ДИКТОР: Жас мемлекеттік қызметшілер кәсіби мереке қарсаңында сарапшылармен кездесіп, заңнамаға енгізілген жаңашылдықтарды талқылады. «Мемлекеттік қызметтің жаңа тынысы: кәсібилік, ашықтық, әдептілік» тақырыбында өткен бұл басқосу өңірдегі жас мамандардың әлеуетін арттыруға және мемлекеттік аппаратты жаңғырту мәселелеріне арналды.

РКС: Кездесуде жас мемлекеттік қызметшілерге заманауи жастардың әлеуеті, мемлекеттік қызмет саласындағы цифрлық трансформация бағыттары талқыланды. Қазір Мемлекеттік қызметте цифрлық технологиялар қарқынды енгізіліп жатыр. Жасанды интеллект азаматтардан келіп түсетін өтініштерді өңдеп, оларды талдау арқылы жауапты органдарға нақты ұсыныстар береді. Бұл жүйе өңірлердегі проблемалық аймақтарды дер кезінде анықтап, мемлекеттік органдардың жұмысын тиімді жоспарлауға жол ашады,-дейді мамандар.

СНХ: БАУЫРЖАН МАМАНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ЦИФРЛАНДЫРУ ЖӘНЕ АРХИВТЕР БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Цифрландыру заманында цифрлық агенттер мемлекеттік қызметшілерге үлкен көмек көрсететін маңызды құрал. Олар халықтың өмірін жеңілдету мақсатында жұмыс істеп, мемлекеттік қызмет сапасын арттыруға ықпал етуде.Бүгінде Smart Aqmola ақпараттық жүйесінде 4 жасанды интеллект агенті жұмыс істейді. Олар суперкомпьютердің қуатын пайдалана отырып, өңірдегі деректерді өңдеп, талдау жүргізеді. Бұл өз кезегінде барлық процестің тиімділігін арттырып, азаматтар үшін көрсетілетін қызмет сапасын жақсартады. Өңірде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және коммуналдық қызметтер бойынша өтініштерді қабылдайтын AI KOMEK 109 бірыңғай байланыс орталығы жұмыс істейді. Бұл жүйе азаматтардың барлық өтініштерін тіркеп, тиісті уәкілетті органдарға жолдайды. Соның нәтижесінде қай аумақтарда қандай мәселелер жиі кездесетіні анықталып, мемлекеттік органдарға нақты ұсыныстар беріледі. 

РКС: Жас мемлекеттік қызметшілер кәсіби ортада тәжірибе алмасып, мемлекеттік қызмет саласындағы жаңашылдықтарды меңгеруге бағытталған кездесулерге белсенді қатысуда. Соның бірі - Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бас маманы Анаргүл Достахина. Ол мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп жүргеніне 9 ай ғана өтсе де, осы уақыт аралығында саланың қыр-сырын меңгеріп, кәсіби бағытта қалыптасып үлгерген.

СНХ: АНАРГҮЛ ДОСТАХИНА, ОБЛЫСТЫҚ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК БАҒДАРЛАМАЛАРДЫ ҮЙЛЕСТІРУ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: Осы іс-шара жас мемлекеттік қызметшілер үшін аға буын әріптестерінің тәжірибесін үйренуге тамаша мүмкіндік. Мұндай іс-шаралардағы сабақтастық мемлекеттік қызметшілер үшін аса маңызды. Өйткені мемлекеттік қызмет ең алдымен халық алдындағы жауапкершілік. Осындай шараларға қатысу мемлекеттік аппараттың кәсіби деңгейін арттыруға және мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін дамытады деп ойлаймын.

 РКС: Мемлекеттік қызметке қабылдау жүйесіне соңғы жылдары бірқатар өзгеріс енгізілген. Бұрын үміткерлер тестілеу, сандық логика және әңгімелесу кезеңдерінен өтсе, енді жаңа талап бойынша қосымша практикалық тапсырмаларды орындау кезеңі енгізілді. Аталған өзгеріс үміткердің нақты жағдайдағы кәсіби шешім қабылдау қабілетін бағалауға бағытталған. Кездесу барысында жас мамандарға осы жаңа талаптардың мәні мен маңызы түсіндіріліп, мемлекеттік қызметке іріктеу үдерісінің тиімділігі атап өтілді.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ