ДИКТОР: Ақмола өңірінде аптап ыстық апта бойы басылар емес. Күннің күрт ысуына байланысты қала тұрғындары салқындық іздеп, Қопа көлін жағалауда. Демалыс аймағы күн сайын демалушыларға лық толы. «Қазгидромет» мамандары алдағы аптада да сынап бағанасы 30 градустан жоғары болады деп болжам отыр. Алайда аптап ыстықтың зардабы да жоқ емес. Дәрігерлердің айтуынша, соңғы күндері күн өту, қан қысымының көтерілуі сияқты әлсіздік белгілерімен медициналық көмекке жүгінгендердің саны артқан. 

РКС: Облыстық көпбейінді ауруханаға соңғы күндері шамамен 20-30 адам аптап ыстықтың салдарынан туындаған қан қысымының көтерілуі, бас айналу, жалпы әлсіздік және мұрыннан қан кету белгілеріне шағымданады. Мамандардың сөзінше, ауа температурасының жоғарылауы әсіресе созылмалы ауруы бар адамдар үшін қауіпті. Сақтық шараларын сақтамау жүрек-қан тамырлары, тыныс алу жүйесі және басқа да созылмалы сырқаттардың асқынуына әкелуі мүмкін,-дейді ақ халаттылар.

СНХ: АЙЯ ӘЛІБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМШЕ МЕҢГЕРУШІСІ: Аптап ыстық кезінде адамдар салқындау үшін көбіне суық сусындар ішіп немесе кондиционерді пайдаланады. Соның салдарынан суық тию белгілері жиі байқалады. Бұл әсіресе созылмалы тамақ ауруымен ауыратын науқастарға тән. Оларда тамақтың ауыруы, жөтел, дене қызуының көтерілуі сияқты белгілер пайда болып, кей жағдайда температура 40 градусқа дейін жетуі мүмкін. Мұндай науқастар медициналық көмекке жиі жүгініп, ем қабылдауға мәжбүр болады. Бұдан бөлек, тонзиллиттің асқыну қаупі де жоғары. Салдарынан паратонзиллярлық абсцесс дамуы мүмкін. 

РКС:Дәрігерлер мұндай жағдайда бірқатар сақтық шараларын қатаң сақтау қажет екенін ерекше атап өтеді.

СНХ: АЙЯ ӘЛІБАЕВА, ОБЛЫСТЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМШЕ МЕҢГЕРУШІСІ: Ыстықтан бірден суық ортаға өтпеу керек. Оның орнына ағзаға жайлы, қолайлы температураны таңдап, соны сақтаған жөн. Сонымен қатар, сусындарды бөлме температурасына жақын күйде тұтыну ұсынылады. Егер бас ауыруы, бас айналу, жүріс кезінде теңселу сияқты белгілер байқалса, ең алдымен артериялық қан қысымын өлшеу қажет. Қан қысымы 170 және одан жоғары көтерілген жағдайда, жедел жәрдем шақырған дұрыс.

РКС: Аптап ыстықтың денсаулыққа тигізер зардабы жоғары екенін біле тұра, қала тұрғындары Қопа көлінің жағалауына ағылуда. Олар ыстық күннен көлдің салқын самалында сая тауып, демалуда. Тұрғындардың айтуынша, мұндай ауа райы көлге шомылуға қолайлы. 

СНХ: АЙЗАТ ШӘРІПОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Ауа райының ыстығына байланысты, балалармен үйде отыру мүмкін емес. Сондықтан 2-3 күнде бір осылай көлдің жағасына әкеліп отырамыз. Міндетті түрде сақтық шараларын сақтаймыз. Балаларды көзден таса қылмай қарап отырамыз. Және жазғы уақытты тиімді өткізуге тырысамыз.

СНХ:ТОРҒЫН ҚАПАНОВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Жетпіске келдік. Жолдасым 73-те. Жарты күн жатырмыз. Қазір күн ыстық болады. Сағат 1-ден 4-ке дейін болмау керек далада. 4-тен кейін қайтардан шығуға болады. 

РКС: Жаздың жайма шуақты күндерінде ауа температурасының 30 градустан жоғары болуы шілде айына дейін сақтала ма, әлде өзгерістер күтіле ме? Бұл сауалға «Қазгидромет» маманы жауап берді. 

СНХ: ГҮЛЖАН БАЙМҰҚАНОВА, «ҚАЗГИДРОМЕТ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ЕӘСІПОРНЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ИНЖЕНЕР-СИНОПТИГІ: Алдағы күндері Ақмола облысының аумағында оңтүстік жылы циклонның ықпалы сақталып, ол аптап ыстықпен қатар жүреді. 20–23 маусым аралығында күндіз ауа температурасы 30–35 градусқа дейін көтеріледі. Сонымен қатар облыстың батысында, солтүстігінде және оңтүстігінде өткінші жаңбыр жауып, найзағай ойнап, екпінді жел соғуы мүмкін, кей жерлерде бұршақ жаууы ықтимал. Онкүндіктің соңына қарай ауа температурасы аздап төмендейді. 

РКС: Осылайша, алдағы күндері де өңірде ыстықтың екпіні сақталады. Дегенмен, кей аймақтарда ауа райы құбылмалы болады. Мамандар тұрғындарға жазғы демалысты жақсы өткізе отыра, ауа райының өзгерісін ескеріп, сақтық шараларын қатаң ұстануға кеңес береді. 

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ