ДИКТОР: Өткен сенбі күні 5510 әскери бөлімінде 350-ден астам сарбаз Отан алдындағы азаматтық борышын адал өтеуге ант берді. Жас бозбалалардың қуанышты әрі толқынысқа толы сәтін олардың ата-аналары мен жақын туыстары бірге бөлісті.
РКС: Әскери ант әр сарбаздың өміріндегі ең маңызды белестердің бірі. Бір айға жуық бастапқы әскери дайындықтан өткен жас жауынгерлер енді ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы жауапты міндеттерді орындауға әзір екендіктерін көрсетті.
СНХ: НИЯЗ СӘДУАҚАСОВ, 5510 ӘСКЕРИ БӨЛІМІ ТӘРБИЕ ЖӘНЕ ӘЛЕУМЕТТІК-ҚҰҚЫҚТЫҚ ЖҰМЫС БӨЛІМІНІҢ БАСТЫҒЫ: Бұл әскери бөлімінің жалпы атқаратын міндеттері – қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, түзеу мекемелерін күзету және әскери қалашықты күзету. Бүгінгі келген сарбаздардың барлығы дерлік алғашқы әскери дайындық сабақтарынан өте жақсы нәтижелермен өте алды. Ату дайындық сабақтарынан өтті, жақсы нәтижелер көрсете алды. Бір сөзбен айтқанда, қазір сапта тұрған, ант қабылдайын деп тұрған сарбаздардың барлығы Отан алдындағы қызметтерін абыроймен атқаруға дайын.
РКС: Ант қабылдаған сарбаздың бірі түркістандық Елнұр Жақсылық. Оның айтуынша, әскери борышын өтеу – әр азаматтың парызы. Болашақта әскери қызметті келісім-шарт негізінде жалғастыруды жоспарлап отыр.
СНХ: ЕЛНҰР ЖАҚСЫЛЫҚ, САРБАЗ (ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ): Гражданкада жүрген кезде университетте оқыдым, екі жыл. Универден шығып, армияға келдім. Әскерде әр азамат өзінің Отан алдындағы борышын өтеу керек. Ол парыз, мемлекетіміздің басты парызы. Армиядан кейін келісімшарт бойынша әскери қызметші болу ойымда бар. Болмаса, өзім шығармашылыққа жақын адаммын. Қайтадан университетке тапсырып, грандқа түсіп, Алматыда өнер академиясына, университетке түскім келеді. Өз қаламнан жерлестер бар. Бәріміз Түркістан қаласынан 50 бала болып келдік. Барлық жігіттермен жақсы байланыстамын.
РКС: Ант беру рәсіміне қатысқан ата-аналар үшін де бұл күн ерекше. Балаларының азаматтық жауапкершілікті мойнына алып, Отан қорғаушылар қатарына қосылғанына қуанған олар жас сарбаздарға ақ жол тілеп, елге адал қызмет етулеріне сенім білдірді. Кейбірі бұл күнге арнайы алыс өңірлерден келген.
СНХ: ЗУЛЬФИЯ ГАФУРОВА, САРБАЗДЫҢ АНАСЫ (ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫ): Түркістан қаласынан арнайы келіп отырмын. Ұлым Көкшетау қаласында орналасқан 5510 әскери бөлімінде әскери ант қабылдау рәсімін өткізіп жатыр. Мақтанамын. Жас сарбаздар еліміздің сенімін ақтап, әскери қызметтен абыроймен атқарып, еліне адал қызмет ете берсін. Әскерге кетпес бұрын балам Түркістан қаласында орналасқан Яссы колледжінде IT мамандығы бойынша оқуын тәмамдап, балам соншалықты әскерге баруды армандап, арнайы дипломын алуға да қатыспай, әскерге кетіп қалды. Қазір оны қуантайық деп, дипломын ала келгенбіз.
РКС: Әскери ант жас жауынгердің елге адал қызмет етуге, темірдей тәртіп пен жауапкершілікті сақтауға берген серті. Бұл күн сарбаздардың әскери өміріндегі маңызды белес ретінде есте қалды.
ИНТЕРШУМ:
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ