ДИКТОР: Зеренді ауданында «Ақ бидай» спартакиадасы аясында спорттық туризмнен облыстық жарыстар өтіп жатыр. Үш күнге созылатын додаға өңірдің түкпір-түкпірінен келген 14 команда қатысуда. Туристік шеберлік пен төзімділікті талап ететін жарыстың барысын тілшіміз Евгений Варанкин баяндайды.

ИНТЕРШУМ: 

STAND-UP: ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ТІЛШІ: Зеренді ауданындағы Үлгілі сарқырама маңында спорттық туризм аясында облыстық жарыстар өтіп жатыр. Жалпы осы жарыстарға биыл 100-ге жуық әуесқой спортшы қатысып жатыр.

РКС: Жыл сайын өткізілетін бұл жарыс биыл да жалғасын тапты. Сайысқа Степногорск қаласы мен Жақсы, Зеренді, Шортанды, Аршалы, Жарқайың, Целиноград және Біржан сал аудандарынан келген командалар қатысып, өзара мықтыны анықтауда. Жарыс бірнеше кезең бойынша өтіп жатыр. Қатысушылар каньонға түсу, биікке көтерілу, сондай-ақ арнайы альпинистік жабдықтардың көмегімен шатқалдан өту секілді күрделі тапсырмаларды орындауда.

СНХ: НАУРЫЗБАЙ ҚҰРЫМБАЕВ, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ (БІРЖАН САЛ АУДАНЫ): Жаман емес дайындығымыз. Сәл қобалжу бар. Әр келген сайын түрлі этаптар, өзгерістер болады. Бірақ біз дайынбыз. Ақмола облысында көптеген аймақтарда табиғаты да бірден әдемі, аймақтар да әдемі. Соған байланысты түрлі этаптар қояды, соған дайындаламыз. Бізде аймақ бар, таулы, өзен, көл, жартасты аймақтар бар дайындалуға, өте керемет. Және база да бар. Соның ішінде скалодрон бар, сонда дайындаламыз. 

STAND-UP: ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ТІЛШІ: «Ақ бидай» спартакиадасының спорттық туризм бойынша облыстық жарыстар осындай Зеренді ауданындағы ғажайып табиғат аясында өтіп жатыр. Жалпы осындай жарыстарда арнайы туристік жабдықтарды тиімді әрі өте жақсы пайдалана білу аса маңызды.

РКС: Жарысқа қатысып жатқан командалардың қатарында педагогтер, спортшылар және туризм саласының жаттықтырушылары бар. Былтыр чемпион атанған Аршалы ауданының командасы биыл да жоғары нәтижені қайталап, чемпиондық атағын қорғап қалуды мақсат етіп отыр.

СНХ: КӨПЖАСАР КНЯЗОВ, ЖАРЫСҚА ҚАТЫСУШЫ (АРШАЛЫ АУДАНЫ): Былтырғы спартакиадасының жалпы қорытындысы бойынша Аршалы ауданы 1-ші орынды алған болатын. Биыл да сол нәтижені қайталау үшін жақсы дайындықпен командамызбен келіп отырмыз. Жаңа біздің спортшылар бірінші турын бастады. Көрсеткіш жаман емес. Осындай жерде ұйымдастырып жатқан Зеренді ауданының әкімшілігіне, спорт басқармасына көптен көп алғыс. 

РКС: Жарыстың соңғы кезеңі жаяу туризм мен кросс-жорық бағыттары бойынша өткізілмек. Он екі кезеңнен тұратын бұл сынақтар қатысушылардың физикалық дайындығы мен туристік дағдыларын жан-жақты бағалауға мүмкіндік береді. Нәтижесінде үздіктер анықталады. 

STAND-UP: ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ТІЛШІ: Жалпы осындай облыстық жарыстарда, республикалық жарыстарда да әуесқой спортшылардың астына осындай жабдықтармен түсу оңай емес.

СНХ: НАДЕЖДА ИВАНОВА, ЖАРЫСТЫҢ БАС ХАТШЫСЫ:/ Бұл облыстық деңгейдегі спартакиада. Басты мақсаты тұрғындарды спорттық туризммен айналысуға ынталандыру. Спорттық туризм техникасы тек жарысып, өзара мықтыны анықтауға ғана емес, сонымен қатар қатысушылардың тәжірибе жинақтап, түрлі туристік дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік береді. Қатысушылар өткел ұйымдастыру, қауіпсіздік ережелерін сақтау және табиғи кедергілерден өту тәсілдерін үйренеді. Жаяу туризм техникасын одан әрі дамыту қажет деп есептеймін. Өйткені бұл бұқаралық сипатқа ие, түрлі жастағы адамдарды қамтитын спорт түрі. Сондықтан оның дамуына серпін беру үшін осындай жарыстарды тұрақты түрде өткізу маңызды.

РКС: Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай жарыстар спорттық туризмді дамытуға және салауатты өмір салтын насихаттауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қатысушылардың тәжірибе алмасып, кәсіби шеберлігін шыңдауына жол ашады. Облыстық дода қорытындысы бойынша үздік командалар мен жекелеген спортшылар марапатталмақ.

ЕВГЕНИЙ ВАРАНКИН, ПАВЕЛ СОЛОВЬЕВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ