ДИКТОР: Ақмола облысында ауылдық деңгейдегі әкімдерді сайлау науқаны аясында кеше 9 ауданда 6 ауылдық округ пен 4 ауылдың әкімін сайлау өткізілді. Өйткені, қазіргі әкімдердің өкілеттік мерзімі аяқталды. 34 кандидат сайлауға қатысуға ниет білдірген. Ал, кандидаттарды тіркеу қорытындысы бойынша 30 кандидат оның ішінде «Respublika» саяси партиясынан 1, ал өзін-өзі ұсыну арқылы 29 кандидат сайлауға қатысу құқығына ие болды. Кеше Зеренді ауданының Ортақ ауылдық округіндегі сайлау науқанының барысын көріп қайтқан тілші баяндасын.
РКС: 200-ден астам тұрғыны бар Ортақ ауылдық округінде дауыс беру таңғы сағат 7-де басталды. Сайлау учаскесі белгіленген уақытта ашылып, дауыс беру Қазақстан Республикасының сайлау заңнамасына сәйкес ұйымдастырылды. Барлық сайлау рәсімдері белгіленген талаптар мен дауыс беру ережелеріне сай өтті.
СНХ: ҚАБДУЛМАНАП ТЕМІРҒАЛИЕВ, №515 УЧАСКЕЛІК САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: 179 сайлаушы бар. Үйде дауыс беретін 2 адам бар. Атамыз бен әжеміз олар денсаулығына байланысты үйде дауыс береді. 2 урна бар. Біреуі стационарлық, біреуі тасымалдайтын.
РКС: Бұл сайлауда кандидаттардың 3-уі де өзін-өзі ұсынғандар. Үміткерлердің бірі осы ауылдық округті басқарып келген, өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты қайта сайлауға түсіп отырған қазіргі әкім. Дауыс беруге келген ауыл тұрғындары елдімекеннің инфрақұрылымы мен әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына қатысты өзекті мәселелерді ортаға салды. Алдағы уақытта сайланатын әкім халықтың сенімін ақтап, көтерілген мәселелерді жүйелі түрде қолға алып, ауылдың дамуына серпін береді деген сенімде.
СНХ: БАҚЫТГҮЛ АХМЕТ, ОРТАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Біздің мына ауылымызды көркейтіп, кішкене асфальтті жақсартып берсе. Және балалардың ойнайтын жерін жақсартып берсе. Ауылға көбінде мал кіреді.
СНХ: ЖОМАРТ ҚОЖИН, ОРТАҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Азаматтық борышымды атқаруға келдім, ауылдың әкіміне дауыс беруге. Алдағы жобаларда барлығы ойдағыдай болады деп ойлаймын. Ақырын-ақырын салынып жатыр, свет тартылды, жол жөндеу ақырын жұмыстар жүріп жатыр. Су тартылды міне. Ақырын бәрі жүріп жатыр. Әкімге бар жақсылықты тілеймін. Биіктерден көріне берсін ең бастысы Отанымыз тыныш болсын.
РКС: Дауыс беру қорытындысы бойынша сайлауға түскен кандидаттар Айгүл Тұрғынбекова 4, Алтынай Қаратаева 10, ал Манарбек Ғайсин 180-нен астам дауыс жинап, Ортақ ауылдық округінің әкімі болып сайланды. Айта кетейік, ол бұған дейін де осы лауазымды атқарған.
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ