ДИКТОР: Биыл Қосшы қаласы үшін мерейлі жыл. Осыдан бес жыл бұрын елді мекенге облыстық маңызы бар қала мәртебесі берілді. Осы кезеңде Қосшы ауқымды өзгерістерді бастан өткеріп, бүгінде қарқынды құрылыс, өндіріс пен инвестиция тоғысқан шаһарға айналды. Мерейтой аясында қалада кең көлемді мерекелік шара өтіп, қазақстандық эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Қосшының бес жылдағы даму белесі туралы әріптесім Жанар Мұқышева баяндайды.

РКС: Кезінде шағын ғана ауыл болған Қосшы бүгінде мүлде басқа келбетке ие. Қазір бұл - 100 мыңнан астам тұрғыны бар, күн сайын қанатын кеңейтіп келе жатқан қала. Бұл өзгерістерді жергілікті халық анық сезінеді. Рәзия Мұрабаева Қосшыға осыдан 20 жыл бұрын қоныс аударған. Айтуынша, қала мәртебесін алғаннан кейін елді мекеннің келбеті түбегейлі өзгеріп, халықтың тұрмыс сапасы айтарлықтай жақсарған.

СНХ: РӘЗИЯ МҰРАБАЕВА, ҚОСШЫ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Осы жылдардың ішінде қанша өзгерістер болды. Бірінші орында халықтың жағдайы жақсарды. Қосшы қаласы болғалы мына мәдениет үйі салынып, балаларға, кәрі пенсионерлерге, нашар отбасыларға үлкен көмек жәрдем көрсетіліп жатыр. Осы 4-5 жылдың аралығында барлығын үй-жаймен қамтамасыз етіп жатыр. 

РКС: Расында, нәтижелі жұмыстар аз емес. Соңғы үш жылда әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға 600-ге жуық пәтер берілді. Он жылдан астам уақыт баспанасын күткен 100-ден астам үлескердің мәселесі толық шешімін тапты. Сонымен қатар инженерлік инфрақұрылым жүйесі де кезең-кезеңімен жаңартылып келеді. Былтыр шаһарды газдандырудың алғашқы кезеңі іске қосылса, мерейтой аясында «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының екінші және үшінші кезеңі пайдалануға берілді. Мұнда жалпы ұзындығы 356 шақырым болатын газ желісі тартылды. Осылайша, 112 мыңнан астам тұрғын көгілдір отынмен қамтылды. 

ИНТЕРШУМ: 

СНХ: ЕРЖАН БАЛАБЕКОВ, «QAZAQGAZ AIMAQ» АҚ АСТАНА ӨНДІРІСТІК ФИЛИАЛЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Жалпы 14700 абонент санына есептелген газ құбырлары. Оның ішінде бүгінгі таңда 1300-ге жуық абонент газға қосылды. 

РКС: Халық саны артып келеді. Сондықтан шаһарда әлеуметтік инфрақұрылым да қарқын алған. Биыл тәулігіне 1 мың адамды қабылдай алатын жаңа емхана пайдалануға берілді. Сондай-ақ қазір 350 орындық көпбейінді аурухана салынып жатыр. Мұнда диагностикадан бастап күрделі хирургиялық оталарға дейінгі заманауи медициналық қызмет көрсетіледі. Аурухана толық іске қосылса, 1 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. 

СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Былтыр қаланың Бас жоспары бекітілді. Үкіметтің қаулысымен. Бүгінгі таңда осы аралықта 4 мектеп салынды үлкен. Қазір екі, үш ауысымды сабақ жоқ. Біраз балабақшалар салынды. Қоғамдық, мәдени, спорт орталығы бойы көтерді. Жаңа мектептер салынып жатыр. Үлкен аурухана мен емхана бой көтеріп жатыр. Сондықтан Президенттің қойып отырған талаптары, тапсырмасы, халықтың әлеуметтьік жағдайын жақсарту мақсатында жасалып жатқан іс-шараның бір айқын көрінісі. 

РКС: Шаһардың экономикалық әлеуеті де артып келеді. Соңғы бес жылда қалаға 200 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. Қазір мұнда «Aqmola» индустриялық аймағы құрылып, жалпы құны 365 миллиард теңгені құрайтын 7 инвестициялық жоба жүзеге асырылып жатыр. 

СНХ: ЕРНАР ЖӘРКЕШОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: Жалпы инвестициялық көлемі 365 млрд тьеңгені құрайтын өңдеу өнеркәсібіне үлкен басымдық беріп отырмыз. Мұның ішінде шетелдік инвесторлар бар, қазақстандық инвесторлар бар. Оның ішінде құрылыс материалдар, ауыл шаруашылығына арналған дрондарды жасайтын зауыттар, автобөлшектер, мына Қытай зауыттарының, машина брендтерінің бөлшектерін жасайтын зауыттар да іске қосылатын болады. Және Ақмола облысы Астана қаласының азық-түлік белдеуі болғандықтан осы жерде өңдеу өнеркәсібі, жалпы ауыл шаруашылығы саласында да басқа да инвест жобалар бой көтеретін болады. Бұл жобалар іске қосылса, 4 мыңға жуық адам тұрақты жұмыспен қамтылады. 

РКС: Бес жыл бұрын қала мәртебесін алған Қосшы бүгінде елорда агломерациясының ең қарқынды дамып келе жатқан орталықтарының біріне айналды. Бастысы - бұл өзгерістердің шынайы нәтижесін халық сезініп отыр. Осылайша, Қосшы алғашқы 5 жылдық белесін нақты нәтижелермен қорытындылап, жаңа даму кезеңіне қадам басты. Қала күніне арналған мерекелік шара қазақстандық эстрада жұлдыздарының қатысуымен өткен гала-концертпен түйінделді.

ИНТЕРШУМ: 

ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ