ДИКТОР: Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде Құқық кафедрасы түлектерінің салтанатты диплом табыстау рәсімі өтті. Биыл 56 жас маман жоғары білім туралы диплом алып, жаңа өмір белесіне қадам басты. Жас заңгерлер ел игілігі үшін еңбек етіп, «Заң және тәртіп» қағидатын нығайтуға өз үлестерін қосады.

РКС: Элеонора Далабаева - өз легінің белсенді әрі талантты түлектерінің бірі. Университеттің қоғамдық өміріне белсене қатысқаны үшін оқу орнының Алғыс хатымен марапатталып, магистратурада білімін жалғастыруға шақырту алды. Бала кезінен-ақ ол Отанға қызмет етуді армандаған. Заңды терең меңгеріп, ел мүддесін мемлекеттік деңгейде қорғауды өзіне мақсат еткен.

СНХ: ЭЛЕОНОРА ДАЛАБАЕВА, ҚҰҚЫҚ КАФЕДРАСЫНЫҢ ТҮЛЕГІ: Заңгер мамандығында оқып, мен үшін үлкен абырой болып табылады. Себебі мен Қазақстанның көркейіп өсуін көремін келеді, Қазақстанның әділетті болғанын, әділетті Қазақстан болғанын қалаймын. Және де біздің құқық кафедрасы бізге арналып барлық жағдайларды жасаған. Біз заң талаптары аясында көптеген іс-шаралар өткіздік. Барлық құқық қорғау органдарымен жұмыс атқарамыз. Сот қызметкерлерімен жұмыс жүргіздік. Бізге бұл үлкен мүмкіндік, себебі қазіргі күнде бізді сол құқық қорғау органдарының барлығы жұмысқа шақыруда.

РКС: Университет өңірдегі салалық мекемелермен тығыз ынтымақтастық орнатқан. Соның арқасында студенттер оқу барысында-ақ алған білімдерін тәжірибеде қолдануға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, оқу орнында «Заң клиникасы» жұмыс істейді.

СНХ: МЕЙРАМГҮЛ ҚАРЖАУБАЙ, ҚР СОТ ӘКІМШІЛІГІ ОБЛЫСТЫҚ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Бүгінгі күні бізде облыстық сот пен осы жоғары оқу орны арасында меморандум жасалған. Меморандум аясында бізде студенттерге тәжірибеден өтуге, тәжірибеден кейін оқу аяқталғаннан кейін жұмысқа орналасуға мүмкіндіктер жасалған. Бүгінгі күні бізде сот штаттық кестесіне сәйкес, 305 мемлекеттік қызметші, 121 сот қызметкері жұмыс атқарып, оның ішінде 54 мемлекеттік қызметші, 9 судья осы Шоқан Уәлиханов университетінің түлектері болып табылады.

РКС: Құқық кафедрасының меңгерушісі өңірде білікті заңгерлерге сұраныс жоғары екенін айтты. Сондықтан университетте студенттердің тәжірибелік даярлығына ерекше көңіл бөлінеді.

СНХ: БАҒДАТ РАХМЕТУЛИНА, Ш. УӘЛИХАНОВ АТЫНДАҒЫ КӨКШЕТАУ УНИВЕРСИТЕТІ ҚҰҚЫҚ КАФЕДРАСЫНЫҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Қазір бізде тәжірибеге бағытталған оқыту жүйесі енгізілген. Біз облыстық полиция департаменті, экономикалық тергеп-тексеру департаменті және облыстық сотпен тұрақты ынтымақтастық байланыс орнатқанбыз. Біздің түлектер сол мекемелерге жұмысқа орналасады. Аймақтық университет болғандықтан, бізге аудандардан, қалалардан және басқа облыстардан студенттер келеді. Мысалы, Қазақстанның оңтүстік өңірінен, сондай-ақ Байқоңырдан келген студенттеріміз де бар. Бұл - біз үшін алғаш рет болып отырған жағдай. 

РКС: Жас мамандар үшін жаңа өмірлік кезең басталды. Енді олар университетте алған білімдерін тәжірибеде қолданып, кәсіби шеберлігін жетілдіріп, жауапкершілігі жоғары, адал маман ретінде азаматтардың құқықтарын қорғауға үлес қосады.

ИНДИРА СҰЛТАНОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, ПАВЕЛ СОЛОВЬЁВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.