ДИКТОР: Жазғы демалыс маусымында шетел асып, саяхаттап немесе интернет арқылы тауарға тапсырыс беретіндердің қатары көбейген шақта кедендік талаптарды білу маңызды. Себебі белгіленген лимиттен асқан әр тауар үшін қосымша төлем қарастырылған. Ал ережені елемеу күтпеген шығынға әкелуі мүмкін. Мемлекеттік кірістер департаменті тұрғындарға тауарларды Қазақстан аумағына әкелу тәртібін тағы бір мәрте еске салды.
РКС: Шекарадан өтетін әр тауардың тәртібі бар. Жеке пайдалануға арналған заттар үшін жеңілдетілген талаптар қарастырылғанымен, олардың құны мен салмағына қатысты нақты шектеулер белгіленген. Бұл талаптар Еуразиялық экономикалық одаққа мүше емес мемлекеттерден әкелінетін тауарларға қолданылады. Азаматтар белгіленген нормаларды алдын ала білген жағдайда артық төлем мен уақыт жоғалтудан құтылады.
СНХ: АБАЙ ШӘЙКЕНОВ, «КӨКШЕТАУ КЕДЕНДІК РӘСІМДЕУ ОРТАЛЫҒЫ» КЕДЕН БЕКЕТІНІҢ БАСТЫҒЫ: Жеке пайдалануға арналған тауарларды әкелу тәртібі - жеке тұлғалардың тауарларды ел аумағына кедендік баж салығын төлемей немесе белгіленген нормалардан асқан жағдайда тиісті кедендік төлемдерді төлей отырып әкелуін реттейтін қағидалар жиынтығы. Мұндай тауарлар сатуға немесе кәсіпкерлік қызметке арналмайды, олар азаматтың немесе оның отбасының жеке қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін пайдаланылады. Жеке пайдалануға арналған тауарларды мемлекеттік шекараны жеке өзі кесіп өткен кезде, пошта жөнелтілімдері арқылы, сондай-ақ багажда, қол жүгінде немесе көлік құралымен бірге алып өтуге болады.
РКС: Мамандар әсіресе құрлық және әуе жолымен келетін жолаушылар үшін белгіленген нормаларға назар аударуға шақырады. Өйткені екі бағыттағы талаптар әртүрлі. Егер тауардың құны немесе салмағы рұқсат етілген мөлшерден асып кетсе, онда қосымша кедендік төлемдер қарастырылады. Сондықтан сатып алынған заттардың жалпы құнын есептеп жүрген жөн.
СНХ: АБАЙ ШӘЙКЕНОВ, «КӨКШЕТАУ КЕДЕНДІК РӘСІМДЕУ ОРТАЛЫҒЫ» КЕДЕН БЕКЕТІНІҢ БАСТЫҒЫ: 500 еуродан және салмағы 25 кг-нан аспайтын тауарларды кедендік төлемсіз әкелуге болады. Егер бұл шектерден асып кеткен жағдайда, артық соманың 30 проценті мөлшерінде, бірақ нормадан асқан әр келі үшін кемінде 4 еуро көлемінде кедендік баж салығы төленеді. Әуе көлігімен мемлекеттік шекараны кесіп өткен кезде құны 10 000 еуроға дейінгі және салмағы 50 келіге дейінгі тауарларды кедендік төлемсіз әкелуге рұқсат етіледі. Белгіленген лимиттен асқан жағдайда, артық құнның 30 процент мөлшерінде, бірақ әрбір артық килограмм үшін кемінде 4 еуро көлемінде кедендік баж салығы алынады. Халықаралық пошта жөнелтілімдері арқылы алынатын тауарлар үшін бір жеке тұлғаға арналған тауарлардың құны 200 еуродан, ал салмағы 31 кг-нан аспауы тиіс. Бұл нормалардан асқан жағдайда, артық құнның 15 процент мөлшерінде, бірақ нормадан асқан әрбір килограмм үшін кемінде 2 еуро көлемінде кедендік баж салығы төленеді.
РКС: Соңғы жылдары шетелдік маркетплейстерден тауар алдыру кең таралған. Жеке тұлғалардың халықаралық интернет сауда арқылы келген тауарларын кедендік рәсімдеу арнайы «Кеден» ақпараттық жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Барлық кедендік рәсімді электрондық сауда операторлары, оның ішінде «Қазпошта» мен курьерлік қызметтер атқарады. Кеден шекарасынан өтуге қатысты нақты ақпарат алу үшін азаматтар 1414 бірыңғай байланыс орталығының көмегіне жүгіне алады.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ