ДИКТОР: Қазақстан полициясы күніне орай ұйымдастырылған ауқымды марафонға 500 адам қатысты. Олар 5 шақырымдық қашықтықты бағындырды. Жарыс Жаңа жағалау аумағында өткен марафон құқық қорғау органдарының қызметкерлерін, кәсіби спортшыларды және әуесқой желаяқтардыдың басын қосты. Спорттық шара мерекелік көңіл-күй сыйлап қана қоймай, қатысушылардың бірлігі мен төзімділігін де шыңдай түсті. 

ИНТЕРШУМ: 

РКС: Ауқымды шара Көкшетауда осымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Биыл бұл марафон «Арлан» спорт клубының ашылуы мен халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орайластырылды. 

СНХ: РҮСТЕМ МУРЗИН, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСҚАРМА БАСТЫҒЫ: Осы сәтті пайдалана отырып, полиция қызметкерлерін алда келе жатқан кәсіби мерекемен құттықтаймын. Баршаңызға зор денсаулық, отбасы амандығын, ұзақ ғұмыр, қызметте табыс пен кәсіби өсім тілеймін. Ел тыныштығы жолындағы еңбектеріңізге сәттілік серік болсын!

РКС: Көкшетауда өткен ауқымды спорттық шара аясында арнайы көрме ұйымдастырылды. Онда келушілерге полиция қызметінде қолданылатын арнайы құрал-жабдықтар таныстырылды. Әсіресе қызметтік иттерге ерекше қызығушылық байқалды. Тәртіп сақшыларының айтуынша, төрт аяқты көмекшілер күнделікті іздестіру жұмыстарына қатысып, тыйым салынған заттарды анықтауға және адамдарды іздеуге жәрдемдеседі. Олар қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.

СНХ: ЕДІЛ БЕЙҒАЛИН, КІШІ ИНСПЕКТОР-КИНОЛОГ: Ит жарылғыш заттарды анықтау және іздеу қызметін атқарады. Міндетін жоғары деңгейде орындайды. Менде бельгиялық малинуа тұқымды овчарка бар, ол өте белсенді әрі іздестіруге бейім ит. Мұндай қызметтік иттер негізінен арнайы бөлімшелерде кеңінен қолданылады.

РКС: Жарыс қорытындысы бойынша мәреге бірінші болып мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Мерген» спорт клубының тәрбиеленушісі Владислав Гришин жетті. Есту қабілетінің нашарлығына қарамастан, жас спортшы 4 жылдан бері жеңіл атлетикамен айналысып, түрлі жарыста жоғары нәтиже көрсетіп келеді.

СНХ: ВЛАДИСЛАВ ГРИШИН, ЖАРЫС ЖЕҢІМПАЗЫ: Жүгіріп келе жатқанымда қатысушылар өте көп болды. Басында алдымда өзімнен үлкен екі желаяқ болды, мен үшінші болып келе жаттым. Кейін бір қарсыласымды басып оздым, ал мәреге шамамен бір шақырым қалған кезде жылдамдығымды арттырып, екінші қарсыласымды да қуып жеттім. Мәреге жақын тұста бар күшімді салдым. Сол сәтте екінші тынысым ашылғандай болды. Нәтижесінде алдыңғы көшбасшыны да басып озып, бірінші орын алдым. Өте қатты қуандым!

РКС: Қыздар арасында Минура Иважанова ең үздік нәтиже көрсетті. Ол 10 жылдан бері шаңғы жарысымен кәсіби түрде айналысып келеді. Мұндай шаралар өте маңызды, өйткені олар бұқара арасында салауатты әрі белсенді өмір салтын кеңінен насихаттауға ықпал етеді, - дейді спортшы.

СНХ: МИНУРА ИВАЖАНОВА, ЖАРЫС ЖЕҢІМПАЗЫ: Мен бұқаралық спорттың дамып жатқанына қуаныштымын. Жыл сайын әуесқой спортшылардың саны артып келеді. Бұрынғы жылдармен салыстырсақ, спортпен айналысатындардың саны әлдеқайда аз болатын. Қазір спорт клубтары ашылып, бұқаралық спорттық шаралар да жиі өткізіліп жүр.

РКС: Марафон қала тұрғындары үшін жарқын спорттық оқиға ғана емес, қатысушылардың еркін пікір алмасып, тәжірибе бөлісетін алаңына айналды. Ұйымдастырушылар мұндай бастамалар жастарды салауатты өмір салтын ұстануға ынталандырып, бұқаралық спорттың дамуына тың серпін беретініне сенімді. 

ИНДИРА СҰЛТАНОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КОКШЕ АКПАРАТ