ДИКТОР: Өңірде якорлық кооперацияға негізделген ет кластерінің жаңа моделі енгізілуде. Аймақ басшысы Марат Ахметжанов Ерейментау ауданына жұмыс сапары барысында ірі мал шаруашылығы нысандарын аралап, шағын фермерлерге кепілсіз негізде тауарлық несие беру бойынша алғашқы келісім-шарттарға қол қойды. Ауқымды жобаның маңызы мен ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдау тетіктері туралы тілші баяндайды.
РКС: Ерейментауда ет кластері «Егістіктен сөреге дейін» қағидаты бойынша дамып келеді. Жобадағы негізгі кәсіпорындардың бірі - «Жаңа Береке Репродуктор» агрофирмасы. Шаруашылықтың иелігінде 47 мың гектарға жуық егістік пен жайылым жер бар. Кәсіпорын бүгінде өнімін Таяу Шығыс елдеріне экспорттап отыр. Қазір мұнда жаңа өндіріс нысандары іске қосылуға дайындалуда.
СНХ: АЙДАР НЫҒМЕТОВ, «ЖАҢА БЕРЕКЕ РЕПРОДУКТОР» АГРОФИРМАСЫ» СЕРІКТЕСТІГІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: Облыс басшылығы мен аймақ басшысыны тікелей қолдауымен 10 мың бас ұсақ малға арналған бордақылау алаңын салу жобасы қаржыландырылды. Бұл жоба жалпы мал шаруашылығы саласының дамуына серпін беріп, мультипликативтік әсерін тигізеді. Қаржыландыру өте қысқа мерзімде рәсімделді. Осындай қолдаудың нәтижесінде биыл қыркүйек айында бордақылау алаңы алғашқы қойларды қабылдай бастайды деп жоспарлап отырмыз.
РКС: Үздіксіз өндіріс тізбегін қалыптастыру үшін кәсіпорында кепілсіз тауарлық несие беру бағдарламасы іске қосылды. Онда ірі шаруашылық ұсақ фермерлерге аналық мал береді. Алынған төл екі тарапқа алдын ала келісілген шарт бойынша бөлінеді. Бағдарлама аясында компания алғашқы болып «Нұралы» және «Береке-5» шаруашылықтарына 200 бас қойдан беруге келісім-шарт жасасты.
СНХ: ӘСЕТ ҚАНАПИЯНОВ, «БЕРЕКЕ-5» ШАРУА ҚОЖАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Осы жобаны қолдап, мына Айдар Сағадиевичтен, «Жаңа Береке Репродуктордан» аналық бас, киімдік бұдан да асқан малын алып жатырмыз, 200 бас. Қазір, әзірше 100 бас, енді одан кейін тағы да 100 басын береміз деп жатыр. Бұл бағдарлама - мына малдың басын өсіру үшін бағытталған.
РКС: Аталған жоба аймақтағы мал шаруашылығын дамытудың кешенді жоспарының бір бөлігі. Мұнда кооперацияны дамытумен қатар, өндіріс үдерістерін цифрландыруға және малдың асыл тұқымдық сапасын жақсартуға басымдық берілген. Осы мақсатта өңірге жоғары өнімді шетелдік асыл тұқымды мал әкелу жоспарланып отыр.
СНХ: НҰРБЕК БАДЫРАҚОВ, ОБЛЫСТЫҚ АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ: Қазірдің өзінде Ерейментау ауданында етті кластерді қалыптастыру басталып кетті. Үлкен репродукторлық консорциум құрылды. Ол 20 мың бас аналық репродукторлы шаруашылықты құрайды және 30 мың басқа арналған мал бордақылау алаңдарын құрайды. Бұдан бөлек, бүгінгі осы тұрған өндірістік база - бұл «Жаңа Береке» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Бұл серіктестік қазіргі таңда 5 мың бас ірі қара малды 10 мың басқа ұлғайтатын болады. Және Австралия мемлекетінен 100 мың басқа дейін қазіргі бірінші траншпен 4 мың бас австралиялық Дорпер қойларын алып келетін болады. Бұл кәсіпорында әрі қарай осы тауарлы кредит беру арқылы осы серіктестіктің маңайында 30-дан 50-ге дейінгі шағын шаруашылықтарды құруға септігін тигізеді.
РКС: Кластерге қатысушыларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіледі. Жергілікті билік ветеринарлық бақылауды, өнім сапасын қадағалауды және ауыл тұрғындарын жұмыспен қамтуды қамтамасыз етеді. Шаруашылықтардағы мал басын кезең-кезеңімен көбейту ауыл тұрғындарының табысын арттырып, мемлекеттік бағдарламалардың тиімділігін көрсетеді.-дейді аймақ басшысы.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Президенттің бастауымен, иә, «Береке», «Игілік», «Жайлау». Енді Қазақстанда туңғыш болып бастағалы жатырмыз. 20 қожалыққа осындай кредитсыз, кепілдіксіз мал береді. Өйткені біз қарап отырмыз, сіздің жеріңіз бар, мүмкіндігіңіз бар. Соны береміз, бірақ та бақылау болады. Жалпы мынау кепілдікті өзімізге жергілікті атқару билігі алып отырмыз. Сіз жаңағыдай бұл ветеринарлық бақылау болады бұл жерде. Осындай дұрыс бағдарламамен өсіріп, жаңағы өзіңіздің шарттарыңыз бар, 60 да 40 дейді. Сосын 3 жылдан кейін жаңағы аналық малыңыз сізге жеке меншік болып қалады. Сонда мынау ауылды дамытуға үлкен септігін тигізеді.
РКС: Ет кластерін дамыту жұмыстары «Торғай» консорциумы базасында да жалғасады. Мұнда қалмақ тұқымды ірі қара малға арналған екі асыл тұқымды репродуктор құру жоспарланған. 2030 жылға дейін аналық мал басын 22 мыңнан аса басқа жеткізу көзделген. Кәсіпорын ірі қараның 150 басын беру бойынша алғашқы тауарлық несие туралы «SeletaAgroInvest» компаниясымен келісім-шартқа қол қойды. Сонымен қатар, ауданда шағын шаруашылықтардың да тиімділігі байқалады. Мәселен, былтыр «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы жеңілдетілген несие алған «Қарағайлы» кооперативі қой санын 3 есеге дейін арттырып, 280 басқа жеткізді.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, КАРИНА СҮЛЕЙМАНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ