ДИКТОР: Державинск қаласында белсенді ұзақ өмір орталығы ашылды. Салтанатты шараға Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов қатысты. Жаңа орталық аға буын өкілдерінің белсенді өмір салтын қолдауға бағытталған. Мұнда зейнеткерлер мен қарттар денсаулығын нығайтып, шығармашылық қабілеттерін дамытады. Сонымен бірге түрлі үйірмелерге қатысады, бос уақытын мазмұнды әрі пайдалы өткізуге арнайды.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Орталықта келушілердің уақытын жайлы өткізуі үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Мұнда заманауи жаттығу залы, бильярд, үстел теннисі және йога кабинеті жұмыс істейді. Сонымен қатар вокал үйірмесі, ұлттық қолөнер шеберханалары, шахмат пен дойбы ойнауға арналған арнайы аймақтар қарастырылған. Бұдан бөлек, шеберлік сағаттары, тақырыптық кездесулер мен түрлі мәдени-танымдық іс-шаралар ұйымдастырылады. Орталықтың алғашқы келушілерінің бірі – зейнеткер Салтанат Оспанова. Оның айтуынша, жаңа кеңістік бос уақытты мазмұнды өткізуге ғана емес, өмірлік тәжірибені қала жастарына жеткізіп, ұрпақтар сабақтастығын жалғасстыруға да мол мүмкіндік береді.
СНХ: САЛТАНАТ ОСПАНОВА, ДЕРЖАВИНСК ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Мынау ашылған орталық бізге өте өмірімізге байлық, денсаулық беріп жатыр. Мынау қолөнерімізді, білгенімізді мына жастарға үйрету үшін осы орталыққа келіп, осы жастарға білгенімізді – оюымызды, тоқымамызды, барлығысын осы жастарға үйрету үшін келіп отырмыз.
Кейінгі жастар білсін осыны: қазағымыздың қандай өнерлері бар екенін, қандай білімдері бар екенін, қандай ою-өрнектері бар екенін.
РКС: Белсенді ұзақ өмір орталығы балалар музыка мектебі және балалар шығармашылық орталығымен бір ғимаратта орналасқан. Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжановтың айтуынша, мұндай шешімнің символдық мәні зор. Балалар мен жасөспірімдердің өмірге құштарлығы мен қуатты энергиясы аға буынға серпін берсе, ал қариялардың өмірлік тәжірибесі, ақыл-парасаты мен өнегесі жастар үшін құнды тәрбие мектебіне айналады.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы мен балалар шығармашылық орталығы – бұл қос қанат іспетті. Бір жағынан, өскелең ұрпақты тәрбиелеу болса, екінші жағынан – аға буынның өмірлік тәжірибесін, терең білімін және даналығын кейінгі ұрпаққа жеткізу. Кейде ұрпақтар арасындағы байланыс әлсіреп қалатыны бар. Біздің ересек буын кейде жастарды мүлде бөлек деп қабылдаймыз. Ал бүгін біз жастардың қаншалықты талантты екенін, үлкендердің қаншалықты дана екенін көріп отырмыз. Осындай орталықтың ашылғанына өте қуаныштымын. Баршаңызды тағы да құттықтап, осы іске атсалысқан аудан басшылығына, қатысып отырған барлық ақсақалдарға және белсенді азаматтарға алғысымды білдіремін.
РКС: Белсенді ұзақ өмір орталығы күніне шамамен 20 келушіні қабылдай алады. Орталық қызметін пайдаланушылармен екі маман жұмыс істейді.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, КАРИНА СУЛЕЙМАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ