ДИКТОР: Жаһандық нарықта бәсеке күшейіп, тұтынушы талғамы күн сайын өзгеріп жатқан тұста, ұлттық нақышты сақтап, заманауи сәнмен ұштастырып жүрген отандық өндірушілер де өз орнын нықтап келеді. Бүгінде аймақта 17 жеңіл өнеркәсіп кәсіпорны жұмыс істейді. Олар тоқыма бұйымдарын, аяқ киім, киіз және қаптама материалдарын өндірумен айналысады. Сала өңір экономикасының маңызды бағыттарының біріне айналып, тұрақты өсімді де көрсетіп отыр. Мәселен, жыл басынан бері өндірілген өнім көлемі 5 миллиард теңгеден асқан. Жеңіл өнеркәсіп қызметкерлері күні қарсаңында арнамыздың түсірілім тобы «Ақай» сән үйінің жұмысымен танысып қайтты.
РКС: Тігіншілік - үлкен ептілік пен шығармашылықты қажет ететін мамандық. Көкшетаулық кәсіпкер Ғалия Алдабергенова бұл саланың қыр-сырын терең меңгерген жан. Қарапайым тігін машинасынан басталған іс бүгінде табысты кәсіпке, танылған брендке айналып үлгерді. 20 жылдан астам нарықта өз орнын қалыптастырған сән үйі - мектеп формасынан бастап ұлттық нақыштағы киімдерге дейін пішіп шығарады.
СНХ: ҒАЛИЯ АЛДАБЕРГЕНОВА, СӘН ҮЙІНІҢ БАСШЫСЫ: Біз әдемі дүние жасаған сәтте рухани әрі эмоциялық қанағат аламыз. Әсіресе, адамдар өз алғысын білдіріп, еңбегімізді бағалап жатса, одан үлкен шабыт аламыз. Бұл - менің өміріммен біте қайнасқан іс. Декреттік демалыста да тігіншілікті тоқтатқан емеспін. Қай жерде болсам да, жанымнан ине мен жіп үзілген емес.
РКС: Бүгінде сән үйінде ондаған маман еңбек етеді. Олар әр тұтынушының талғамына сай өнім әзірлеуге атсалысып келеді. Мұндағы шеберлердің қолынан шыққан киімдер тек өңірде ғана емес, еліміздің түкпір-түкпіріне жөнелтіледі. Дизайнер Әсем Қалихайдарова сән үйі ашылған сәттен еңбек етіп келеді. Ол ұлттық ою-өрнекті заманауи сәнмен ұштастырып, әр бұйымға қазақы рух пен ерекшелік дарытады. Сандық технологиялар енгізілген соң оның жұмысы да жаңа деңгейге көтерілген. Эскиздер жылдам әзірленіп, үлгілер дәл жасалып, шығармашылық мүмкіндіктер кеңейе түсті,-дейді.
СНХ: ӘСЕМ ҚАЛИХАЙДАРОВА, ДИЗАЙНЕР: Клиент өз эскизімен келгенде, мен оған өз ұсынысымды айтамын. Кеңес беремін. Сонымен қатар, қалыңдық киімдерімен көп жұмыс істеймін. «Қыз ұзату» мен тойға арналған киімдерді жиі тігеміз. Қаламыздағы тамадалардың көбі де бізге жүгінеді.
РКС: Дегенмен, бұл кәсіптің өзіне тән қызығы да, қиындығы да бар. Бүгінде нарықты арзан әрі жаппай өндірілетін масс-маркет өнімдері жаулап алған тұста, отандық өндірушілер үшін бәсекеге төтеп беру оңай емес. Осындай жағдайда сапаға, ұлттық нақышқа және даралыққа басымдық берген жергілікті кәсіпорындар осылайша тұтынушы сеніміне ие болып келеді.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА , СӘНИЯ ИДРИСОВА, КӨКШЕ АҚПАРАТ