ДИКТОР: Шілденің 9-ы мен 12-сі аралығында Қытайда 23 жасқа дейінгі жастар арасында жеңіл атлетикадан Азия чемпионаты өтті. Ордос қаласында ұйымдастырылған байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасы алты медаль жеңіп алды. Оның төртеуі – қола, екеуі – күміс. Жүлдегерлер қатарында Ақмола облысының спортшылары да бар. Жерлестеріміздің жетістіктері туралы тілшіміз Евгений Варанкин айтсын.

ИНТЕРШУМ: 

РКС: Ақмола облысында жеңіл атлетикамен айналысатын жас спортшылардың қатары жыл сайын артып келеді. Өңірдегі балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде болашақ чемпиондарды дайындауға ерекше көңіл бөлінеді. Солардың бірі – көкшетаулық Татьяна Но. Ол Қытайдың Ордос қаласында өткен Азия чемпионатында 4×100 метрлік эстафетада Қазақстан құрамасының сапында жүгіріп, қола медаль иеленді. Спортшының бапкері Анатолий Крахмалев оның алдағы уақытта биік нәтижелерге қол жеткізетініне сенімді.

СНХ: АНАТОЛИЙ КРАХМАЛЕВ, БАПКЕР: Қазақстан құрамасымен бірге Алматы қаласында бір оқу-жаттығу жиыны өтті. Кейін Шымкентте алғаш рет ұйымдастырылған халықаралық турнирге қатысып, іріктеу кезеңінен өттік. Елге оралып, осында бірнеше жаттығу жасадық. Татьянаның болашағынан зор үміт күтеміз. Ең бастысы – жарақат алмау керек. Былтыр қысқы маусымнан кейін шағын жарақат алып, ұзақ уақыт қалпына келді. Денсаулығы жақсы болса, спорт шебері нормативін орындап, жақсы нәтижелер көрсетеді деп сенемін.

РКС: Татьянаның жүлдесі Қазақстан құрамасының жалпы қоржынына түскен алты медальдің бірі болды. Нәтижесінде ұлттық құрама Азия чемпионатын алты жүлдемен аяқтап, жалпы есепте сегізінші орынға тұрақтады. Бапкерлердің айтуынша, мұндай жетістіктер – ұзақ жылғы дайындық пен үздіксіз еңбектің нәтижесі. Спортшылар жыл бойы оқу-жаттығу жиындарына қатысып, республикалық және халықаралық жарыстарда тәжірибе жинайды. Татьянаның айтуынша, спортта мақсатқа жету үшін тек шеберлік емес, мықты мінез де қажет.

СНХ: ТАТЬЯНА НО, АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРІ: Бұл менің шетелдегі алғашқы жарысым болды. Оның үстіне бұл – U-23 санатындағы Азия чемпионаты. Қытай жылы қарсы алды. Барлығы ұнады, әсіресе жарыстың ұйымдастырылуы жоғары деңгейде болды. Барлық командалар мықты еді. Жарыс жақсы өтті. Әрине, қобалжу болды, бірақ өзімізді көрсете алдық. Барлығы мінсіз болды деп айта алмаймын, келесіде қателіктерімізді түзеп, нәтижені жақсартуға тырысамыз. Спортты жүруден және 400 метрге жүгіруден бастадым. Түрлі бағыттарды байқап көрдім, бірақ нәтижесі болмады. Кейін жаттықтырушыммен бірге кедергілер арқылы жүгіруді сынап көрдік. Одан кейін спринтке ауыстым. Қазір бірнеше жылдан бері осы бағытта өнер көрсетіп келемін.

РКС: Азия чемпионатына Ақмола облысынан тағы бір спортшы Александр Жигарь да қатысты. Ол халықаралық деңгейдегі жарысқа алғаш рет қатысып, алған әсерімен бөлісті.

СНХ: АЛЕКСАНДР ЖИГАРЬ, ЖЕҢІЛ АТЛЕТШІ: Бұл менің шетелдегі алғашқы маңызды халықаралық жарысым болды. Оның деңгейі мен ауқымы бірден байқалды. Мәселен, стадион 60 мың көрерменге арналған алып кешен екен. Барлығы өте ыңғайлы әрі жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Еш нәрсеге алаңдаудың қажеті болмады. Қарсыластарға келсек, бұл оңай жарыс емес екенін түсіндім. Деңгейі жоғары, нәтижелері жақсы, бәсекелестер өте мықты болды. Менің қашықтығым 800 метр. Олар жарыс барысында тактиканы дұрыс құрып, жылдамдықты тиімді пайдаланды. Осы жарыстан көп тәжірибе жинадым.

РКС: Ақмола спортшылары үшін Азия чемпионаты маңызды тәжірибе мектебі болды. Мамандардың айтуынша, өңірде жеңіл атлетика қарқынды дамып келеді. Жас спортшылардың халықаралық аренадағы жетістігі спорт мектептері мен жаттықтырушылардың жүйелі еңбегінің нәтижесі. Енді спортшылар келесі халықаралық жарыстарға дайындықты бастап кетті.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ