ДИКТОР: Степногорск үшін жылу желілерінің тозуы жылдар бойы шешімін күткен мәселе болып келді. Бүгінде қаладағы жылу желілерінің ұзындығы 124 шақырымды құраса, оның 68 процентінің тозығы жеткен. Бұл тұрғындарды үздіксіз жылумен қамтамасыз етуге айтарлықтай қауіп төндірген. Осыған байланысты өңірде 4,3 миллиард теңгеге үш ірі жаңғырту жобасы қолға алынды. Нәтижесінде маңызды учаскелер жаңартылып, коммуналдық инфрақұрылымның сенімділігі арта түспек. Атқарылып жатқан жұмыстармен Үкімет басшысының бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапары барысында танысты.

ИНТЕРШУМ: 

РКС: Қазір қаладағы бірнеше негізгі бағытта құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мамандар ең алдымен жыл сайын ақау жиі тіркелетін учаскелерді ауыстыруға басымдық берген. Жобалар аяқталған соң желілердің техникалық жағдайы жақсарып, жылу беру кезіндегі шығын көлемі азаяды деп күтілуде. Сонымен қатар 20 мыңнан астам тұтынушыны сапалы коммуналдық қызметпен қамтуға мүмкіндік туады.

СНХ: ЕВГЕНИЙ ЛАЗЬКО, «СТЕПНОГОРСК ЖЫЛУ-ЭЛЕКТР ОРТАЛЫҒЫ» СЕРІКТЕСТІГІ ДИРЕКТОРЫНЫҢ МІНДЕТІН АТҚАРУШЫ: Қазір станцияда алдағы жылу беру маусымына дайындық жүріп жатыр. Атап айтқанда, №3 қазандық агрегатында жөндеу жұмыстары қолға алынды. Маусым айында №6 қазандық агрегаты орташа жөнделеді. Сонымен қатар маусымның 15-нен бастап №7 қазандық агрегатын жөндеу басталады. Қыркүйекте №3 қазандық агрегаты жөнделеді. Онда екінші буындағы эмульгаторларды үшінші буын жабдықтарына ауыстыру көзделіп отыр. Сондай-ақ жоспарға сәйкес №2 турбогенераторға күрделі жөндеу жүргізіледі. Биыл №2 мұржаны жөндеу де қарастырылған. Ал №3 мұржаны жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Қазір мұржа толық сырланып, тек төменгі бөлігіндегі жұмыстар ғана қалды. Инвестициялық бағдарлама аясында жылу желілерін жаңарту жұмыстары да жалғасуда. Биыл ұзындығы 4 шақырым болатын құбырларды ауыстыру жоспарланған. 

РКС: Степногорск тау-кен химия комбинаты өндірістік қуатын кезең-кезеңімен арттырып келеді. Қазір кәсіпорын жылына 1 миллион тонна мыс-молибден кенін және 4 мың тонна табиғи уран оксидін өңдейді. Соңғы жылдары өндіріс көлемімен қатар қаржылық көрсеткіштер де өскен. Биыл кәсіпорын кірісі 25 миллиард теңгеден асады деп жоспарланса, инвестиция көлемі 6,7 миллиард теңгеге жеткен. Бүгінде мұнда 900-ден астам адам еңбек етеді. Соңғы төрт жылда қызметкерлердің орташа жалақысы екі есеге өсіп, 533 мың теңгеге жеткен. Десе де кәсіпорында білікті мамандарға деген сұраныс әлі де жоғары. 

ИНТЕРШУМ: 

СНХ: АНДРЕЙ ЧЕРНЫХ, «СТЕПНОГОРСК ТАУ-КЕН-ХИМИЯ КОМБИНАТЫ» КӘСІПОРНЫНЫҢ БАС ИНЖЕНЕРІ: Соңғы екі жылда Степногорск тау-кен химия комбинаты мыс өндірісі желісіне ауқымды жаңғырту жүргізді. Соның нәтижесінде кен өңдеу қуаты 1,5 миллион тоннаға дейін ұлғайып, мыс концентратын өндіру көлемі артты. Сонымен қатар негізгі экстракция цехы қайта жаңғыртылып, табиғи уран оксидін өндіру процесі жолға қойылды. Өндірістік қуат 4 мың тоннаға дейін қалпына келтірілді. Алдағы жоспар бойынша бұл көрсеткішті 6 мың тоннаға дейін жеткізу көзделіп отыр. Кәсіпорын үшін негізгі шикізат көзі - бірлескен «Буденовское» кәсіпорны. Ал мыс-молибден кенін өңдеуге қажетті шикізат «Қызылту» кен орнынан жеткізіледі. 

РКС: Бұдан бөлек, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев жұмыс сапары барысында Қазақстандағы ірі өндіріс орындарының бірі - Степногорск подшипник зауыты мен «Қазақстанның жылыжай технологиялары» серіктестігінің жұмысымен танысты. Кәсіпорындардағы өндірістік ахуал тұрақты. Жылыжай кешенін аралау кезінде бірінші Вице-Премьер елорда маңындағы азық-түлік белдеуін қалыптастыруда атқарылып жатқан жұмыстың маңызын атап өтті. Сондай-ақ өнімнің экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында салалық министрліктерге отандық өндірушіге қажетті қолдау көрсетуді тапсырды.

СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ