ДИКТОР: Қоғам игілігі жолында жанашырлық танытып, өз еркімен қан тапсырып, адам өмірін сақтап қалуға үлес қосып жүрген 11 ақмолалық азаматқа алғыс білдіріліп, арнайы марапаттар табысталды. Бұл шара донорлардың қоғам алдындағы маңызды еңбегін дәріптеп, қайырымдылық пен ізгіліктің құндылығын насихаттауға бағытталды. 

ИНТЕРШУМ: 

РКС: Донорлар қатарында әртүрлі мамандық өкілдері мен түрлі жастағы азаматтар бар. Олар қан тапсыруды жай ғана игі іс емес, өмірлік ұстаным мен ізгі дәстүрге айналдырған жандар. Солардың бірі Бауыржан Ыбраев. Ол 88 рет қан тапсырып, талай адамның өміріне араша болған абзал жан.

СНХ: БАУЫРЖАН ЫБЫРАЕВ, ДОНОР: 18 жыл донор болып жүрмін. Қолыңнан келгенше кісілерге көмек жасау керек. Енді мен өзімді бақытты адам деп санаймын. Неге десеңіздер? Денсаулықтың арқасында , көңілдің арқасында көмек жасап, қаныммен бөліскеніме мен өте қуаныштымын. 

РКС: Облыстық қан орталығы аймақтағы 25 медициналық ұйымды қан және оның компоненттерімен үздіксіз қамтамасыз етіп отыр. Бұл өз кезегінде шұғыл операциялар жасауға, ауыр науқастарға дер кезінде көмек көрсетуге, өзге ауыр жағдайда туындайтын асқынулардың алдын алуға және адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік береді. Орталықтың тұрақты жұмысы мен донорлардың белсенді қолдауы өңірдің денсаулық сақтау жүйесінің тиімді үлес қосуда.

СНХ: ЕРМЕК МҰХАМЕДИЕВ, ОБЛЫСТЫҚ ҚАН ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: Жыл сайын Қан орталығына шамамен 5 мыңға жуық донор қан тапсырады. Кейбір донорлар 1 жыл ішінде бірнеше рет қан тапсыратындықтан, жалпы қан тапсыру саны 8 мыңнан асады. Ал жыл сайын қан және оның компоненттері шамамен 2 мың науқасқа құйылады. Бір адамға медициналық көмек кезінде бірнеше рет қан құйылатындықтан, жалпы қан құю саны 12 мыңға жуықтайды. 

РКС: Сонғы жылдары донорларға берілетін өтемақы көлемінің айтарлықтай артты. Бүгінде Ақмола облысында бұл төлем мөлшері республика бойынша ең жоғары деңгейлердің бірін құрап, 2 айлық есептік көрсеткішке жетті. Бұл донорлық қозғалысты қолдауға және азаматтарды ерікті түрде қан тапсыруға ынталандыруға бағытталған маңызды қадам.

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ