ДИКТОР: Көкшетаудағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінің ауласы бүгінде шағын ботаникалық бақты еске салады. Мұнда 80-ге жуық сан алуан ағаш пен бұтақ жайқалып өсіп, айналаға ерекше көрік беріп тұр. Бұл игі істің бастауында қос қария Валентин мен Валентина Василевичтердің табанды еңбегі жатыр. Осыдан шамамен 15 жыл бұрын олардың қолымен отырғызылған жас көшеттер бүгінде тамырын тереңге жайған, саясы мол алып ағашқа айналған.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Бүгінде бұл аула тұрғындардың тынығып, балалардың шаттана асыр салатын сүйікті мекені. Алайда мұндай көркем көрініс өздігінен қалыптасқан жоқ. Әрбір гүл мен бұтаның артында жылдар бойы төгілген еңбек пен маңдай тер жатыр. Валентин мен Валентина Василевичтердің отау құрғанына 60 жылға таяған. Көпқабатты тұрғын үйге қоныстанғанына 10 жылдан асты. Бұған дейін жер үйде тұрып, бау-бақша өсіріп, айналасын күтіп-баптауға әбден машықтанған жандар жаңа мекенге көшкен соң да қол қусырып отыра алмапты.
СНХ: ВАЛЕНТИН ВАСИЛЕВИЧ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Бұл жер бұрын бос болатын. Көліктер ары-бері қатынап, айнала батпақ пен қоқысқа толы еді. Осында көшіп келген кезде менде тіркемесі бар көлік болатын. Сол көлікпен мына жерден 1 тіркеме толы бос бөтелке шығарып тастадық. Содан кейін айналаны біртіндеп ретке келтіре бастадық. Пәтердің ішін жөндеу жұмыстарымен қатар аулаға ағаш отырғызуды да қолға алдық. Дәл сол кезде мұнда жаяу жүргіншілер жолы салынып жатқан еді. Мен бәрін ой елегінен өткізіп, тротуардың бойына ағаш отырғызу керек деген шешімге келдім.Міне, осылар ең алғаш отырғызылған ағаштар. 13 жыл өтті. Мына қайыңдар, балқарағайлар, ана жақтағы қарағаштар, үйеңкілер мен шағандар байқасаңыздар түр-түрі бар. Олардың көшеттерін арнайы таңдап алдым, ауланың алды алуан ағашқа толы болсын деп.
РКС:Валентина апай да ауланың ажарын кіргізуге бар күшін жұмсап келеді. Ол гүлдердің сан түрін егіп, бақ ішін алуан түске бөлеп, ерекше сән береді. Таң шапағы қылаң бере салысымен қос қария күнделікті тірлігіне кіріседі. Әр талдың жағдайын бақылап, әр гүлді суарып, түбін қопсытып, күтімін жасайды. Жасыл желекке жан бітірген жандар үшін бұл жай ғана еңбек емес, өмір салтына айналған игі дәстүр.
СНХ:ВАЛЕНТИНА ВАСИЛЕВИЧ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Гүлзарларды атамыз жасап шықса, гүлдерді өз қолыммен отырғыздым. Күн сайын суарып, күтіп-баптап жүреміз. Тұрғындардың қолдауымен аулаға су тартылып, еңбегіміз біршама жеңілдеді. Алдағы уақытта тағы да жаңа көшеттер отырғызуды жоспарлап отырмыз. Әсіресе емен ағаштары өте сирек кездеседі. Өкінішке қарай, иттер бір көшетімізді кеміріп, бүлдіріп кетті. Әр ағаштың өзіне тән күтімі бар. Мысалы, шетен ағашы ерекше күтімді қажет етеді, ол өте нәзік келеді. Ал қарағайлардың тамыр жаюы қиын болғандықтан, кейде оларды бірнеше рет қайта отырғызуға тура келеді.
РКС:Ынтымақ пен табандылықтың арқасында гүлденген бұл аула көпшілікке табиғатты аялаудың жарқын үлгісін көрсетіп тұр. Алайда атқарылған ауқымды жұмысқа қарамастан, әлі де шешімін күткен түйткілдер жоқ емес.
STAND-UP: РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ТІЛШІ: Қоршаған ортасына бей-жай қарамайтын қос қария жылдар бойы ағаш отырғызып үйдің маңын жасыл желекке айналдырған. Енді осы еңбектің жемісін сақтап қалу үшін тұрғындар қоршау қажет дейді. Өйткені, қолдан қазылған қазықпен уақытша тартылған арқан мәселенің шешімі емес.
СНХ: ЕСЕНҒАЛИ БЕГАЛИН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Келген бетте бәрі ашық, кісілердің барлығы тура жүреді. Валентин Иванович надо какие-то меры принять дедім. Сосын ол кісі ана жақта бос жатқан оградтарды алып келіп қоршады. Өз қолымен өзі қоршап, өзі істеді.Өткен жолы әкіммен кездесу болғанда айтқым келіп еді дейді. Халық көп болды айталмадым дейді. Мына шөберектерді алып тастап дұрыс істеу керек еді ғой.
РКС:Жасыл аймақты қорғап, ретке келтіру үшін шамамен 300 метр қоршау орнату қажет. Бұл бір жағынан өсімдіктердің сақталуына сеп және аула келбетінің одан әрі көркеюіне жол ашар еді. Сонымен қатар, балалардың шат күлкісі үзілмейтін ойын алаңындағы құрылғылар да әбден тозған. Қауіпсіздік пен қолайлылықты талап ететін бұл мәселе де тұрғындарды алаңдатып отыр. 200-ден астам тұрғыны бар көпқабатты үйдің иелері өз қолдарымен көркейткен аулаға жаңа тыныс беріліп, қордаланған мәселелер оң шешімін тапса екен дейді. Ал жылдар бойы жас ұрпаққа тағылым боларлық жасыл мекен жасақтап, оған жан бітірген қос қарияның еңбегі қандай құрметке де лайық.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ