ДИКТОР: Жаздың аптап ыстығында үлкен де, кіші де сүйсініп жейтін тәтті тағамның бірі - балмұздақ. Жыл сайын маусымның 10-ы әлемнің көптеген елінде Балмұздақ күні аталып өтеді. Тарихшылардың айтуынша, мұздатылған тәтті тағамдардың алғашқы нұсқалары бірнеше мың жыл бұрын пайда болған. Ал қазіргі біз білетін балмұздақ өндірісі уақыт өте жетіліп, бүгінде тұтас индустрияға айналды. Қазақстанда да сапалы әрі дәмді балмұздақ шығаратын кәсіпорындар аз емес. Жалпы балмұздақ қалай дайындалады екен, экранға назар аударайық.
STAND-UP: СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ТІЛШІ: Біз елімізге кеңінен танымал Көкшетаудағы ең ірі балмұздақ шығаратын өндіріс орнындамыз. Бұл жерде балалық шақтың дәмін еске түсіретін балмұздақтардың түр-түрі дайындалады. Күн сайын мыңдаған адам сүйсініп жейтін мына менің қолымдағы тәтті өнімнің қалай жасалатынын бірге көрейік.
ИНТЕРШУМ:
РКС: Кәсіпорында балмұздақ өндіру процесі сүтті қабылдаудан басталады. Мұнда тек бірінші сұрыпты сүт пайдаланылады. Зауытқа жеткізілген сүт ең алдымен сапа талаптарына сәйкестігі бойынша қатаң тексеруден өтеді. Одан кейін сепарация кезеңіне жіберіледі. Бұл технологиялық үдерісте сүт кілегей мен майсыздандырылған екі құрамдас бөлікке бөлінеді. Дәл осы кезеңде зертхана мамандары өнім құрамындағы май мөлшерін анықтайды.
СНХ: БАҚШАГҮЛ НҰРМОЛДИНА, ДАМУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ: Біз рецептура бойынша қоспаны дайындаймыз. Обрат қосу арқылы қоспадағы май мөлшерін қажетті деңгейге дейін келтіреміз. Бұл әр түрлі балмұздақ түріне байланысты болады. Содан кейін қоспа 35–40 градусқа дейін қыздырылады және осы кезде рецептура бойынша барлық қажетті ингредиенттер қосылады. Келесі кезең пастеризация. Қоспа 80–85 градусқа дейін қыздырылып, қауіпсіздігі қамтамасыз етіледі.
ИНТЕРШУМ:
STAND-UP: СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, ТІЛШІ: Мына сүтті ысытып, қантты ерітетін арнайы үлкен ыдыстың сыйымдылығы 2,5 тонна. Оған күніне 8-9 рет сүт құйылып, өңделіп, тәулігіне осы көлемдегі сүттен 13 тонна балмұздақ өндіріледі.
РКС: Одан кейін қоспа гомогенизациядан өтеді және бірден 4 градусқа дейін салқындатылады. Содан соң арнайы танкке жіберіледі. Танкте қоспа 10-12 сағат бойы тұрып, «жетілу» процесінен өтеді. Таңертең дайын қоспа құбыр арқылы фризерлерге жіберіледі. Осы жерде балмұздақтың негізгі құрылымы қалыптасып, ол дайын өнімге айнала бастайды.
ИНТЕРШУМ:
СНХ: МАРЖАН АЙБЕРГЕНОВА, ЖҰМЫСШЫ: Дайын қоспа жабық құбырлар арқылы біздің цехімізге жеткізіледі. Ол фризерлерден өтіп, әртүрлі стакан түрінде, шелек түрінде, брекет түрінде және әртүрлі дәмдеуіштер қосылған түрінде жасап шығарамыз. Біздің басты міндетіміз – сапалы әрі қауіпсіз өнімді шығару. Біз өндірістің әр кезеңін бақылап отырамыз. Әр балмұздақтың сапасын тексеріп, қадағалаймыз. Күніне 55 мың стакан түрін, 6 мың брекет және 5 мың шелек түрін шығарамыз.
РКС: Осылайша, дайын өнім еліміздің түкпір түкпіріне жеткізіледі. Бір қарағанда қарапайым өнім көрінетін балмұздақтың артында үлкен еңбек пен заманауи технология жатыр. Мыңдаған қазақстандықтың сүйікті десертіне айналған тәтті өнім осылай дайындалып, дүкен сөрелеріне жол тартады.
СӘНИЯ ЕСІМСЕЙІТОВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, БЕКЖАН ТӨЛЕБЕК, КӨКШЕ АҚПАРАТ