ДИКТОР: Күн сайын облыстық қан орталығына ондаған адам келеді. Өзгеге көмектесу оларды біріктіретін ортақ мақсат. Ең бастысы, донорлар өз қанының кімге құйылатынын білмейді. Алайда дәл сол адамдардың арқасында дәрігерлер ауыр жол-көлік оқиғаларына ұшыраған, күрделі отадан өткен және төтенше жағдайға тап болған науқастардың өмірін сақтап қалып жүр.

РКС: Көкшетау қаласының тұрғыны Бисұлтан Бржан 2020 жылдан бері тұрақты түрде қан тапсырып келеді. Ол кезде мерзімді әскери қызметте болған. Бір күні әскери бөлімге қан орталығының мамандары келіп, шұғыл түрде қан құюды қажет ететін науқас бар екенін хабарлаған. Сол сәттен бастап Бисұлтан адамдарға осылай көмектесе алатынын түсініп, донор болуды әдетке айналдырған.

СНХ: БИСҰЛТАН БРЖАН, ДОНОР: Сондай-ақ тромбоцит тапсырамын. Ол онкологиялық ауруларға шалдыққан науқастарға арналған. Шұғыл қажеттілік болған жағдайда, тромбоцитті екі аптада бір рет тапсыруға болады. Ең алдымен, осылай адамдарға көмектесуге болатынын түсіндім. Мүмкіндік болса, неге көмектеспеске? Сонымен қатар, оның денсаулығыма да оң әсері бар – қан жаңарады. Мен үшін бұл өте маңызды.

РКС: Светлана Асланова студент кезінен бастап донорлықпен айналысады. Бүгінде ол «Құрметті донор» төсбелгісімен марапатталған. Сөзінше, өзі тапсырған қанның кімнің өмірін сақтап қалғанын білгісі келетін. Десе де мұндай ақпарат құпия сақталады. Жақында күтпеген жерден өзінің қаны нақты бір науқасқа құйылғанын білген.

СНХ: СВЕТЛАНА АСЛАНОВА, ДОНОР: Туысым ауруханада жатқан еді. Сол кезде ол бөтен бір адамға менің қаным құйылып жатқанын көрді. Бұл мен үшін өте ерекше әрі толқынысқа толы сәт болды. Біреуге шынымен қажет екеніңді сезіну сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Кейін қан орталығына келіп, осы оқиғаны айтып бердім. Биыл қалалық ауруханада 33 жастағы жігітке қаным құйылды. Міне, содан бері қан тапсырып жүргеніме де бірнеше жыл болды.

РКС: Плазма қанның маңызды құрамдас бөлігінің бірі. Құрамында ақуыздар, антиденелер және қанның ұю факторлары бар сұйық бөлігі бар. Плазма ауыр күйік, көп мөлшерде қан кету, күрделі хирургиялық операциялар, бауыр аурулары, қан ұюының бұзылуы және басқа да көптеген ауруларды емдеуде кеңінен қолданылады.

СНХ: ОКСАНА ГАЛИМСКАЯ, ОБЛЫСТЫҚ ҚАН ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҚАН ЖӘНЕ КОМПОНЕНТТЕРІН ДАЙЫНДАУ БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ: Қан компоненттерін дайындау бөліміне жіберіледі. Онда лейкофильтрациядан, центрифугадан өткізіліп, жеке компоненттерге бөлінеді. Кейін эритроциттік масса мен плазма аламыз. Эритроциттердің көп болуына байланысты эритроциттік масса қызыл түсті болады, ал плазма сары түсті келеді. Яғни бір донордан екі түрлі компонент алынады. Медициналық көрсетілімдерге сәйкес емдеу ұйымдарында науқастарға эритроциттік масса немесе плазма құйылады. Сонымен қатар плазмадан криопреципитат деп аталатын компонент алуға болады. Ол үшін плазма карантиндеуден өтеді. Ол донордан қайтадан талдау нәтижелерін алу үдерісі. Кейін науқастарға аса қажет криопреципитат компоненті дайындалады.

РКС: Медицина қаншалықты дамығанымен, адам қанының жасанды баламасы әлі күнге дейін жоқ. Оны зертханада өндіру немесе басқа затпен алмастыру мүмкін емес. Сондықтан адамның қанының жалғыз көзі адам. Өз еркімен қан тапсырып, біреудің өмірін сақтауға үлес қосатын жандар бар кезде мыңдаған науқастың өмірге деген үміті де сақтала береді.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, САНЖАР НҰРСЕЙІОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ