ДИКТОР: Зеренді ауданы Мәлік Ғабдуллин ауылдық округіне қарасты елді мекендердегі негізгі мектептерге ағымдағы жөндеу жүргізіліп, жаңа оқу жылында оқушыларды қабылдауға дайын тұр. Әлі де сыры кеппеген, шағын да жайлы сынып бөлмелері мен дәліздері айнадай етіп тазартылған білім ошақтарында тілшіміз болып қайтты.

РКС: Мәлік Ғабдуллин ауылының негізгі мектебіне барсаңыз сізді академик, ғалымның маңдайы жарқыраған бюсті қарсы алады. Білім ошағының сырты әсем гүлдермен көмкерілген, шағын жылыжайында көкөністері де өсіп тұр. Мәлік батырдың есімін иеленген мектепте бала саны елуден сәл ғана асса да, оқушылардың сапалы білім мен саналы тәрбие алуына барлық жағдай жасалған. Шағын орталық пен инклюзивті сынып бөлмесі де талапқа сай. Едені сырланып, есік –терезелері жөнделіп, жаңа кабинеттер де жабдықталыпты. Батыр Мәліктің ерлік пен өрліктен тұратын өмір жолын баяндайтын шағын бұрышы балаларға отансүйгіштік рух берері сөзсіз.   

СНХ БАЯН ОСПАНОВА, М. ҒАБДУЛЛИН АТЫНДАҒЫ НЕГІЗГІ МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Біздің мектебімізде жалпы 59 бала. Сонымен қоса мектепалды даярлық топ бар. 20 баладан тұратын шағын орталық жұмыс жасайды. 18 ұстаз бар, оның 70 пайызы жоғары санатты мұғалімдер. 80 пайызы жоғары білімді. Инклюзивті қолдау кабинеті ашылды. Балаларға көмек көрсету бойынша мамандар жұмыс жасайды. Жалпы мектебіміз жаңаоқу жылына дайын. Жаңа оқу жылына бізге екі жас маман келді. Әлі де мамандарды күтудеміз.

РКС: Кіші Түкті негізгі мектебі шағын ғана ғимаратта орналасса да, іші өте жайлы және тартымды безендірілген. Сынып бөлмелері де талапқа сай жарық, әрі көркем. Қабырғаларға ілінген ашық түсті, қанық бояулармен жасалған көрнекі құралдары баланың назарын бірден өзіне аударатыны сөзсіз. Барлық іс-шаралар ұйымдастырылатын мектепке жапсарлас салынған спорт залында жаттығатын ауыл балалары табыссыз емес. Оның айқын айғағы мына кубоктар мен мақтау қағаздары. Білім ошағының басшылығы жаңа оқу жылына барлығын дайындап қойыпты.

СНХ МЕДЕТ НҰҒЫМАНОВ, КІШІ ТҮКТІ НЕГІЗГІ МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Жаңа оқу жылына дайынбыз. Жаңа котельный бар. Газеліміз бар. Оқушылар саны да бар. Мұғалімдер саны, сапасы түгел мамандықтары бойынша бар, көбіне бізде жас мамандар жұмыс істейді. Мектепті жөндеу жұмыстары жасалған. Оқу жылына дайынбыз. Қазір бала саны өсіп жатыр. Спортқа да құмар, білім сапасы жағынан да жақсы, қызығушылықтары жақсы 

РКС: Мәлік Ғабдуллин ауылдық округіне қарасты елді мекендерде бала туу көрсеткіші жақсы деңгейде. Бұл өз кезегінде білім ошақтарының талапқа сай жұмыс істеуіне ықпал етеді.Мектептер жабылмаса, ауылдың да болашағы бар деген сөз. 

ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ