ДИКТОР: Облыстық әдебиет және өнер музейінде белгілі қылқалам шебері Владимир Быстрицкийдің «Сарыарқа» атты жеке көрмесі көрермен назарына ұсынылды. Экспозицияға суретшінің соңғы жылдары қағаз бетіне түсірілген таңдаулы туындылары қойылған. Автордың шығармашылық ізденісі мен өнердегі қолтаңбасы туралы көрмені тамашалап қайтқан тілші баяндасын.

РКС: Владимир Быстрицкий – Ақмола өңірінің тумасы. Оның туындылары Қазақстан, Ресей, Австрия, Германия, АҚШ пен Қытайдағы жеке коллекциялар мен галерея қорларында сақтаулы. Қылқалам шеберінің шығармаларында жылқы айырықша бейнеленген. Суретшінің айтуынша, бала кезден жанына жақын болған осы текті жануар оның шығармашылығына қанат бітірген. Ал «Сарыарқа» көрмесіне Ақмола өңірінің әсем табиғаты мен сайын даласының көркін бейнелейтін туындылар топтастырылған.

СНХ: ВЛАДИМИР БЫСТРИЦКИЙ, ҚР СУРЕТШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ: Бұл – біздің Зеренді ауданы. Табиғаты ерекше, көрікті мекен. Сондай-ақ Шалқар мен Бурабайға жиі барғанды ұнатамын. Бізде шабыт сыйлайтын, шығармашылыққа арқау болатын көрікті жерлер өте көп. Табиғаты тамаша. Көлікпен жолға шығып, кез келген жерге тоқтап, айналадағы сұлулыққа тамсануға болады. Әр 50 шақырым сайын жаңа бір тақырып, жаңа бір шығармаға ой тастайтын көрініс кездеседі.

РКС: Шығармашылық иесінің сурет өнеріне деген қызығушылығы бала кезде басталған. «Өнерде табысқа жетудің басты шарты – тынымсыз еңбек пен үздіксіз ізденіс»,- дейді ол. Владимир Быстрицкий – Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университеттің түлегі. Оқытушысының айтуынша, ол студент кезінен-ақ еңбекке деген құлшынысымен ерекшеленген.

СНХ: ДУЖАН МАҒЗҰМОВ, ҚР СУРЕТШІЛЕР ОДАҒЫНЫҢ МҮШЕСІ: Студенттік жылдары ол атақты суретшілердің шығармаларын зерттеп, шеберлігін жетілдіру мақсатында көшірмелер жасаумен айналысты. Айвазовскийдің «Тоғызыншы толқын» атты әйгілі туындысын салғаны әлі есімде. Сол кезде-ақ оның күрделі түстер үйлесімін сезіне білетініне, бояуларды талғаммен таңдайтынына назар аудардым. Нағыз шеберлік – қылқаламды еркін меңгеріп, бояуларды үйлестіре білуден, күрделі реңктерді дәл табудан көрінеді.

РКС: Ақмолалықтар қылқалам шеберінің туындыларынан туған өлкенің таныс келбетін көріп, ерекше әсерге бөленуде. Көрермендер суретшінің әр жұмысына тән нәзіктік пен шынайылықты, бояулардың үйлесімін жоғары бағалауда. Әр картинада шебердің жүрек жылуы, табиғатқа деген сүйіспеншілігі мен шығармашылық үні айқын байқалады.

СНХ: ҒАЛЫМ БЕКМАҒАМБЕТОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Оның шығармашылығы – жанды, тынысы бар, шынайы академиялық реализм. Көрменің өзегіне айналған «Сарыарқа» атауы да тегін таңдалмаған. Туған жердің болмысын, оның өзіндік рухани кодын дәл суреттей білген.. Сол себепті әр туындыдан шексіз махаббат, сұлулық пен айрықша қуат айқын байқалады.

РКС: Көрме халықты, әсіресе жас буынды бейнелеу өнеріне баулып, шығармашылық әлеммен жақын таныстыруды көздейді. Экспозиция қыркүйек айына дейін жалғасады. 

ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, НАИР ЗАХОВАЕВ, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, ТЕМІРЛАН СӘБИТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ