ДИКТОР: Көкшетауда теміржол саласының қызметкерлері арасында шағын футболдан жыл сайынғы турнир өтті. Сайысқа 8 команда қатысып, өзара мықтыны анықтады. Турнирдің барысын тілшіміз Евгений Варанкин көріп қайтты.
РКС: Дәстүрлі турнирге қалалық теміржол торабына қарасты түрлі кәсіпорындардың қызметкерлері қатысты. Олар өзара бақ сынап, командалық шеберлік пен спорттық дайындықтарын көрсетті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар қызметкерлер арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал етеді.
СНХ: АЙДЫН БАЙЖОКИН, «ҚАЗАҚСТАНДЫҚ САЛАЛЫҚ ТЕМІРЖОЛ КӨЛІГІ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІНІҢ КӘСІБИ ОДАҒЫ» ҚОҒАМДЫҚ БІРЛЕСТІГІ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАҒАСЫ: Бұл жарыстарға теміржол саласының барлық кәсіпорындары қатысады. Оның ішінде «Жүк тасымалы», «Ақмола магистральдық желі бөлімшесі», желілік полиция бөлімі, жол шаруашылығы және байланыс қызметінің мамандары. Бұл жарыс жыл сайын өткізіліп келеді. Басты мақсаты қызметкерлер арасында салауатты өмір салтын насихаттап, спортты дәріптеу және адамдардың өз қабілеттерін тек еңбек барысында ғана емес, спорттық жарыстарда да көрсетуіне мүмкіндік жасау. Осындай жарыстарды 10 жылдан бері тұрақты түрде ұйымдастырып келеміз. Тек шағын футболмен шектелмей, бильярдтан турнирлер өткіземіз, сондай-ақ теміржолшылар арасында спартакиадалар ұйымдастырамыз.
РКС: Мұндай жарыстар Көкшетаудан бөлек Атбасар, Бурабай аудандарында және Новоишимка ауылында тұрақты өткізіледі. Теміржолшылар шағын футболмен ғана шектелмей, теннис, волейбол, баскетбол спорт түрлерінен де бақ сынайды. Олар Қазақстан чемпионаттарына қатысып, саланың намысын республикалық деңгейде қорғап келеді.
СНХ: АЗАМАТ БЕКЕЕВ, «ҚАЗКӨЛІККӘСІП» ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ СПОРТ ЖӨНІНДЕГІ НҰСҚАУШЫ-ҰЙЫМДАСТЫРУШЫ: Бұл жарыстар жыл сайын шілде айының соңында не тамыз айының басында өткізіледі. Бұл футбол алаңы осыдан екі жыл бұрын Ақмола өңірінің кәсіподақ комитетінің қолдауымен салынды. Мұнда жарыстар ғана емес, теміржол саласы қызметкерлері үшін аптасына 3–4 рет жаттығулар ұйымдастырылады. Сонымен қатар, аптасына екі рет теміржолшылардың балалары үшін жаттығулар өткізіледі. Оларды «Real Көкше» клубының үш кәсіби жаттықтырушысы жүргізеді. Тек қалалық деңгейдегі жарыстармен шектелмейміз. Облыстық және республикалық жарыстарға да тұрақты түрде қатысамыз. Жыл сайын Астана, Алматы, Шымкент, Қостанай және Қарағанды қалаларында өтетін спорттық шараларға барып, теміржол саласының қызметкерлері арасында бақ сынаймыз.
СНХ: ЕРІК МОЛДАХМЕТОВ, СПОРТ АРДАГЕРІ: Өзім спорт ардагерімін. Шағын футболдан бірнеше дүркін қала чемпионымын. Бұдан бұрын Астана, Алматы, Қарағанды мен Шымкент қалаларындағы турнирлерде бірнеше рет чемпион атандық.
РКС: Турнир қорытындысы бойынша жүлдегерлер анықталып, бағалы сыйлықтармен марапатталады. Ұйымдастырушылар мұндай турнирлерді әрі қарай да өткізеді деп жоспарлап отыр.
ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, ЖАМБЫЛ БАЛТАЕВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ