ДИКТОР: Енді тазалыққа немқұрайлы қарау қымбатқа түсуі мүмкін. Шілденің бірінен бастап елімізде абаттандырудың жаңа қағидалары күшіне енеді. Құжатқа сәйкес, әрбір меншік иесі өз нысанына іргелес жатқан кемінде 5 метрлік аумақтың тазалығы мен күтіміне жауап береді. 

STAND-UP: СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ТІЛШІ: Бұрын кейбіреулер "Бұл менің жерім емес" деп құтылатын. Енді олай болмайды. Үйіңіздің немесе дүкеніңіздің айналасындағы бес метр аумақ та сіздің жауапкершілігіңізде. Мына арамшөптер де енді назардан тыс қалмауы керек. Өсіп кетсе, шауып отыру қажет. Қыс келсе қарын тазалайсыз, жаз келсе шөбін шабасыз. Бір сөзбен айтқанда, үй иесі болу енді шағын коммуналдық қызметтің басшысымен бірдей.

СНХ: ДИАНА АХТАЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Мен жеке сектор тұрғыны ретінде бұл жаңа талаптың енгізілуін дұрыс деп санаймын. Себебі біздің шағын ауданда кейбір тұрғындар өз үйлерінің маңына да қоқыс тастап жатады. Көпшілігі кейін тазаламайды, өз аумағына күтім жасамайды. Сондықтан бұл талаптың енгізілуі бізге таза ортада өмір сүруге мүмкіндік береді деп ойлаймын. Әр тұрғын өз үйінің айналасына жауапкершілікпен қарап, тәртіп пен тазалықты сақтауға үйренетін еді.

СНХ: РОЗА ШАХМАТОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Әр үйдің алдында кемінде 5 метр жерді таза ұстау керек деп ойлаймын. Әр тұрғын өз үйінің алдындағы аумақты өзі жинап, тазалық сақтаса, қала да таза болады. Үйіміздің ауласы үнемі таза болуы керек. Қазір көп жерді шөп басып кеткен, оны шауып тастау керек. Бұталар мен қоқыстар жиналып қалады да, уақытында тазаланбайды. Сондықтан әр адам өз аумағына жауапты болуы керек. Ал егер кейбіреулер тазаламаса, онда айыппұл салған дұрыс деп ойлаймын. 

РКС: Жаңа талаптардың орындалуын жергілікті атқарушы органдар бақылауға алады. Әсіресе жеке сектор тұрғындарына қойылатын талап күшеймек. Аумақтың тазалығы ғана емес, үйдің сыртқы келбеті мен қоршаулардың жағдайы да енді басты назарда болмақ. Шекара талаптары бұзыла отырып орнатылған қоршауларға да жол берілмейді. Мұндай жағдайлар анықталса, меншік иелеріне ескерту жасалып, кемшіліктерді түзету міндеттеледі.

СНХ: БАХТИЯР ШАБДАНОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Құжатқа сәйкес жеке тұрғын үйлердің иелері ғимараттардың сырты, қоршаулар мен дуалдардың, сондай-ақ жер пайдалану шегіндегі басқа да құрылыстардың тиісті жағдайын қамтамасыз етуге міндетті. Олар уақытылы жөндеу жұмыстарын жүргізіп, сырлап отыруы керек. Сондай-ақ тұрғын үйлерде үй нөмірлік белгілері болуы және оларды жарамды күйде ұстауы қажет. Жер телімін белгіленген шекаралар шегінде тәртіппен ұстап, оған тиесілі аумақтың санитарлық жағдайын қамтамасыз етуі тиіс. Сонымен қатар, ол аумақты қоқыстан тазалап, арам шөптер мен карантиндік өсімдіктерді уақтылы шауып, жою жұмыстарын жүргізуі қажет.

 РКС: Шілденің 1-нен бастап тазалыққа салғырт қараудың құны қымбаттай түседі. Енді өз ауласы мен қоғамдық кеңістіктің тазалығына жауапсыз қарағандар заң алдында жауап береді. Жаңартылған талаптарды бұзған азаматтарға 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни, 86500 теңге айыппұл қарастырылған. Ал заң бұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл көлемі 30 айлық есептік көрсеткіш, яғни 129 750 мың теңгеге дейін өседі.  

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ