ДИКТОР: Көкшетаудағы «Бірлік» шағын ауданында жол инфрақұрылымын дамыту жұмыстары жалғасуда. Жаңа көшелердің тұрғындары жолдарға асфальт төселіп, жаяу жүргіншілер жолының салынуын асыға күтуде. Қазір жоба әзірленіп, мемлекеттік сараптамадан өтуде.

РКС: Жол инфрақұрылымының жоқтығы жергілікті тұрғындарға едәуір қолайсыздық туғызуда. Соның салдарынан шағын аудан ішінде қатынау қиынға соғады. Сондықтан тұрғындар жаңа көшелердің жақын арада асфальтталатынына сенімдіміз дейді.

СНХ: БАЛТАБАЙ СҮЛЕЙМЕНОВ, «БІРЛІК» ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Бізге жол салынып, асфальт төселсе дейміз. Өйткені қыркүйектің 1-нен бастап балалар мектепке қатынайды. Жаңбыр жауса, жолдың бәрі лай болып кетеді. Балалар мектептен киімдері мен аяқ киімдері балшыққа былғанып келеді. Ең алдымен негізгі көшеге асфальт төселсе екен. Бұл көшенің әзірге атауы да жоқ. Қазір біз оны «4-ші позиция» деп атаймыз. Болашақта көшеге атау беріліп, толыққанды жол салынса деген тілегіміз бар.

РКС: Жыл өткен сайын шағын ауданды одан әрі абаттандыру қажеттілігі артып келеді,-дейді тұрғындар. Бұл оларға қолайлы жағдай жасаумен ғана шектелмей, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және қауіпсіздікті қамтамасыз етуге де ықпал етеді.

СНХ: РОЗА АЛДАБЕРГЕНОВА, «БІРЛІК» ШАҒЫН АУДАНЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Күзде, қар еріген кезде, төселген щебеньнің өзі езіліп, айналаның бәрі батпақ болып кетеді. Сол кезде балалардың мектепке баруы қиын. Біз сияқты сексеннен асқан әжелерге де автобусқа жету оңай емес. Автобустар бір- бір жарым шақырым қашықтықта тоқтайды.

РКС: Жергілікті билік өкілдері шағын аудандағы бес көшеге орташа жөндеу жүргізу жобасы әзірленгенін алға тартты. Келер жылы «Бірлік» шағын ауданындағы көшелерге асфальт төселеді.

СНХ: ЕРБОЛАТ СЕРІКБАЕВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Қазір аталған көшелерге орташа жөндеу жүргізу жобасы әзірленді. Жоба мердігер жобалау ұйымы тарапынан дайындалып, бүгінде мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Жоба аясында ені 5 метр болатын асфальт жол төсеу, көшенің бір жағынан жаяу жүргіншілер жолын салу, сондай-ақ әрбір тұрғын үйге кіреберіс тұсына су өткізу құбырларын орнату жоспарланған. Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін, аталған көшелерді жөндеуге қажетті қаражат бөлу үшін 2027 жылға арналған бюджеттік өтінім ұсынылады.

РКС: Шағын ауданда көше атауы көрсетілген тақтайшаларды орнататын мердігер ұйым анықталған. Сонымен қатар, биыл Көкшетауда қаланың әртүрлі аудандарында жол инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, алдағы уақытта жаңа жобалар аясында іске асады.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЛАУРА ФАЙЗУЛЛА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ