ДИКТОР: Ақмола облысында инфрақұрылым қарқынды дамып келеді. Әсіресе Сарыарқа шағын ауданы күн сайын жаңарып, көпқабатты жаңа тұрғын үйлер бой көтеріп, қаланың көрікті келбетін айшықтай түсуде. Алайда, еңселі ғимараттардың сәнді келбетінің тасасында жедел шешуді қажет ететін мәселелер де бар,-дейді тұрғындар. Сарыарқа шағын ауданындағы 7/4 және 7/5 көпқабатты үйлердің тұрғындары жайлы әрі қауіпсіз өмір сүруге кедергі келтіріп отырған түйткілдердің әлі күнге дейін шешімін таппай отырғанына қынжылады. Тұрғындардың базынасын тілші тыңдап қайтты.

ИНТЕРШУМ: 

РКС: Бұл тұрғын үйлер осыдан үш жыл бұрын пайдалануға берілген. Бүгінде мұндағы 340 пәтерде 2 мыңнан астам адам тұрады. Олардың басым бөлігі әлеуметтік осал топ санатының өкілдері. Атап айтқанда 50-ге жуығы мүгедек жандар. Ал, 100-ден астамы егде жастағы тұрғындар. Сонымен қатар, 60-тан астам пәтер көпбалалы отбасыларға берілген. Аулада 1200-дей бала бар. Алайда, тұрғындарға қолайлы орта толық қалыптаспаған. Үй аумағын қоршау мен абаттандыру жұмыстарын тұрғындардың өздері қолға алғанымен, 3 жылдан бері шешімін күткен өзге де түйткілдер жетіп артылады.

СНХ: САҒИТ ҚҰСАНОВ, ЗЕЙНЕТКЕР: Осы үйге 2023 жыл тапсырылды. Ең бірінші болып көшіп келдік, қуанып. Балалар ипотекаға алған. Пандустар жұмыс істемей қалды. Біреуі істесе құлайды. Сосын мында инвалидтер келді осында. Олар далаға шыға алмай қалды. Шықса, үйлеріне кіре алмай қалды. Осы үлкен мәселе болып тұр. 

СНХ: ҚУАНЫШ ҒАЗИЗОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ ҚАТЫНАСТАРЫ ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ ИНСПЕКЦИЯСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Бұл электр көтергіштері ортақ мүлікке жататындықтан, оларға қызмет көрсетуді басқару органы қамтамасыз етуі тиіс. Кіреберіс пен осы электр көтергіштеріне техникалық қызмет көрсетуді де пәтер иелері немесе олардың басқару органы ұйымдастыруы қажет. Мен бұған дейін де түсіндіргенмін. Басқару органы құрылған кезде бұл электр көтергіштерін күтіп-ұстауға қатысты қызмет көрсету туралы келісім-шарт жасалуы тиіс еді. Алайда, уақытылы техникалық қызмет көрсетілмегендіктен, көтергіштер істен шығып жатыр.

РКС:Тұрғындар тұрғын инспекциясы мамандарының жауабына көңілі толмайтынын айтады. Себебі, олардың сөзінше, аталған құрылғылар үй пайдалануға берілген сәттен-ақ дұрыс жұмыс істемеген. Бұдан бөлек, 1200-ден астам балаға аумақтағы ойын алаңы да таршылық етеді,-дейді тұрғындар.

СНХ: МАНАРБЕК ҚҰСАЙЫНОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Ойнайтын жер жоқ. Жас аналар шығады балалармен отыра алмайды. Өйткені доп ұшады, мына жақтан велосипедпен келеді, самокатпен келеді. Балалар осы көшеден шықпайды. 

СНХ:РАХМЕТОЛЛА МҰХАМЕДИН, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Біз көбіне немерелерімізді қарауға шығамыз. Жараланып қалмасын деп. Тар мына жер. Міне футбол ойнап жүр. Құласа мына жер бәрі темір. Балалар жараланып келеді.  

РКС: Тұрғындардың айтуынша, бұл мәселені шешуге мүмкіндік бар. Көпқабатты тұрғын үйдің дәл іргесінде 800 шаршы метр бос аумақ жатыр. Егер жергілікті әкімдік аталған аумақты пайдалануға рұқсат берсе, демеушілер көмегімен мұнда заманауи футбол алаңын салып беруге дайын. Тек жер теліміне қатысты ресми келісім қажет.

СНХ: БАХТИЯР ШАБДАНОВ, КӨКШЕТАУ ҚАЛАЛЫҚ ЖЕР ҚАТЫНАСТАРЫ, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Мақсатты тағайындалуы бойынша бұл аумақта көпқабатты 2 тұрғын үй салу қарастырылған. Біреуі 9, екіншісі 5 қабатты. Аталған жер телімі Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің балансында тұр. Бұл аумақта алаң ұйымдастыру мәселесіне қатысты жағдайды қосымша зерделеу қажет. Онда оны жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылады. Аталған мәселе Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және сәулет бөлімімен бірлесіп міндетті түрде қаралады. Тұрғындардың ұсыныстарын барынша ескеруге тырысамыз.

РКС: Әр сала маманы бұл мәселенің оң шешімін табуына ықпал ететіндеріне сендірді. Алайда, бұл үйлердегі мәселелер мұнымен шектелмейді. Қоқыс алаңы, абаттандыру жұмыстары, көлік тұрағы және балалар ойын алаңындағы ескі темір құрылғыларда балалар өміріне елеулі қауіп төндіріп отыр. Ал жаңа баспана, жаңа мүмкіндік пен жайлы өмірдің бастауы болуы тиіс. Тұрғындар көтерілген мәселелердің уақытылы шешіліп, ауланың да қолайлы ортаға айналуынан үмітті. 

РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨК ШЕ АҚПАРАТ