ДИКТОР: Ине мен жіпті серік етіп, ұлттық нақыш пен заманауи сәнді үйлестіріп жүрген тігінші Самал Қостанова өз кәсібін үлкен жауапкершілікпен атқаруда. Ол әр бұйымды тек киім емес, адамның талғамын, мінезін айқындайтын ерекше дүние деп таниды. Тігіншілікке деген қызығушылығы бала кезден басталған. Бүгінде Самал Қостанова түрлі үлгідегі ұлттық киімдер мен күнделікті сәнді киімдерді тігіп, тапсырыс берушілердің сұранысын қанағаттандырып келеді.

ИНТЕРШУМ: 

РКС: Самал Қостанова мамандығы бойынша педагог. Евней Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетін тәмамдап, білім мен тәрбиені басты құндылық санаған жан. Көпбалалы ана ретінде отбасының берекесін келтіріп, ұрпағына өнеге болуды өмірлік мұратына айналдырған. Дегенмен, адамның жүрек түкпіріндегі арманы ешқашан өшпейді. Самал Қостанованың да бала кезден бойына дарыған ерекше қызығушылығы тігіншілік өнері еді. Уақыт өте келе сол жүрек қалауын жүзеге асыруға бел буып, бұл саланың қыр-сырын терең меңгеруге, біліктілігін шыңдауға ден қойды. Бүгінде Көкше өңірінің өнерлі жандарына сахналық костюмдерін тігетін білікті тігінші.   

СНХ: САМАЛ ҚОСТАНОВА, ТІГІНШІ: Мына жерде бізде билейтін қыздардың ұжымдық киімдері. Бұл костюмдерді тікпес бұрын біз міндетті түрде сигнальный вариант дейді, соны жасаймыз. Өйткені, би билеген кезде костюм орысша айтқанда он должен работать. Мына бала айналған кезде, етегі бірге айналу керек. Оның етегінің аурлығы, жеңілдігі барлығы әсер етеді. Соны тексергеннен кейін ғана ұжымға тігеміз. Мысалы, мына жерде «Гүлдер» деген би қойылымы болды. Аманат би мектебінің бізге берген тапсырысы болған. 

РКС:Бір ғана тапсырыс аясында тұтас шығармашылық ұжымға арналған 50–60 сахналық костюм тігіледі. Бүгінде Самал Қостанованың ісі шағын шеберхана деңгейінен асып, өз алдына шығармашылық ұжымға айналған. Үйде 3 тігінші еңбек етсе, жұмыс орнында дизайнер әрі сенімді серігі туған сіңлісі қолғабыс. Өзінің орындалмай қалған мақсатын сіңлісінің қанатына демеу болып, оны дизайнер мамандығына оқуға жіберді. Бүгінде 2-уі бір мақсаттың жолында тізе қосып еңбек етіп, бірінің арманы екіншісінің жетістігіне айналған. Бұл бауырмалдықтың, сенімнің және арманға адалдықтың жарқын көрінісі.

СНХ: ҒАЛИЯ ҚОСАНОВА, ДИЗАЙНЕР: Осы салада жұмыс істеп жүргеніме 7 жыл болды. Осы Көкшетау қаласындағы Ақан сері атындағы жоғары колледжді тәмамдаған болатынмын. Бұл салаға келген себебім үлгі болған, жанашыр болған әпкем. Өзінің кішкентай кезінен аңсап келген ісі болатын. Ол кісінің арманы өзімізге ортақ бір арман болып келеді. Осы кәсіпті әлемдік деңгейге көтергіміз келеді. 

РКС: Самал Қостанова бүгінде тапсырыспен киім тігумен ғана шектелмей, ұлттық нақышты заманауи сәнмен ұштастырған авторлық жағалар мен ою-өрнекпен әсемделген сәндік бұйымдарды жасап келеді. Шебер өз тәжірибесін өзгелермен бөлісуді де маңызды санайды. Осы мақсатта тұрақты түрде шеберлік сабақтарын өткізіп, қолөнерге қызығушылық танытқан жандарға ұлттық өнердің қыр-сырын үйретіп жүр. Бүгінде жеке кәсіпкер өз кәсібін табысты дамытып қана қоймай, тігін ісіне қажетті сапалы құрал-жабдықтар, ине-жіп пен өзге де керек-жарақтарды ұсынатын шағын дүкен ашып, тұтынушыларға қолайлы қызмет көрсетуде. 

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ