ДИКТОР: 14 Маусым - Дүниежүзілік қан доноры күні. Бұл ерекше күн жыл сайын әлемнің түкпір-түкпірінде аталып өтіледі. Осы айтулы датаға орай Көкшетауда 20-ға жуық донорды салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті. Мерекелік іс-шарамен қатар қан орталығында "Мен донормын" дәстүрлі қайырымдылық акциясы да ұйымдастырылды. Жыл сайын қанша адам қан тапсырады? Әріптесім Лаура Елубаева баяндайды.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Қан - адам ағзасындағы өмірдің қайнар көзі. Оны толықтай алмастыратын немесе жасанды жолмен өндіретін технология жоқ. Сондықтан, ауыр дертке шалдыққан науқастарға, күрделі операция жасалған және төтенше жағдайға тап болған жандарға көмектесудің бірден-бір жолы - ерікті түрде қан тапсыру. Өз еркімен қан тапсыруға келгендердің бірі - Нұржан Ақмағамбетов. Ол 1995 жылдан бері тұрақты түрде донор. Осы аралықта әрдайым қан тапсырып, мұқтаж жандарға көмек қолын созып келеді.
СНХ: НҰРЖАН АҚМАҒАМБЕТОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: Қан тапсырғанда біріншіден врачтар айтады өз денсаулығына жақсы, қан ауысып отырады дейді. Екіншіден, мінекей больницада мұқтаж болып жатқан кісілерге көмек. Менің қаным бірінші отрицательный. Редкий группа. 2 ай сайын тапсырып отырамын.
РКС: Өңірде донорлық қозғалысты дамытуға байланысты жұмыс жүйелі жолға қойылған. Облыстық қан орталығында жылына 12 мың литрден астам қан жинақталады. Бұл қажеттілікті қамтамасыз ету үшін жыл сайын 2 мыңға жуық адам келіп, донор атанады. Бұл - қоғамда адам өміріне бей-жай қарамайтын, өзгеге қол ұшын созуға дайын азаматтардың қатары артып келе жатқанын көрсетеді. Қанның да өзіндік сақтау мерзімі мен арнайы сақтау режимі бар. Сондықтан, қан қоры тұрақты түрде жаңартылып, толықтырылып отырады.
СНХ: БОТАГӨЗ ӘБИЕВА, ОБЛЫСТЫҚ ҚАН ОРТАЛЫҒЫ ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: Қанның сақталу мерзімі бар. Сондықтан, донорлық ресурстың тиімді әрі толық пайдаланылуын қамтамасыз ету үшін біз үнемі қордағы қан көлемін бақылап отырамыз. Егер қор жеткілікті деңгейде болса, донорларды қабылдауға белгілі бір шектеулер енгізілуі мүмкін. Жалпы, Қазақстанда қан қызметі қарқынды дамып келе жатқан бағыттың бірі. Қан қызметінсіз жоғары технологиялық медициналық көмекті жүзеге асыру мүмкін емес. Күрделі хирургиялық операцияларда, онкологиялық және гематологиялық ауруларды емдеуде донорлық қан дұрынысқа ие.
СНХ: ЖІБЕК ТІЛЕУҒАБЫЛОВА, ОБЛЫСТЫҚ ҚАН ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ: Қанға деген қажеттілік қан топтарының таралу жиілігіне ғана байланысты емес. Ол сондай-ақ қолдағы қор көлеміне, донорлардың белсенділігіндегі маусымдық өзгерістерге және медициналық ұйымдардың сұранысына қарай анықталады. Сондықтан, түрлі кезеңде кез-келген қан тобына тапшылық туындауы мүмкін.
РКС: Бір донор тапсырған қан бірнеше адамның өмірін сақтап қалуы мүмкін. Сондықтан, ерікті донор болу қайырымдылықтың ең ізгі әрі маңызды түрі. Өзгеге өмір сыйлауға бағытталған бұл игі іс өңір тұрғындары тарапынан тұрақты қолдау тауып келеді.
ЛАУРА ЕЛУБАЕВА, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ