ДИКТОР: Елде «Бабалар жолы» тарихи-рухани экспедиция басталды. Жоба қазақтың көрнекті діни қайраткері, ағартушы Марал ишан Құрманұлының өмірі ел тарихи мұрасындағы айрықша орнын танытуды мақсат етеді. Бүгін экспедиция қатысушылары Ақмола өңірінің зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, «Абылай хан және Марал ишан әулеттерінің мемлекеттілік пен руханияттағы тарихи бірлігі» тақырыбында ғылыми-танымдық дөңгелек үстел өткізді. Басқосуда тарихи сабақтастық, ұлттық құндылықтар және Марал ишанның ел тарихындағы рөлі кеңінен талқыланды.

РКС: Жоба аясында Марал ишанның хан-сұлтандармен, батырлармен рухани сабақтастығы, ағартушылық қызметі және ел тәуелсіздігі жолындағы ұстанымы тарихи деректер негізінде насихатталады. Экспедиция қатысушылары Астана қаласы мен Ақмола өңіріндегі Абылай ханның ордасы болған киелі елдің тарихи орындарын аралап, бабалар рухына Құран бағыштады. Ал, бүгінгі жиында экспедиция барысында анықталған тың деректер мен құнды тарихи зерттеулер жан-жақты талқыланды. 

ИНТЕРШУМ: 

СНХ: МҰРАТ ҚАЖЫ ЫДЫРЫСҰЛЫ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ: Кенесарының алған көп жеңістерінің, белестерінің рухани көмекшісі болған Марал Ишан. Оның еңбектері табылып жатыр. Оның ішінде Марал Ишанның Кенесарыға тапсырған Құраны. Ол Құранда Марал Ишан мен Кенесарының мөрлері тұр. Оны жуырда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Қожахмет Яссауи музейіне тапсырды.

РКС:Ұлттық тарихтың үзілмеген сабақтастығын жаңғыртуды мақсат еткен тағылымды экспедиция екі апта бойы жалғасады. Рухани мұраны дәріптеп, елдік сананы нығайтуға бағытталған бұл маңызды жобаның құрамында Марал ишан Құрманұлының ұрпақтары да бар. Олар баба аманатын жалғап, тарихи мұраны насихаттауға өз үлестерін қосуда.

СНХ: МҰХАМЕДХАН ҚАСЫМХАНҰЛЫ, МАРАЛ БАБА ҚОРЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ: Бұл бастама еліміздің Тәуелсіздігінің 35 жылдығына арналған шара. 5-6 облысты біз үстінен басып өтеміз. Тәуелсіздігімізді біз түсінуіміз керек бұл жайдан жай келген нәрсе емес бізге. Соны ұмытпауымыз керек ешқашанда. Соны мына жастарға естеріне түсіріп, неше ғасырлар бойы ата-бабаларымыз осы үшін күресті, соның ішінде бірегейі Марал ишан Құрманұлы. Үлкен діндар, саясаткер болған. Астана қаласында үлкен көрме ашылды. Ол кісіге байланысты. 

РКС:Экспедиция барысында жинақталған мол мұра мен құнды деректер қағаз бетіне түсіріліп, тарихи маңызы зор ғылыми кітап жарық көреді. Одан соң ол ұрпаққа рухани қазына ретінде ұсынылады. Сонымен қатар экспедиция іздері мен тарихи тағылымын кеңінен насихаттау мақсатында деректі фильм түсіріліп, киелі орындарға естелік белгітастар орнату жоспарлануда. 

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ