ДИКТОР: Зеренді ауданына қарасты Кіші Түкті орман шаруашылығына қарасты 19 мың гектардан астам аумақтың 16 мыңдайын орманды алқап құрайды. Оның ағаштарын үнемі молайтып, толықтырып, егіп отыру осы шаруашылық қызметкерлерінің құзырында. Жақын маңдағы ауылдардың тұрғындарын қоса есептегенде маусым сайын 50 адамға дейін егу, суару, өңдеу, арам шөбін жұлу жұмыстарымен айналысады. Қазір де орман шаруашылығында жұмыс қызып тұр. Тілші баяндасын.
РКС: Людмила Санарова орманшылар әулетінен шыққан. Әкесі мен анасы Сергей мен Мария Хлызовалардың есімдері осы өлкеге жақсы таныс. Олар саналы ғұмырын орман өсіруге арнаған. Сондықтан әр шыққан өскінді аялап, баптап, күту Людмила Сергеевна үшін дәстүрге айналған. Әр талдың тамыр жайып, жайқалып өсуіне барын салатын жан зейнетке шықса да сүйікті ісімен әлі де айналысып келеді. Кіші Түкті орман шаруашылығындағы питомникте өсірілетін 57 түрлі ағаштың әрбірінің сырын жақсы білетін кәнігі маманның ақыл-кеңесіне жүгінетіндер көп.
СНХ: ЛЮДМИЛА САНАРОВА, ОРМАН ӨСІРУ ИНЖЕНЕРІ: Бұл – қарағайдың бір жылдық көшеттері. Тұқымдар біздің нысанда жиналып, бүршіктері арнайы кептіру пешінде өңделген. Қарағай тұқымдары ең жоғары сапалы болып табылады. Көшет егілген алқаптар көлеңкелеуші торлармен жабылған, бұл учаске қатты қызатындықтан, торлар тікелей күн сәулесінен, жел мен ұшпа құмнан қорғап, сонымен қатар ылғалды сақтауға көмектеседі.
РКС: Кіші Түкті орман шаруашылығының басшылығы жақын маңдағы ауыл тұрғындарын маусымдық жұмыстарға үнемі тартады. Қыс мезгілін есептемегенде питомниктегі жұмыс бір тоқтамайды. Ағаштарды тұқымынан бастап егіп, тал болып, бекігенге дейін баптап, орманды алқапты молықтыру жұмыстарымен жыл бойы 50 адамға дейін айналысады. Жаз айларында мұнда тұрақты түрде 30 адамға дейін жұмыс істейді.
СНХ: МАРИЯ ҚАБДУӘЛИЕВА, КІШІ ТҮКТІ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Қазір біз қарағай көшеттерінің арасындағы арамшөптерді тазалап жатырмыз. Жұмыс уақыты — таңғы сағат 9-дан кешкі 6-ға дейін. Еңбекақы атқарылған жұмыс көлеміне қарай төленеді. Басқа түрлі бұталар өсетін алқаптар болғанымен, біз қазір қарағайларды ғана арамшөптен тазалап жатырмыз. Питомниктегі барлық жұмысты — тұқым себу, өсіру, отырғызу және өңдеуді — өз күшімізбен, яғни сырттан көмек алмай атқарамыз. Орташа жалақы 150 000 теңгеден басталып, одан жоғары қарай өседі.
РКС: Мына 2 гектар алқапқа 2 миллион түпке жуық сібір шыршасы егілген. Көшеттер қылтиып шыққаннан бастап арам шөбін жұлып, түрлі зиянкестерден қорғайтын зарарсыздандыру шараларын жүргізген жұмысшыларда ала таңнан тыным жоқ. Аса қатты күтімді қажет ететін сібір шыршаларын осы шаруашылықтың орманды алқабына 2028 жылы егеміз деп жоспарлап отыр. Оған дейін шыршалар талай процедурадан өтеді.
СНХ: ГЕЙДАР НАХИМОВ, КІШІ ТҮКТІ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Қарағайлы, шыршалы жерлер себілген. Оған өте қатты көңіл бөлінеді. көктемнен бастап осы алқаптарды себеміз. Прополка, полив бәрі орналасқан жерінде жұмысымызды жасаймыз. сырттан келіп адамдарға жұмыс істеуге болады. Ресми түрде жұмысқа қабылдаймыз.
РКС: Шаруашылықтың орманшылары ағаш тұқымын өз қолдарымен жинайды. Қайың талдарынан оларды алу жолдарын жақсы біледі. Қарағай бүршіктерінен тұқым алудың тәсілдерін әбден меңгеріп алған. Оларды кептіріп, арнайы температурада, ыдыстарда, құтыларда, ағаш жәшіктерде сақтайды.
СНХ: КЕНЖЕБОЛАТ МОЛДАХМЕТОВ, ОЛЖАЙ ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫНЫҢ ОРМАН ШЕБЕРІ: Тұқым әкелдік қайыңның. Орманшы жігіттер жинайды. Кептіріп тапсырамыз. оны ағашта қайыңның бұтақтарынан жинайды. Кептіреді. Сосын осында әкеліп тапсырамыз, сосын оны питоиникте егеді.
РКС: Кіші Түкті орман шаруашылығы өз күнін өзі көріп отырғандықтан, күтіммен егілген әр талды еліміздің түпкір-түпкіріне жөнелтеді. Ақмола облысы аумағында осы топырақта өсірілген талай ағаш тамыр жайған. Әр өскіннің өз уақыты, өз мерзімі, өз мезгілі болады. Соны бұзбай, сақтаған жағдайда ғана ол жапырақ жаяды дейді жергілікті мамандар. Асқан сүйіспеншілікпен өсірілген әр талға олар жанашырлықпен қарайды. Еңбектері де адал.
ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ