ДИКТОР: Бір ай бұрын Көкшетауда қалалық жаңа жағажай ашылды. Заманауи демалыс аймағы аз уақыттың ішінде бос уақытты отбасымен өткізуге, достармен кездесуге және кешкі серуендеуге арналған танымал орынға айналды. Десе де, бүгінде демалушылардың қоғамдық орынға ұқыпсыз қарауының белгілері жиі байқалады. Жағажайда пластик бөтелкелер, пакеттер, тамақ қалдықтары, тіпті жеке бас гигиенасына арналған заттарды тастап кету жиілей түскен. Бұл әрекеттер жағажайдың әсем келбетін бұзып қана қоймай, қоршаған ортаға зиян келтіріп, адамдардың денсаулығына қауіп төндіретіні сөзсіз. 

РКС: Көкшетау - қала аумағында көлі мен жағалауы бар көрікті шаһардың бірі. Жыл сайын демалыс орындары жаңартылып, тұрғындарға қолайлы қоғамдық кеңістіктер пайда болуда. Бірақ, олардың тазалығын сақтауға бәрі бірдей жауапкершілікпен қарамайтыны өкінішті. Редакциямызға қала тұрғыны жолдаған бейнежазбада жағажайда шашылып жатқан пластик бөтелкелер мен өзге де қоқыстар анық көрінеді. Бұл - демалушылардың немқұрайлы әрекетінің салдары.

ШУМ: 

РКС: Жағажайға тұрақты келетін тұрғындар өзінен кейін қоқысты жинамай кететіндердің әрекетін жауапсыздық деп бағалайды. Айтуларынша, олар демалған орнын әрдайым таза қалдырып, табиғатты аялауға мән береді. Тұрғындар тазалықты сақтау – әр адамның мәдениеті мен азаматтық жауапкершілігінің көрінісі екенін айтады.

БЛИЦ: 

- Мұнда мен достарыммен жиі футбол ойнауға келемін, бірақ кейбір адамдар артынан қоқыс қалдырып кетеді. Менің ойымша, бұл дұрыс емес. Кейбіреулер ішімдік ішіп, шыны құтыларды да осында тастап кетеді, соның салдарынан қолайсыздық орын алатыны сөзсіз. Адамдар әйнектің сынығын басып кетіп, жарақат алуы да мүмкін ғой.

- Осы жерде демалып отырып, адамдардың өздерінен кейін қоқыс жинамай кетіп жатқанын байқап отырмын. Мен де осы жерде демаламын, біздің отбасымыз, жақындарымыз және айналамыздағы адамдар өзінен кейін қоқысты жинап, оны міндетті түрде өзімен бірге алып кетеді. Экологиялық мәдениетті қалыптастырпу маңызды. 

- Жағажайда жиі серуендеймін. Шезлонгтардың жанында қоқыс жиі шашылып жатады. Келушілердің көбі өздерінен кейін қоқыс қалдырып кетеді. Менің ойымша, бұл дұрыс емес, әркім өзінен кейін отырған, жүрген орнын тазалап кетуі тиіс. 

РКС: Тұрғын үй-коммуналдық қызметі мамандарының мәліметінше, жағалау аумағында тазалық жұмыстары күн сайын жүргізіледі. Бірақ, қазір жағажай аумағында екі ғана қоқыс жәшігі орнатылған, бұл өз кезегінде жеткіліксіз. Дегенмен бұл уақытша қолайсыздық екені айтылып, алдағы уақытта қоқыс жәшіктерінің санын көбейту жоспарланып отыр.

СНХ: МҰРАТ ҒАБДУЛЛИН, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ БӨЛІМІ БАСШЫСЫ ОРЫНБАСАРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Жағажай аумағында тазалық жұмыстары күніне үш рет жүргізіледі: таңғы сағат 8-де, түскі 2-де және кешкі 7-де. Сондай-ақ тұрмыстық қатты қалдықтарды жинауға арналған екі қоқыс контейнері орнатылған. Қоқысты «Таза Қызмет» компаниясы шығарып отырады. Бұл уақытша шара. Жуыр арада жағажай аумағын жеке меншікке немесе жалға беру жоспарланып отыр. Сол кезде нысанды толықтай сол ұйым күтіп-ұстайды: қоқыс жинау да, тұрмыстық қатты қалдықтарды шығару да толығымен олардың жауапкершілігінде болады. Уақытша орнатылған екі қоқыс жәшігінің саны кейіннен жаз мезгіліндегі келушілердің көптігі мен жүктемеге байланысты қайта қаралады. Бұл өзгеріс жағажай жалға берілгеннен кейін жүзеге асырылады.

РКС: Қосымша қоқыс жәшіктері орнатылғанымен, ең негізгі мәселе тұрғындардың жауапкершілігіне келіп тіреледі. Қоғамдық орындардың тазалығы әр адамның өзінен басталады. 

ИНДИРА СҰЛТАНОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ