ДИКТОР: Көкшетауда алдағы жылу беру маусымына дайындық қызу. Қаладағы негізгі жылу магистральдарының бірі жаңартылуда. Қазір Байтұрсынов пен Дулатов көшелері бойында ауқымды жөндеу жүргізіліп жатыр. Осыған байланысты аталған көшелердің қиылысында көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілген. Бұл учаске кездейсоқ таңдалмаған. Себебі дәл осы аумақтағы жылу құбырларының тозу деңгейі жоғары болған,-дейді мердігер. 

РКС: Жобаны мердігер «УК Строй» компаниясы жүзеге асырып жатыр. Ұзындығы 717 метр болатын жылу магистралі толық жаңартылады. Бұған дейін пайдаланылған диаметрі 500 миллиметрлік құбырлардың орнына 700 миллиметр болатын жаңа құбырлар өткізілуде. Нәтижесінде жылу өткізу қуаты айтарлықтай артып, жүйеге түсетін жүктеме азаяды. Бұдан бөлек, бұрын жердің үстімен өткен инженерлік желілер енді жер астына орналастырылады. Бұл қала келбетінің жақсаруына да оң әсерін тигізбек.

СНХ: ҚАЙЫРБЕК БЕКМАҒАМБЕТОВ, МЕРДІГЕР ҰЙЫМНЫҢ ӨКІЛІ: Жұмысқа маусым айының басында кірістік. Қазір барлық жұмыс бекітілген кестеге сай жүріп жатыр. Жобаны белгіленген мерзімде аяқтап, тамыз айына дейін жаңа жылу магистралін қала игілігіне береміз. Нысанды уақытында тапсырамыз деп сенемін, тіпті мүмкіндігінше мерзімінен бұрын аяқтауға да күш салып жатырмыз. Оған бізде ешқандай кедергі жоқ. Барлық қажетті құрылыс материалы жеткізілген, арнайы техника мен жұмыс күші толық. Көріп тұрғандарыңыздай, жұмыс тоқтаусыз, демалыссыз жүргізілуде. Барлығы - қала тұрғындарының игілігі үшін.

РКС: Жөндеу жұмыстары тұрғындарға қолайсыздық туғызбауы үшін кезең-кезеңімен жүргізілуде. Ал көлік қозғалысы алдағы екі аптада қалпына келтіріліп, жол біртіндеп пайдалануға беріледі. 

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ