәліметтеріне сәйкес еліміз Орталық Азия аймақтары арасында бұл көрсеткіш бойынша көш бастап тұр. Мемлекет мамандарды әлеуметтік қолдау шараларын ұлғайта отырып, медицина мамандығының беделін арттыруды жалғастырып келеді.
СНХ: НАРИМАН ЕРМЕК, ОБЛЫСТЫҚ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: 2022 жылдан бастап әлеуметтік қолдауға арналған төлемдер бір жарымнан сегіз жарым миллион теңгеге дейін өсті. Жыл басынан бері 28 дәрігер баспаналы болды. Мұндай шаралардан бөлек «Дипломмен-ауылға» бағдарламасы әлі жұмыс істеп тұр. Медицина қызметкерлеріне 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде көшу шығыны, және әкімшілік аудан орталықтарына келген мамандарға екі жарым мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде баспана сатып алуға бюджеттік несие беріледі. Ал ауылды жерлерге келген мамандарға 2 мың айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде төлем төленеді. Бұдан бөлек, әкімшілік бакалавриат пен интернатурада дәрігер мамандығына оқитындардың оқу ақысын да төлейді. 333 студент мемлекет есебінен білім алып жатыр.
РКС: Жаңа Конституцияның күшіне енуі отандық денсаулық сақтау жүйесін нығайту жолындағы тағы бір қадам. Заң әр азаматтың денсаулығын қорғау мен тегін медициналық көмекке құқығын бекітіп қана қоймайды, сонымен қатар саланың үздіксіз дамуы үшін берік құқықтық негізді қалыптастырады. Медициналық қызметтерге қолжетімділікті кеңейту, дәрігерлерді қолдау, жаңа нысандарды салу мен заманауи технологияларды енгізу медициналық көмектің сапасын жақсартуға ықпал етпек. Сонымен бірге ұлт денсаулығын нығайтуға және әрбір қазақстандықтың қорғалуына күш салады.
ИНДИРА СҰЛТАНОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ