ДИКТОР: Дәрігер болу - жай ғана мамандық иесі атану емес, адам өмірі мен денсаулығына деген зор жауапкершілікті арқалау. Ақ халатты абзал жандар күн сайын халық саулығының сақшысы болып, мыңдаған жанға үміт сыйлап келеді. Солардың бірі - облыстық көпбейінді ауруханасы физиотерапия бөлімшесінің меңгерушісі Райхан Сәрсенова. Өз ғұмырын науқастардың сауығып, өмір сапасын жақсартуға арнаған білікті дәрігердің еңбегі әріптестері мен пациенттерінің зор құрметіне ие.
РКС: Райхан Сәрсенованың медицина саласын таңдауына дәрігер болып қызмет атқарған әпкесі ықпал еткен. Еңбек жолын облыстық туберкулезге қарсы диспансерде бастаған маман кейін Айыртау ауданында жұмыс істеді. Ал 2017 жылдан бері облыстық ауруханада қызмет атқарып келеді. Қазір физиотерапия бөлімшесінің меңгерушісі әрі облыстың штаттан тыс бас реабилитологы. Жиырма жылдан астам тәжірибесі бар дәрігердің айтуынша, мамандықтағы басты міндет - әр науқасқа жеке тәсіл тауып, сапалы көмек көрсету.
СНХ: РАЙХАН СӘРСЕНОВА, ОБЛЫСТЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАСЫ ФИЗИОТЕРАПИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Біріншіден, науқастардың жағдайы әралуан, түрлі диагнозбен келеді. Екіншіден, өте ауыр халдегі пациенттер де бар, тіпті трахеостомасы бар науқастар да оңалтуға қабылданады. Олардың ішінде төсекке таңылған, тұруға, жүруге, тіпті отыруға шамасы келмейтін жандар кездеседі. Сондықтан емдеу үдерісі ең қарапайым қадамдардан басталады: науқастарды қайтадан отыруға, жүруге, қозғала білуге үйретеміз. Біртіндеп өз-өзіне қызмет ету дағдыларын қалыптастырамыз. Бұл - әр науқастың өмір сапасын қалпына келтірудегі маңызды кезең.
РКС: Әріптестері Райхан Есләмқызын шыншыл әрі талапшыл басшы ретінде жоғары бағалайды. Жауапты қызмет тізгінін ұстағанына қарамастан, ол әрдайым қолдау көрсетуге, ақыл-кеңес беруге және мол кәсіби тәжірибесімен бөлісуге дайын жан ретінде ерекшеленеді.
СНХ: РИЗАГҮЛ МҰХАМЕДЖАНОВА, ОБЛЫСТЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАСЫНЫҢ НЕВРОПАТОЛОГ-ДӘРІГЕРІ: Райхан Есләмқызымен бірге алты жылдай бірге жұмыс істеп келемін. Ол менің тәлімгерім әрі әрдайым байланыста болып, ауыр науқастарды емдеуде қолдау көрсетіп, мол кәсіби тәжірибесімен бөлісіп отырады. Мейірімділік пен адалдықтың жарқын үлгісіне айналған, әріптестеріне үлгі болып жүрген жан. Оған қарап бой түзеген абзал.
РКС: Райхан Сәрсенова үшін ең үлкен марапат - алғыс хаттар мен түрлі мадақтама емес. Оның шынайы қуанышы - сауығып, қайта аяққа тұрған науқастар. Жақында ғана өздігінен бір қадам да жасай алмаймын деп сенбеген жандардың қайта жүріп кеткенін көру - оның еңбегінің жемісі. Пациенттердің алғысын естіген сәтте ол өз өмірлік таңдауының дұрыс екеніне тағы бір мәрте көз жеткізеді.
СНХ: РАЙХАН СӘРСЕНОВА, ОБЛЫСТЫҚ КӨПБЕЙІНДІ АУРУХАНАСЫ ФИЗИОТЕРАПИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Ең бастысы - алғыс білдіретін пациенттер мен өз еңбегіміздің нәтижесін көру. Науқастардың ризашылығы - біз үшін өте маңызды әрі үлкен мотивация.
РКС: Денсаулық сақтау жүйесінің тірегі - Райхан Сәрсенова сынды білікті мамандар. Көп жылдық тәжірибе, жоғары кәсібилік және өз ісіне деген адалдықтың арқасында денсаулығын қалпына келтіріп, белсенді өмірге оралған мыңдаған пациент бар. Осындай дәрігерлердің еңбегінің нәтижесінде өңірде осы сала дамып, халықтың медициналық көмекке деген сенімі арта түсуде.
ИНДИРА СҰЛТАНОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.