ДИКТОР: Көкшетауда «Ауладағы қабылдау» республикалық акциясы жалғасуда. Кезекті көшпелі қабылдау Сарыарқа шағынауданында өтті. Ашық форматтағы кездесуге полиция қызметкерлерімен қатар жергілікті атқарушы органдар, төтенше жағдайлар қызметі, тұрғын үй инспекциясы, бала құқығы жөніндегі уәкіл және мүлік иелері бірлестігінің өкілдері қатысты. Тұрғындар жауаптыларға өздерін толғандырған мәселелерді тікелей жеткізіп, көкейдегі сауалдарын қойды.
РКС: Кездесуде бой көтерген негізгі мәселелердің бірі – жол қозғалысы қауіпсіздігі. Тұрғындар көпқабатты үйлер арасындағы көлік қозғалысын реттеу, жолды бөгеп тұрған бетон бөгеттерді алып тастау және жаяу жүргіншілер өткелін салу қажеттігін жеткізді. Алдағы уақытта заматтардың барлық өтініші бақылауға алынып, құзырлы мекемелердің қатысуын қажет ететін мәселелер бойынша тиісті жұмыстар жүргізілмек.
СНХ: ЕРБОЛАТ ҚҰСАЙЫНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІ ҚОҒАМДЫҚ ҚАУІПСІЗДІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСТЫҒЫ: Ішкі істер министрлігінің тапсырмасымен, полиция департаменті басшылығының тапсырмасына сәйкес мемлекеттік орған өкілдерімен бірлесіп, ауладағы қандай бір проблемалар болса соларды шешу жолын іздеп табу, әзірлеу. Сарыарқа тұрғындарын қабылдап жатырмыз. Оның басты мақсаты – қандай да бір проблемалар болса, соны шешу жолдарын табу. Осындай акциялар тұрақты негізде өткізіледі. Жалпы алғанда оңтайлы нәтижелер болады деп ойлаймын. Әрине ол мына отбасылық тұрмыстық жанжалдар бойынша халықтың шағымдары болады. Ықшам аудандардың инфрақұрылымы жөніндегі мәселелер туындайды. Сондай мәселелерді бірлесіп шешу жолын табамыз. Әр кездесу сайын жұмыс тәртібімен мәселелерді шешіп жатырмыз. Жылына шамамен 20 шақты акция өткіземіз. Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты акциялар өтеді. Бұрын сотталған тұлғалар саласында оларды ресоциализациялау бойынша жұмыстар өткізідеді.
РКС: Шағымын айтып келгендердің қатарында Сарыарқа шағынауданындағы №11 үйдің тұрғыны Теңдік Сабыржанова да бар. Аталған мекенжайда он жылға жуық тұрып келеді.
СНХ: ТЕҢДІК САБЫРЖАНОВА, КӨКШЕТАУ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Енді бір кемшіліктерсіз болмайды ғой. Бұл жердегі бірінші кемшілігіміз қоқыс жәшігі туралы. Біз тұрған кезде 3-ақ үй болды. Қазір осындай жаңа программаның нәтижесінде көптеген үйлер салынып жатыр. Оған біз қуанып жатырмыз, еліміз көркейіп жатыр. Қазақстанымыз жанарып жатыр деп қуандық. Үй салардан бұрын сол үйді салушылар ойлану керек еді. Оларға қандай біз қажетті жағдай жасап жатырмыз деп. Енді мысалы 12 шақты үйлеріміз бар. Ол үйлердің бәрі мусорларын осы жерге әкеліп төгеді. Ал енді өздеріңізге де түсінікті шығар, жаз уақыты, мына желдеткіштерді ашқан уақытта бүкіл қоқыс иістері бізге келеді. Жаппайық десек ыстық ауа райы. Сондықтан осы қоқыс жәшігін ойластырып, қайта әрбір үйдің алдына салу керек пе, соны қарастырса. Осы екі мәселені көтерген уақытымда полиция қызметкерлеріне өте ризамын, сөзімді жерге қалдырмай, сіздің айтұан талаптарыңыздың бәрін акиматқа хат арқылы жолдап, тұрғындардың мәселесін шешіп береміз деп уәде берді.
РКС: Тұрғындармен ашық диалог орнату мақсатындағы кездесулер тұрақты түрде өткізіліп келеді. Полиция қызметкерлері «Жолдағы қабылдау», «Дөңгелектегі қабылдау» және «Ауладағы қабылдау» акциялары аясында азаматтардың мәселелерін тыңдап, ұсыныстарын қарастырады. Көшпелі форматтағы кездесулер тек қала аумағымен шектелмей, өңір аудандарында да өткізілуде.
ДИНАРА НҰРМҰХАНОВА, САБЫРБЕК ШЕРИЯЗДАНОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ