ДИКТОР: Жазғы демалыс тек тынығатын уақыт емес. Бұл - жаңа кітап оқып, жаңа ойға жол табатын кезең. Осы мақсатта «Оқуға құштар мектеп» жобасы жүзеге асырылған. Жоба аясында Көкшетау қалалық балалар және жасөспірімдер үлгілі кітапханасы да мектеп оқушыларына жазғы оқу бағдарламасындағы әдебиеттерді ұсынып, жас оқырмандардың бос уақытын мазмұнды өткізуіне жағдай жасап келеді.

РКС: Балаға берілетін ең құнды сыйлық - кітап. Себебі әр оқылған шығарма - жаңа ойға бастар баспалдақ. Сондықтан кітапханада тек міндетті оқу тізімімен шектелмей, жас оқырмандардың қызығушылығына қарай түрлі жанрдағы әдебиеттер де ұсынылады. Бұл олардың кітап оқуға деген ынтасын сақтап, таным көкжиегін кеңейтуге ықпал етеді,-дейді кітапхана қызметкерлері.

СНХ: МӘДИНА ҚАМЗИНА, КІТАПХАНА ҚЫЗМЕТКЕРІ: Жаз мезгілінде Орталық қалалық балалар және жасөспірімдер үлгілі кітапханасына мектеп оқушылары өте көп келеді. Олар жазғы оқу бағдарламасына енгізілген шығармаларды іздеп, кітапханамыздан үйге оқуға алады. Біз әр оқушыға қажетті әдебиетті тауып беруге көмектесіп, шығарманың қолжетімді нұсқасын ұсынамыз. Егер сұраныс жоғары болса, балама басылымдарды ұсынып, оқырмандарға кеңес береміз. Жазғы оқу бағдарламасы оқушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын сақтап, оқу дағдысын дамытуға үлкен мүмкіндік. Ал біздің кітапхана балалардың қажетті әдебиетке қол жеткізуіне жағдай жасап, оларды кітап оқуға ынталандыру бағытында үздіксіз жұмыс істейді. Сондықтан барлық оқушыларды кітапханамызға келіп, жазғы оқу тізіміндегі кітаптарды алуға шақырамыз.

РКС: Жоба аясында оқушылар жазғы уақытта мектеп бағдарламасындағы шығармалар мен көркем әдебиеттерді қызыға оқиды. Балалардың айтуынша, кітаппен өткізген уақыт телефонға телміргеннен әлдеқайда қызықты.

СНХ: АЛИША ӘДІЛБЕК, КІТАПХАНА ОҚЫРМАНЫ: Мен бұл жерге жиі келемін. Кітапханаға келгенді жақсы көремін, өйткені көп нәрсе үйренемін, өзімді дамытамын. Сонымен қатар жаңа оқу жылына дайындаламын. Сондықтан өз қатарластарыма да кітапханаға келіп, көп кітап оқуға кеңес беремін.

СНХ: ЖАНЫМ НҰРЛАН, КІТАПХАНА ОҚЫРМАНЫ: Маған осы кітапханаға келген ұнайды. Мұнда келіп кітаптар оқимын. Әсіресе қазақша кітаптарды жақсы көремін. Сондықтан бұл жерге күнде келемін.

РКС: Қазір кітапхана қорында 20 мыңнан астам көркем әдебиет пен 20-дан аса мерзімді басылым бар. Кітап қоры тоқсан сайын жаңа туындылармен толықтырылып отырады. Сонымен қатар, бастауыш сынып оқушыларынан бастап студенттерге дейін арналған оқулықтар да жеткілікті. Жазғы демалыс кезінде бұл әдебиеттер оқушылардың жаңа оқу жылына дайындалуына мүмкіндік беріп, қажетті оқулықтар уақытша пайдалануға ұсынылады.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ