ДИКТОР: Шілденің бірі - еліміздің конституциялық даму тарихындағы маңызды белес. Бүгін Қазақстанның жаңартылған Конституциясы ресми түрде күшіне енді. Жаңа Ата заң Преамбуладан, 11 бөлім мен 95 баптан тұрады. Құжатқа «Халық кеңесі» және «Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу» атты екі жаңа бөлім енгізіліп, төрт бөлімнің атауы жаңартылды. Өзгерістер Конституцияның барлық бөлімін қамтып, 77 бапқа түзетулер енгізілді. Осы тарихи оқиғаға орай облыс әкімдігінде аймақ басшысы Марат Ахметжановтың төрағалығымен әкімшілік отырыс өтті. Тақырыпты әріптесім Сәния Есімсейітова жалғастырады.

РКС: Жаңа Конституцияның заңды күшіне енуі - ел тарихындағы, ұлт тағдырына тікелей ықпал еткен маңызды тарихи белес. Ата Заңның қабылдануы қоғамның жаңғыруына серпін беріп, ауқымды қоғамдық-саяси реформалардың басталуына негіз қалады. Осы орайда, аймақ басшысы Марат Ахметжанов Конституцияның басты құндылығы - адам, оның құқықтары, бостандықтары мен қадір-қасиеті екенін атап өтті.

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Құжатта адамның негізгі құндылықтарына басымдық беріліп, еңбекқорлық, тәртіп, жауапкершілік және адамгершілік сондай бағыттарды көрсетіп, ең бастысы елдің дамуы, елдің тұрмысын жақсарту,тіпті қазіргі заманның құралдары да көрсетіліп жатыр. Конституцияда цифрландыру, жасанды интеллект сияқты заманауи бағыттарға да ерекше назар аударылған. Қазір көріп отырсыздар көш басында келе жатырмыз.

РКС: Сараптамалық алаңның басты мақсаты Жаңа Ата заңның негізгі ережелерін тәжірибелік тұрғыдан талқылау. Осы ретте республикалық Конституциялық реформа жөніндегі комиссия құрамында облыстық мәслихаттың төрағасы Бейбіт Жүсіпов белсенді жұмыс атқарған. Ол реформаны әзірлеу үдерісіне тікелей қатысып, тарихи маңызы бар конституциялық өзгерістердің қабылдануына үлес қосты.

СНХ: БЕЙБІТ ЖҮСІПОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Конституциялық реформа жөніндегі комиссия мүшесі ретінде мен Ата заңның негізгі ережелерін талқылауға қатысып, қоғамның жүргізіп жатқан өзгерісіне деген жоғарғы деңгейдегі қызығушылық танытқанына куә болдым. Көптеген кездесулер, сараптамалық пікірталастар мен қоғамдық консультациялар барысында азаматтар ғылыми қауымдастық өкілдері және азаматтық қоғам институттары елдің болашағына қатысты өз ұсыныстарын білдірді. Шын мәнінде Конституция адамзаттың мүддесі, әл-ауқаты және өзін-өзі жүзеге асыру мүмкіндіктерін орната алатын жаңа қоғамдық келісім. Ең алдымен жаңа бағдарламаның сипатын атап өткім келеді. Маңызды жетістіктердің бірі, әрбір азаматтың сапалы медициналық көмек ала алатын құқығын бекітті. Алғаш рет бұл норма Конституциялық деңгейде нақты түрде көрініс тауып отыр.

РКС: Жаңа Конституцияға енгізілген өзгерістерді әзірлеуге Конституциялық комиссиямен қатар қалың жұртшылық та белсене қатысты. Сондықтан сарапшылар бұл құжатты шын мәнінде халықтың таңдауымен қабылданған халықтық Конституция деп бағалайды. Бұл «Әділетті Қазақстанды» құру жолындағы нақты қадам. Өйткені Ата Заңның өзегінде әділдік, заң үстемдігі және адам құқықтарын қорғау қағидаттары жатыр.

СНХ: АРДАҚ ҚАПЫШЕВ, Ш.УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТЕІНІҢ ПРОРЕКТОРЫ: Кез келген Конституция құжат ретінде қабылдану үшін емес, ең алдымен адамдардың өмірін жақсарту үшін қабылданады. Осы қағида ең басты болу керек. Сондықтан жаңа Конституцияның басты мақсаты «Әділетті Қазақстан» қағидатын нығайту, Заң үстемдігін қамтамасыз ету. Заң үстемдігі қамтамасыз етілген жерде ғана әділдік орнайды. Ал әділдік бар жерде халықтың сенімі артады. Әрқайсымыз заңды құрметтеп, қоғамдық тәртіпті сақтап, еліміздің дамуына өз үлесімізді қосуға тиіспіз.

РКС: Жиын соңында аймақ басшысы Ақмола облыстық мәслихатының төрағасы Бейбіт Жүсіпов пен облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Қабдуәли Құлышевке Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жеке қолтаңбасы қойылған Ата заңның арнайы басылымын салтанатты түрде табыстады.

ИНТЕРШУМ: 

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК КӨКШЕ АҚПАРАТ