ДИКТОР: «Гусиный хаб» жобасы Ақмола облысында ауылдық кооперацияны дамытып, жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдауды жалғастыруда. Биыл жобаға 80 ауыл отбасы қатысып, оларға өсіру үшін 5 мың қаз балапаны таратылды. Тілшіміз баяндасын.

РКС: Жоба «Ауыл» партиясының қолдауымен жүзеге асырылуда. Басты мақсат ауыл тұрғындарының табысын арттыру. Жобаға халықтың әлеуметтік осал санаттарына жататын отбасылар қатысты. Іріктеу ауылдық округ әкімдерімен бірлесіп жүргізіліп, отбасылардың қолдауға мұқтаждығы және қарыз алушы ретіндегі беделі бағаланды. Бағдарлама қатысушылардың жеке қосалқы шаруашылықтарында құс өсіруіне мүмкіндік жасауға бағытталған.

СНХ: ТІЛЕГЕН ЕРТІСБАЕВ, ТАСШАЛҚАР АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: Қаздарды алып жатырмыз. Көпбалалы отбасы үшін бұл үлкен көмек. Әрі қарай дамып, өз шаруашылығымызды жүргізуге мүмкіндік береді. Әрине, мемлекет пен «Ауыл» партиясының қолдауына ризамыз. Алғысымыз шексіз.

РКС: Жоба тауарлық несиелеу қағидатына негізделген. Ауыл тұрғындары қаз балапандарын тегін алып, бордақылағаннан кейін өніммен қайтарады. Мұндай тәсіл отбасыларға өз қаражатын салмай-ақ шаруашылықты дамытып, қосымша табыс табуға мүмкіндік береді. Бағдарлама шартына сәйкес, қатысушылар күзде өнімнің бір бөлігін, яғни мамық-қауырсын шикізатын және өсірілген құстың 10 пайызын етпен қайтаруы тиіс. Ал өнімнің негізгі бөлігі өздерінде қалады.

СНХ: БАУЫРЖАН ҚАСЕНОВ, БІРЖАН САЛ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: Бұл – тауарлық несиелеу. Өнімнің тек 10 пайызын ғана «Ауыл» партиясы алса, қалғанын тұрғындар өзіне қалдырады. Өтінімдерді әр елді мекен бойынша қарастырған кезде негізінен әлеуметтік осал топтарға жататын азаматтарға басымдық берілді. Кооперация мен тауарлық несиелеудің арқасында олар қаздың балапандарын алып, өсіріп, өз табысын арттыра алады. Жыл соңында бір қаздың салмағы күзге қарай орта есеппен 3,5–4 келіге жетеді. Нарықтағы бағасы да жақсы. Әр құс шамамен 15 мың теңге көлемінде табыс әкеледі. «Ауыл» партиясымен бірге халыққа ақша таратып отырған жоқпыз, керісінше, өз еңбегімен табыс табуға мүмкіндік беретін құралын ұсынып отырмыз.

РКС: Бастаманы мамық-қауырсын шикізатын терең өңдеп, экспорттайтын жергілікті кәсіпорын ұйымдастырды. Жобаны Біржан сал ауданының әкімдігі, «Ауыл» партиясы және «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігі қолдады. Ауыл кәсіпкерлігін дамытуға жәрдемдесумен қатар, жоба аясында зейнеткерлерге де көмек көрсету көзделген.

СНХ: АНАР АЯПБЕРГЕНОВА, «АУЫЛ» ПАРТИЯСЫ ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ: «Ауыл» партиясы Республикалық ардагерлер кеңесімен меморандумға қол қойды. Ақмола облысында бүгінде шамамен 120 мың зейнеткер тұрады. «Гусиный хаб» әлеуметтік жобасы аясында берілетін құстың 20 пайызы ардагерлер кеңесінің құрамындағы зейнеткерлерге үлестіріледі.

РКС: Мамандар бұл бағдарлама ауылдық отбасылардың табысын арттырып қана қоймай, болашақта өз кәсібін дамыту үшін мемлекеттік қолдаудың басқа да тетіктерін пайдалана алатын белсенді әрі іскер тұрғындарды анықтауға мүмкіндік беретінін айтады. Жоба сәтті жүзеге асқан жағдайда оны кеңейтіп, тауарлық несиелеу механизмін ауыл шаруашылығының басқа салаларына да енгізу жоспарланып отыр.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ЗАРИНА САПАРҒАЛИЕВА, САНЖАР НҰРСЕЙІТОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ