ДИКТОР: Облыстық әдебиет және өнер музейінде Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, Ұлттық дизайн академиясының академигі, суретші Ибрагим Исаның жеке шығармашылық көрмесі өтті. Қылқаламды жасанды интеллектпен байланыстыруға машықтанып жатқан өнер иесінің туындыларын Кеңес кезінде әскери борыштарын Германия жерінде өтеген аға буын өкілдері тамашалады.
РКС: Жергілікті қылқалам шеберінің майлы бояумен салған жеке адамның портреттері адамның назарын бірден өзіне аударады. Бұл өнер түрін түсінетін адам портрет салу қиынның қиыны екенін біледі. Өйткені адамның бет-әлпетін дәл беру оңай дүние емес. Әр сызаты, әр әжімі, жүзіндегі өзіне тән ерекшеліктерін анық жеткізу шебердің шеберінің ғана қолынан келеді. Адамның бойында сезімталдық қасиет те жоғары болуы тиіс.
СНХ: ИБРАГИМ ИСА, ҚАЗАҚСТАН СУРЕТШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ: Ең жақсы көріп істейтін жанрым, бұл портрет жанры. Мінездеме портрет дейді. Адамның бет әлпетінен адамды тануға болады, ішкі дүниесін. Көз арқылы, ерін мимикасы, түр әлпетінен психологический портрет дейді ғой. Негізі портрет пен натюрмортпен жұмыс істеймін. Бүгінгі көрмеде ардагерлердің мінездеме портреттері. Жастары әр түрлі болса да мақсаттары бір ¬жастарға тәрбие беру.
РКС: Көрмені тамашалауға келген бұрынғы кеңес әскерінің сарбаздары, бүгінгі аға буын өкілдері Отан алдындағы борышын адал атқарған жандар. Кейінгі толқынға айтары бар азаматтар. Әрбірі бала өсіріп, немере сүйіп отырған отағалары. Суретші Ибрагим Иса да солардың сапында шекара күзетінде қырағы тұрған жігіт ағасы. Портреттерінде де сол жігіттердің бейнесі.
СНХ: ЖАСҰЛАН ЫСҚАҚОВ, КЕҢЕС ӘСКЕРЛЕРІНІҢ ГЕРМАНИЯДАҒЫ ТОБЫ БІРЛЕСТІГІНІҢ ЖЕТЕКШІСІ: Біздің ең үлкен мақсат, жас балаларды тәрбиелеу. Ата-бабамыз қорғап қалған жерлерді қорғаушы ретінде мектептерге барып ашық сабақтарға қатынасып, тәрбие беріп жатырмыз балаларға. Олар да ел қорғаушы болсын деген жолмен жүріп жатырмыз.
РКС: Ибрагим Иса ұлттық нақыштағы суреттерді де көп салады. Басты мақсаты қазақ халқының бойындағы жақсы қасиеттерді сурет арқылы жас ұрпаққа жеткізу және халықтың эстетикалық талғамын қалыптастыру.
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ