ДИКТОР: Қоғам қайраткері, академик Мұрат қажы Ыдырысұлының туғанына 80 жыл толуына орай «Абылай хан және ұлттық бірегейлік» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Ауқымды шараға отандық зиялы қауым өкілдерімен қатар, бауырлас Өзбекстан Республикасынан, Түркістан қаласынан, Еуразиялық Ұлттық университетінен келген белгілі ғалымдар да қатысты. Екі елдің зерттеушілері Абылай хан дәуірінің мемлекетшілдік мұрасы мен ұлттық бірегейлікті қалыптастырудағы тарихи үдерістерді жан-жақты саралап, ортақ ғылыми кеңістіктің маңызын айқындай түсті.
РКС: Мұрат қажы Ыдырысұлы ұлттық тарихтың терең қатпарларын зерттеуге ғұмырын арнаған көрнекті өлкетанушы, рухани мұра мен елдік сананы жаңғыртушы ғалым. Ол Көкшетаудағы екі жоғары оқу орнының Құрметті профессоры. Бар ғұмырын тарихқа арнаған тұлғалы азаматтың «Сәуле-менің ауылым», «Қазақ қазақты сағынса», «Қалдырған ізі мәңгілік» атты бірнеше кітабы жарыққа шықты. Бірақ ішіндегі ғалымның ең ірі ғылыми-танымдық бастамасы «Абылай ханның қара жолы» атты тарихи-экспедициялық жобасы.
СНХ: ТҰРСЫНХАН ЗӘКЕНҰЛЫ, ТАРИХ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ: 2023 жылы «Абылай ханның қара жолы» деген, үлкен бағдарлама аясында, Мұрат Қажы өзі мұрындық болып, қолға алып, өзі ұйымдастырған керемет жоба. Осы жобаның аясында біз Монғолияға Абылай ханнан Тоныкөкке дейін үлкен экспедицияның туын көтеріп, үлкен құрам болып, 5 автокөлікпен Моңғолия жерін батысынан шығысына дейін айналып өттік. Және тұтас Сібірді аралап, Түркі жұртының ежелгі қоныстарын толық шарлап, шолып, тәуіп етіп қасиетті жерлерге қайттық.
РКС: Конференцияда «Көк Түрік қағанатынан Қазақ хандығына дейін», «Абылай хан және ұлттық бірегейлік» тақырыптарында тың деректер мен ғылыми тұжырымдар ортаға салынды. Сондай-ақ «Абылай хан тұсындағы Орталық Азиядағы көшпелі халықтардың интеграциясы» туралы Өзбекстаннан арнайы келген көрнекті ғалым, филология ғылымдарының докторы Әнуар Боранов өңірлік тарихи үдерістердің ортақ тамырын ғылыми тұрғыдан зерделеді. Сонымен қатар мерейтой иесіне жылы лебізін білдірді.
СНХ: ӘНУАР БОРАНОВ, ФИЛОЛОГИЯ ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ ДОКТОРЫ: (ӨЗБЕКСТАН): Мұратхан аға сізді бір бүтін Өзбек елінің атынан құттықтаймыз. Сізге зор денсаулық, отбасылық амандық, ұзақ ғұмыр тілейміз. Ел жұрттың өркендеу жолында жасалған игі істеріңізге, жақсылықтарыңызға Алланың өзі береке берсін.
РКС: Мұрат қажы Ыдырысұлының «Абылайдың қара жолы» атты экспедициясынан жинақталған құнды естелік фотосуреттер көпшілік назарына ұсынылды. Сонымен қатар, көрмеде автордың ғылыми еңбектері мен шығармалары да орын алып, олардың әрқайсысы ел тарихын зерделеудегі ізденістің, азаматтық ұстаным мен рухани жауапкершіліктің айқын айғағы ретінде бағаланды.
СНХ: ГАУҺАР ӘБДІРАХМАНОВА, М.ЖҰМАБАЕВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ӘМБЕБАП-ҒЫЛЫМИ КІТАПХАНАСЫНЫҢ БӨЛІМ МЕҢГЕРУШІСІ: Бұл кітап көрсмесінде Мұрат қажы Ыдырысұлының 10 кітабы қойылған. Ең бірінші өзінің туған ауылы Сәуле ауылының 80 жылдығына арналған Төлеген Қажыбаевтің авторлығымен шыққан кітап. Ол кезде Мұрат қажы Ыдырысұлы құрастырушы болып, тырнақ алды туындысы ретінде бастау алады. Шоқтығы биік «Абылай ханның» 4 томдық шығармасы. Әр томы әр экспедициядан құрылған. Ең бірінші томы 2020 жылы шыққан. Онда Абылай ханның сарбаздықтан таққа отырған дәуірі сипатталып жазылады.
РКС:Жиналған зиялы қауым өкілдері мен келген қонақтар Мұрат қажы Ыдырысұлының еңбек жолындағы жетістіктері мен ғылыми еңбектерін жоғары бағалай отыра 80 жылдық мерейтойымен құттықтады.
СНХ: ЖАБАЛ ЕРҒАЛИЕВ, ЖАЗУШЫ: Мұрат қажының өмірі өнегелі өмір. Аспай-саспай, жаман жерді баспай осындай абыроймен, осындай бір жаңағы жақсылықпен осы дәрежеге жетіп отырғандығы ол баянды ғұмырының өнегелі екендігін, бүгінгі ұрпаққа өнеге болатын баянды ғұмыр екенін айтуға тиіспіз. Жақсылық тілейміз, ел аман, жұрт тыныш болсын. Ағамыздың ғылыми шығармашылығы дами берсін.
РКС: Мерейтой иесіне Аймақ басшысының орынбасары Алтынай Әміренова облыс әкімінің атынан Алғыс хат табыстап, елдік еңбегі мен рухани мұрасына деген шынайы ілтипатын білдірілді. Сонымен қатар, қазақы дәстүрдің айшықты белгісі ретінде ұлттық шапан жауып, сый-сияпат тарту етті.
ИНТЕРШУМ:
РИЗАГҮЛ ШӘМЕНОВА, ЖҮРСІН ӨМІРЗАҚ, КӨКШЕ АҚПАРАТ