ДИКТОР: Жарқайың ауданына қарасты Шойындыкөл ауылы - терең тарихымен, еңбекқор жұртымен және берік салт-дәстүрімен ерекшеленетін елді мекен. Биыл бұл ауылдың іргесі қаланғанына 65 жыл. Сонымен қатар ауыл мектебінің құрылғанына да 40 жыл. Ұлттық құндылықтарды арқау еткен, ауызбіршілігі жарасқан ауыл тұрғындары айтулы мерейтойды кең көлемде атап өтті.

РКС: Мерекелік бағдарлама Шойындыкөл негізгі мектебінен басталды. Салтанатты шараға осы білім ордасының 40 жылдық түлегі, қазақстандық танымал суретші, дизайнер әрі реставратор Алтыншаш Алпысбаева арнайы келіп, жеке шығармашылық көрмесін көпшілік назарына ұсынды.

СНХ: АЛТЫНШАШ АЛПЫСБАЕВА, СУРЕТШІ: Мен бұл мектепті 1986 жылы бітірдім. Мектеп қабырғасында жүрген кезімнен-ақ суретші болуды армандағанмын. Сол арманымды жүзеге асырудың сәті түсті. Бүгінде өнер менің өмірімнің ажырамас бөлігіне айналды. Туған ауылымның 65 жылдығына орай сыныптастарым мені өз картиналарымның көрмесін ұйымдастыруға шақырды. Бұл мен үшін үлкен құрмет, өйткені туындыларымның басым бөлігі туған жеріме, оның көркем табиғаты мен жүрегіме жақын мекендеріне арналған. Өз өлкеме деген барлық сезімімді шығармашылығыммен жеткіздім.

РКС: Мерейтой аясында Жарқайың ауданының әкімі Ербол Жүсіпбеков ауылдың материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 7 миллион теңгенің сертификатын табыс етті. Сонымен қатар аудан әкімінің атынан Шойындыкөл негізгі мектебіне тоңазытқыш, моноблок және принтер сынды қажетті техникалық құралдар тарту етілді. 

ИНТЕРШУМ: 

СНХ: МИХАИЛ БАКШЕЕВ, ШОЙЫНДЫКӨЛ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Бүгінгі күні бәріміз сирек болса да, бұрын осы жерде бірге тұрған жандар болып қайта бас қосып отырмыз. Осы ауылдың іргесін қалаған, оның дамуына еңбек сіңірген адамдарды еске алып отырмын. Солардың арқасында бүгінгі күні жаман емес, өте жақсы өмір сүріп келеміз. Мен өзім осы ауылда 51 жылдан бері тұрамын. Көргенім де, көңілге түйгенім де көп. Айтар әңгіме де, еске алар сәт те жетерлік.

РКС: Мереке барысында ауыл тұрғындары мен қонақтарына арналып киіз үйлер тігіліп, қазақтың ұлттық тағамдары ұсынылды. Ауылдың дамуына елеулі үлес қосып, қоғамдық өмірде белсенділігімен танылған бірқатар азамат аудан әкімінің Алғыс хаттарымен және бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Салтанатты шара соңы мерекелік концерт пен әсем отшашуға ұласты.

ИНТЕРШУМ: 

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, АРДАҚ ТІЛЕУҚАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ