ДИКТОР: Аршалы ауданында қайта жөндеуден өткен теміржол вокзалы пайдалануға берілді. Нысан еліміздің темір жол инфрақұрылымын жаңғырту мемлекеттік бағдарламасы аясында толығымен жаңартылды. Жаңа вокзал жолаушылар үшін кең, заманауи әрі ыңғайлы нысанның біріне айналды.
РКС: Аудан тұрғындары үшін бұл жай ғана көлік нысаны емес. Аршалы станциясы ондаған жылдық тарихы бар ғимарат. Көптеген жергілікті тұрғын теміржол бойында жылдар бойы еңбек еткен. Шойын жол саласында қырық жылдан аса еңбек еткен жанның бірі - Серікбай Әбжанов.
СНХ: СЕРІКБАЙ ӘБЖАНОВ, ТЕМІРЖОЛ САЛАСЫНЫҢ АРДАГЕРІ: 1965 жылдан бері теміржолда еңбек еттім. Мектеп бітіріп, бірден осы салаға жұмысқа тұрдым. Тоғызыншы станцияда жұмыс істеп, диспетчер, жедел технология саласында қызмет еттім. Жас кезімізде осы жерден әскерге аттандық, онда ескі вокзал болатын. Ғимараттың жаңартылуы біз үшін үлкен мереке. Осындай үлкен міндет қойған құрылысшылар мен темір жол басшыларына алғысымды айтқым келеді. Тек бізде ғана емес, барлық станцияларда көптеген өзгерістер болып жатыр. Осы жерге келгенде көңіліміз көтеріліп, өзгерістерді көріп, қуанып қаламыз.
РКС: Теміржол вокзалы 1945 жылы салынған. Қайта құру барысында ескі ғимарат толығымен бұзылып, жаңасы тұрғызылды. Оның ауданы 80 шаршы метрге ұлғайды. Бұл жолаушылар үшін күту залын едәуір кеңейтуге мүмкіндік берді. Бүгінде мұнда ана мен бала бөлмесі, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған арнайы бөлме мен санитарлық орындар қарастырылған. Вокзал заманауи инженерлік жүйелермен жабдықталған және қауіпсіздік талаптарына сай келеді.
СНХ: АБАЙ БЕКБАЕВ, АРШАЛЫ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Ауданымызда күрделі жөндеуден кейін вокзалдың пайдалануға берілуі біз үшін үлкен қуаныш. Қайта жаңарту мемлекет басшысының 124 вокзалды жаңғырту және салу жөніндегі тапсырмасы шеңберінде жүргізілді. Аршалы вокзалы - бұл өте маңызды көлік күретамыры, ол ауданды еліміздің басқа өңірлерімен байланыстырады. Біздің вокзал арқылы тәулігіне 12 жолаушылар поезы, екі электр поезы өтіп, жүздеген жолаушыларға қызмет көрсетеді.
РКС: Жаңартылған вокзал жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттырып, жол жүруді ыңғайлы етеді. Мұнда аудан тұрғындары мен өңір қонақтары үшін заманауи жағдайлар жасалған. Бұл күні Сарыоба ауылында да теміржол вокзалы ашылды. Мұнда жаңа ғимарат салынып, инженерлік желілер мен жолаушылар перроны жаңартылды. Қайта жаңарған вокзалдар өңірдің көлік инфрақұрылымын дамытудың маңызды бөлігіне айналуда.
МАҚПАЛ АЙБАБИНА, ЛАУРА ФАЙЗУЛЛА, САБЫР ШЕРИЯЗДАНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ.