ДИКТОР: Жыл басынан бері тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне 600-ге жуық арыз-шағым түскен. Мамандар өтініштердің басым бөлігі бөлшек сауда саласына қатысты екенін айтады. Дегенмен, тауар сапасы мен қызмет көрсету бағытында да түйткілдер аз емес. Осы ретте тұтынушылардың құқықтары қаншалықты қорғалған? Нені білу керек? Келесі сюжетте.
РКС: Жаз мезгілі - демалыс маусымының қызған шағы. Туристік аймақтар мен демалыс орындарына сұраныс артып, азаматтар алдын ала орын броньдап, төлем жасайды. Алайда жоспардың өзгеруі де жиі кездесетін жағдай. Осы тұста алдын ала төленген қаражатты қайтару мәселесі жиі дауға айналады. Ал бұл үдеріс заң жүзінде қалай реттеледі? Мұндай жағдайдың құқықтық тәртібін мамандар түсіндірді.
СНХ: САМАТ САЙДАЛИН, ОБЛЫСТЫҚ САУДА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Егер бронь үшін алдын ала төлем жасалып, бірақ белгілі бір себептермен тұтынушы бара алмаса, онда бұл қаражат қайтарылуы тиіс. Дегенмен, Азаматтық кодекс бойынша кәсіпкердің нақты жұмсаған шығындары ескеріледі. Ол шығындар міндетті түрде шот-фактура, түбіртек сияқты құжаттармен расталуы қажет. Расталған жағдайда ғана сол қаражат ұсталып, қалған сома тұтынушыға қайтарылады.
РКС: Егер кәсіпкер нақты шығындарды құжатпен растай алмаса, тұтынушы алдын ала төлеген қаражатын толық көлемде талап етуге құқылы. Ал заң талаптарын бұзған кәсіпкерлер - айыппұл арқалайды.
СНХ: САМАТ САЙДАЛИН, ОБЛЫСТЫҚ САУДА ЖӘНЕ ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ: Жауапкершілік бизнес санатына байланысты. Шағын, орта және ірі кәсіпкерлікке қарай айыппұл мөлшері де түрлі. Ол 10 айлық есептік көрсеткіштен 100 айлық есептік көрсеткішке дейін жетеді.
РКС: Ал маркетплейстер арқылы сатып алынатын тауар сапасына келсек, тұтынушылар құқығын қорғау тетіктері электронды сауда алаңдарын да қамтиды. Департамент банктермен және ірі маркетплейстермен тұрақты байланыс орнатқан. Егер белгілі бір кәсіпкерге қайталанған шағымдар түссе, тиісті ақпарат уәкілетті органдарға, сондай-ақ қаржы ұйымдары мен онлайн платформаларға жолданады. Бұл құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, олардың алдын алуға мүмкіндік береді.
ЖАНАР МҰҚЫШЕВА, МЕДЕТ ҚАЙЫРКЕНОВ, АЛМАС СӘДУАҚАСОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ