ДИКТОР: Аймақта 4 адам суға батып кеткен. Қайғылы оқиғалар өткен демалыс күндері Көкшетау, Қосшы қалалары мен Шортанды және Целиноград аудандарында болған. Қайғылы оқиғалардың басым бөлігі суға түсуге тыйым салынған жерде орын алған. Өз кезегінде мамандар тәулік бойы кезекшілік атқарып, демалушылар арасында түсіндіру жұмыстарын тоқтатқан емес.
РКС: Соған қарамастан, мас күйде суға сүңгіп, өмірін қатерге тіккендер тыйылар емес. Мәселен, жаз басталғалы қауіпсіздік талаптарын қаперден шығарған 200-ге жуық азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шаһардағы Қопа көлінде орын алған оқиғаның себебі де осыдан. 1982 жылы туған азамат достарыммен бірге көлдің тыйым салынған жерінде демалып, мас күйінде суға түскені анықталған. Бір сәттік бейқамдық - тағы бір адамның өмірін жалмады.
СНХ: ЕРСАЙЫН ҚОЙШЫБАЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙЛАР ЖӨНІНДЕГІ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ: Екінші жағдай Қосшы қаласына қарасты Тайтөбе ауылы маңындағы Сарқырама өзенінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, 1989 жылы туған ер адам достарымен бірге спирттік ішімдік ішіп, суға түскен. Қазір сот-медициналық сараптама тағайындалды. Ал үшінші оқиға Шортанды ауданындағы Төңкеріс ауылы маңындағы су толған карьерде тіркелді. Онда 2008 жылы туған жасөспірім суға кетті. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Сондай-ақ Целиноград ауданындағы Қаражат ауылы маңындағы демалыс аймағында 1988 жылы туған ер адам мас күйінде бассейнге құлап, көз жұмды. Осы ретте тұрғындарды судағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырамыз.
РКС: Ал шомылу маусымы басталғалы аймақта 11 адамның ажалы судан келген. Өңірде шомылуға рұқсат етілген 16 ресми өзен-көл бар. Қазір бұл аумақтарда бақылау күшейтілген. Рейдтік шараларға 150-ге жуық маман жұмылдырылып отыр.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ