ДИКТОР: Қосшыда алдағы жылу беру маусымына дайындық қызу. Қарқынды дамып келе жатқан шаһарда орталық қазандықтың қуатын арттыру жұмыстары қолға алынды. Аймақ басшысы Марат Ахметжанов жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.

РКС: Мұнда қазандықтардың бірі жаңартылып, оның қуаты 36 дан 56 гигакалорияға дейін ұлғаяды. Бұл жылу энергиясының қорын қалыптастырып, тұрғындарды тұрақты жылумен қамтамасыз етпек. Қазір мердігер ұйым №3 қазандықты толық бөлшектеп болған. Мамандар жаңа қазандықты орнату үшін оның іргетасын дайындап жатыр. 

СНХ: ШОҚАН ЫБЫРАЕВ, «АСИ ҚАЗАНДЫҚ» СЕРІКТЕСТІГІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Бүгінде қазандықта демонтаж жұмыстары бітті. Монтаж жұмыстары басталды. Рамная часть монтаждың жасалды. Электр сигналдары келді. Экран трубалары келді. Шілденің аяғына дейін қазақдықтың барлық бөлшектері келеді. Жылту маусымы басталғанда қазандық толық іске қосылады.  

РКС: Қалада жылу желілерін жаңғырту және жол инфрақұрылымын жөндеу жұмыстары да жалғасуда. «Алтын Дала» мен Яссауи көшелері аралығындағы жылу құбырының басым бөлігі жаңартылды. Республика көшесінде 6 шақырымнан асатын жол орташа жөнделуде. Жаяу жүргішілер жолы мен жарық жүйесі де жаңартылады. Жұмыстар бір айда аяқталмақ. Сонымен қатар аймақ басшысы Марат Ахметжанов жұмыстардың барысын тексерді.  

ИНТЕРШУМ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: 98 құдық көзін аштық.Тазартып, өздеріңіз көріп отырсыздар. Жаңбыр жауаса да, көктемдегі судың бәрі сол құдыққа кетеді. Әйтпесе су асфальт төсенішін бұзады. Тұрып қалған су ішіне кіреді де, енді құдықтар жолдың сапалы болуына өз ықпалын тигізеді. 

РКС: Бұдан бөлек қалада 350 орындық көпсалалы аурухана құрылысы жүргізілуде. Жоба аясында медицина қызметкерлеріне арналған 96 пәтерлік тұрғын үй мен пансионат салу жоспарланған. Құрылыс толық аяқталғаннан кейін 1000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Қазір сыртқы жұмыстар аяқталып, ішкі әрлеу мен инженерлік жүйелерді орнату жүріп жатыр. Нысанды келер жылы іске қосу көзделген.

СНХ: ӘДІЛЖАН ӘЛБАЗАРОВ, «VIAMEDIS QOSSHY» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ КЛИНИКАЛЫҚ ДИРЕКТОРЫ: Қазір тек ішкі әрлеу жұмыстары, ауыр медициналық жабдықтарды орнату жұмыстары ғана қалды. Нысанды келер жылдың басында тапсыру жоспарланған. Бірақ біздің жоспар бойынша оны осы жылдың соңына дейін ашуға тырысамыз. Клиника көпсалалы медициналық қызмет көрсетеді. Оның ішінде перзентхана, перинаталдық орталық, хирургия, травматология және жедел жәрдем қызметтері болады. Болашақта онкологиялық қызмет пен оңалту орталығын да ашу жоспарланып отыр.

РКС: Сонымен қатар 1500 оқушыға арналған жаңа мектептің құрылысы басталды. Жобаны «BI Group» компаниясы жүзеге асыруда.

СНХ: РУСЛАН ТОҚПАНБАЕВ, «BI GROUP» КОМПАНИЯСЫНЫҢ ӨКІЛІ: 4,5 гектар аумақта орналасатын ғимараттың көлемі 14 мың шаршы метрден асады. Нысанның қазіргі көрінісі осындай. Бүгінге дейін бір жарым мың текше метр бетон құйылды, сондай-ақ абаттандыру жұмыстары да жүргізілуде. Мұнда жоғары сынып оқушыларына арналған спорт алаңдары қарастырылған, ал кешкі уақытта бұл алаңдарды бастауыш сынып оқушылары пайдалана алады. Сонымен қатар барлық қажетті инфрақұрылымы бар автотұрақ та болады. Қоғамдық аймақтарда бірінші қабатта асхана, жоғары сыныптарға арналған шеберханалар және бастауыш сыныптар блогы қарастырылған. Жоба бойынша бастауыш және жоғары сынып оқушылары бөлек-бөлек блокта оқиды.

РКС: Сондай-ақ аймақ басшысы қаланың электрмен және газбен жабдықтау жүйелерін одан әрі дамытуға бағытталған жобалармен танысты. Бұл бастамалар Қосшының инженерлік инфрақұрылымын жаңғыртып, тұрғындарды тұрақты әрі сапалы коммуналдық қызметпен қамтамасыз етеді,-дейді жауапты мамандар.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ