ДИКТОР: Ақмола облысында тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар құрылысына жергілікті компаниялар белсенді түрде қатысып келеді. Елде мемлекеттік сатып алу жүйесін жетілдіру жұмыстары жалғасуда. Заманауи технологиялар мен цифрландыру процестерді неғұрлым тиімді әрі ашық етуге мүмкіндік беріп отыр. Жергілікті мердігерлерге басымдық берілуде. Былтыр Қазақстанда отандық тауар өндірушілермен жасалған келісім-шарттардың жалпы көлемі шамамен 25 процент артты. Тендер өткізу мерзімдері қалай өзгерді? Жасанды интеллект шешім қабылдау үдерісіне қандай ықпал етіп отыр? Тілші баяндасын.

РКС: Жыл басынан бері отандық тауарлардың шыққан тегін растайтын қағаз түріндегі сертификаттар алынып тасталды. Мемлекеттік сатып алудағы барлық жеңілдік енді қазақстандық өндірушілердің цифрлық тізілімі арқылы ғана қолжетімді. Сондай-ақ сатып алудың мүлде жаңа тәсілі – электронды дүкен енгізілді. Ұлттық тауарлар каталогының жұмысына жасанды интеллект моделі қосылды. Бұл деректер базасында 15 миллионға жуық позиция сақталған. Нарықта айналымда жүрген әр өнімге цифрлық паспорт беріледі. Сарапшылардың айтуынша, жаңа ережелер айтарлықтай нәтиже беріп отыр.

СНХ: ДӘРИЯ СҰЛТАНҒАЗИЕВА, ОБЛЫСТЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК САТЫП АЛУ ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ МЕНШІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ: Өтінімдерді қабылдау мерзімі қысқартылды. Бұрын өтінімдерді қабылдау 15 күнді құраса, қазір ол 5 жұмыс күніне дейін азайтылды. Соңғы енгізілген жаңалықтың бірі – рейтингілік-баллдық жүйе. Бұл жүйеде мерзім 5 жұмыс күнінен 3 жұмыс күніне дейін қысқартылды. Бүгінде үдерістер толық цифрландырылған. Конкурс комиссиясы қатыспайды, көрсеткіштерге адам әсер етпейді. Барлық есептеуді портал автоматты түрде жүргізіп, жеңімпазды өзі анықтайды. Рейтингілік-баллдық жүйе аясында конкурс нәтижелеріне шағымдану мүмкіндігі қарастырылмаған.

РКС: Ақмола облысының тұрғындары мемлекеттік сатып алудың жаңа тәртібінің артықшылықтарын алғашқылардың бірі болып сезінді. Өткен жылдың қаңтарында көпфункционалды спорт кешенін салуға қатысты келісім-шарт жеңілдетілген ережелер негізінде жасалды. Мердігер конкурс жеңімпазы атанып, небәрі 6 күн ішінде анықталды. Бар-жоғы 5 айдан кейін жергілікті компания нысанды толықтай пайдалануға берді. Бұл – рейтингілік-баллдық жүйені қолданудың бір мысалы. Жүйеде адал, сапалы әрі тәжірибелі жергілікті жеткізушілерге басымдық беріледі.

СНХ: ДӘУРЕН КЕҢБЕЙІЛ, ҚР ҚАРЖЫ ВИЦЕ-МИНИСТРІ: Рейтингілік-баллдық жүйенің негізгі өлшемдеріне жұмыс тәжірибесі, компанияның қаржылық тұрақтылық деңгейі, белгілі бір әкімшілік-аумақтық бірлікке тиесілілігі және өзге де факторлар кіреді. Салыстырмалы түрде айтқанда, бұл заң қабылданғанға дейін конкурс рәсімдері кемінде 60 күнге созылатын. Рейтингілік-баллдық жүйе енгізілгеннен кейін бұл үдеріс орта есеппен 5 күн ішінде аяқталды. Ал рейтинг қолданылмайтын әдеттегі конкурстар шамамен 10 жұмыс күніне дейін созылады.

РКС: Нарыққа қатысушылардың технологиялық мүмкіндіктері мен жауапкершілігі күшейтілді. Талаптарды бұзған мердігерлер автоматты түрде шара қолданылады. Беделі төмен жеткізушілер жаңа өтінім берген кездегі конкурстық бағалауда қосымша ұпайдан қағылады. Мемлекеттік сатып алудың жаңа ережелері бюрократиялық рәсімдерді жеңілдетіп, мерзімді қысқартты. Бұл реформа отандық тауар өндірушілерді қолдап, жергілікті өндірістің дамуын ынталандырады.

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, ВЕРОНИКА ЦВЕТКОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ.