ДИКТОР: Егіндікөл ауданында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласы цифрландырылып жатыр. Мұнда коммуналдық қызметтерге төлем жасаудың электронды жүйесі енгізілді. Сонымен қатар, жергілікті билік ауданның экологиялық жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөлуде.
РКС: Егіндікөлде былтыр тамыз айынан бастап «Астана ЕРЦ» жүйесі қолданысқа енгізілді. Бүгінде бұл жүйе коммуналдық қызметтерге ақы төлеу үдерісін едәуір жеңілдетті. Енді ауыл тұрғындарына кассаларды аралап, ұзын-сонар кезекте тұрудың қажеті жоқ. Кез келген банктің мобильді қосымшасы арқылы төлем жасауға болады. Барлық төлемдер бірыңғай электрондық жүйе арқылы жүзеге асырылады.
СНХ: ЕЛЕНА ЖҮНІСОВА, ЕГІНДІКӨЛ АУДАНДЫҚ СӘУЛЕТ, ҚҰРЫЛЫС, ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҒЫ, ЖОЛАУШЫЛАР КӨЛІГІ ЖӘНЕ АВТОМОБИЛЬ ЖОЛДАРЫ БӨЛІМІНІҢ БАС МАМАНЫ: Бұрын коммуналдық қызметтердің ақысын төлеу үшін «Егіндікөл Су Арнасы» мекемесіне өзіміз баратынбыз. Кезекте тұрып, есептегіш құралдарының көрсеткіштерін қағазға жазып тапсыратынбыз. Мұның бәрі көп уақыт алатын әрі қолайсыз еді. Қазір «Астана ЕРЦ» жүйесінің арқасында үйден шықпай-ақ барлық төлемді жасай аламыз. Жүйе тәулік бойы жұмыс істейді. Сондықтан кез келген уақытта төлем жасауға мүмкіндік бар.
РКС: Ауданда көп жылдан бері жиналған заңсыз қоқыс үйінділері кезең-кезеңімен жойылып жатыр. Бүгінде коммуналдық қызмет мамандары жиналған қалдықтарды арнайы белгіленген уақытша алаңға шығарып, тазалық жұмыстарын жүргізуде. Десе де, қатты тұрмыстық қалдықтарға арналған ресми полигонды рәсімдеу оңай емес,-дейді жергілікті билік өкілдері.
СНХ: ЮРИЙ КУРУШИН, ЕГІНДІКӨЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Ресми полигон салу үшін қомақты қаржы қажет. Алдымен жобалық-сметалық құжаттама әзірленуі керек. Сонымен қатар жер асты суларына мониторинг жүргізіліп, техникалық-экономикалық негіздеме дайындалады. Ауылдық аудан үшін мұның бәрі өте қымбат. Тек құжаттарды әзірлеудің өзіне кемінде 50 миллион теңге қажет. Ал жобаның жалпы құны бірнеше миллиард теңгеге дейін жетуі мүмкін. Сондықтан оны қаржыландыру мәселесі туындайды. Қазір біз қолда бар мүмкіндіктер аясында ғана жұмыс жүргізіп жатырмыз.
РКС: Қазір жергілікті билік елді мекендерді абаттандыру мен тұрмыстық қалдықтарды шығару жұмыстарын жалғастыруда. Бұл жұмыстар санитарлық жағдайды жақсартып, ауыл тұрғындары үшін қауіпсіз әрі таза орта қалыптастыруға ықпал етеді.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ