ДИКТОР. Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қабырғасында Өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастырумен мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және компаниялардың баспасөз қызметкерлеріне арналған «Әлеуметтік желілерде ақпараттық саясатты жүргізу» тақырыбында семинар-тренинг өтті. Онда жасанды интеллекттің көмегімен мәтіндер, презентациялар және контент-жоспарлар әзірлеу жайында баспасөз қызметінің жетекшілері мен өкілдеріне сабақ жүргізілді. Толығырақ тілшіміз баяндайды. 

РКС. Семинар-тренинг бұл мемлекеттік органдардың, ұйымдардың немесе компаниялардың баспасөз қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыруға және бұқаралық ақпарат құралдарымен тиімді байланыс орнату дағдыларын дамытуға бағытталған оқу-практикалық шара. Оған жасанды интеллект бағытына маманданған журналист Әнел Өсерхан Астанадан арнайы шақырылды. Ол осындай шеберлік сабақтарын жүргізіп жүр.

СНХ ӘНЕЛ ӨСЕРХАН, ЖУРНАЛИСТ, ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ БОЙЫНША ТРЕНЕР: Біз бүгін жасанды интеллектті және баспасөз қызметі жетекшілерінің оны PR саласында қалай тиімді қолдана алатынын қарастыру үшін жиналдық. Цифрландыру журналистика мен PR-ды қоса алғанда, барлық саланы өзгертіп жатқаны белгілі, сондықтан заман талабына сай болу және бірге үйрену өте маңызды. Жасанды интеллекттің ең алдымен маманға көмекші болатынын түсіну қажет, біз оның қандай нәтижелер беретінін көрсетіп, оны іс жүзінде қалай дұрыс пайдалану керектігін үйреткіміз келеді.

РКС. Мұндай семинарлар ақпараттық кеңістіктегі заманауи трендтерді меңгеруге, дағдарыстық жағдайларда әрекет етуге және медиа құралдарын тиімді пайдалануға көмектеседі. Семинар-тренинг барысында әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларды жүргізу, мақсатты аудиториямен жұмыс және визуалды контент жасау жайлы да әңгіме өрбиді. 


СНХ АРАЙЛЫМ ЖАПАР, САНДЫҚТАУ АУДАНЫ ӘКІМДІГІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ӨКІЛІ: Семинар тренинг жасанды интеллект бойынша өткізілуде. Біздің жұмысымызға өте үлкен пайдасын тигізіп жатыр. Бүгінгі семинар тренингте фото, бейнематериалдар бойынша әлеуметтік желілерде парақшаларымызды жүргізу бойынша жұмыстармен танысып жатырмыз. 


СНХ КӘУСАР ТӨЛЕГЕН, ШОРТАНДЫ АУДАНЫ ӘКІМДІГІ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІНІҢ ӨКІЛІ: Біз бүгін осы семинар тренинге командамызбен келген болатынбыз, тек білім алып қана қоймай, басқа аудандармен тәжірибе алмасамыз деген ойдамыз, семинар-тренингтен кейін біз әлеуметтік желі, жасанды интеллект, оны дұрыс қолдану туралы білімімізді одан әрі қарай жалғастырамыз деп ойлаймын. қазіргі таңда мәтін құрауда, оның орфограциялық қателерін түзетуде қолданамыз.


РКС. Семинар барысында ақпараттық шабуылдарға төтеп беру, фейк ақпараттарды теріске шығару және негативті пікірлермен жұмыс жүргізу жайлы да айтылды. Түсінікті, қызықты баспасөз хабарламаларын жасанды интелектінің көмегімен жазуда оны тек көмекші құрал ретінде қолдану және тек қана тексерілген, нақты ақпарат беру, ойдан ештеңе құрастырмау сияқты талаптар да ортаға тасталды. 




ГӘККУ АСЫЛБЕКҚЫЗЫ, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, КӨКШЕ –АҚПАРАТ.