ДИКТОР: Аршалы ауданында «Таза Қазақстан» акциясына 150-ге жуық волонтер атсалысты. Табиғат жанашырлары елорданы тіршілік нәрімен қамтамасыз етіп отырған стратегиялық маңызы бар нысан - Астана су қоймасының жағалауын қоқыстан тазартты.
РКС: Қазір су қоймасы маңындағы ахуал осындай. Айнала толған қоқыс, пластик бөтелкелер мен тұрмыстық қалдықтарға толы. Акция барысында волонтерлер жағалау маңын қоқыстан тазартып, айналасын ретке келтірді. Осылайша, 237 текше метр тұрмыстық қалдық полигонға жөнелтілді.
СНХ: ВЛАДИСЛАВ ПОДДУБНЫЙ, ВОЛОНТЕР: Демалушылардың артынан жағалаудың күл-қоқысқа толып қалатыны қатты қынжылтады. Сондықтан әрбір азаматты қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, демалған жерін таза қалдыруға шақырамын.
РКС: Табиғатқа деген жанашырлық дәл осындай қарапайым істен басталады. Бұл үрдісті жастардың белсене қолдайтыны қуантады. Дегенмен, тұрақты ұйымдастырылатын тазалық акцияларына қарамастан, мәселе - әлі де өзекті.
ИНТЕРШУМ:
- Мына жерге келеді де, су қоймасына келіп, Астана су ішетін, не мәдениет жоқ, сосын міне, маған ауылдың әкімі айтып отыр, тонна-тонна қоқыс шығарасыздар, иә.
- Биыл күн өте ыстық. Адам өте көп келді. Былтыр ондай болған жоқ. Втоник-средадан бастап келеді, палаталарын қойып. Орын болмайды бос орын.
РКС: Әрине, алаңдаудың жөні бар. Себебі бұл жер демалыс орны ретінде қарастырылмаған аумақ. Мұнда арнайы жабдықталған жағажай да, құтқару бекеті де жоқ. Ал қойылған ескерту белгілеріне қарамастан, оны - елеп жатқандар жоқ.
СНХ: МАРАТ АХМЕТЖАНОВ, АҚМОЛА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ: Өзінен бастау керек әр адам. Ойы таза болу керек. Ісі таза болу керек. Мына бүкіл табиғатты сыйлауымыз керек. Биылғы мына Конституциямызда экология саласы, оның ішінде табиғатты, қоршаған ортаны қорғау мәселелері біздің ең негізгі заңымызда көрсетіліп отыр. Басымдық беріліп отыр. Сондықтан қазір әрине, соны еріктілермен келіп тазартып отырмыз.
РКС: Табиғатты қорғау тек коммуналдық қызметтердің міндеті емес. Бұл - ортақ жауапкершілік. Енді бұл аумақта бақылау күшейтіледі. Ал заң талаптарын елемегендер - әкімшілік, тіпті қылмыстық жауапкершілік арқалауы әбден мүмкін.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ