ДИКТОР: Жыл басынан бері Ақмола облысында туберкулез ауруы 16 процент төмендеді. Жылдың алғашқы үш айында 100 мың тұрғынның жетеуі туберкулезге шалдыққан. Ал жалпы жыл басынан бері 55 жағдай тіркелді. Былтыр дәл осы кезеңге дейінгі аралықта 65 науқас анықталған еді. Өңірде ауруды анықтау мен емдеудің қандай әдістері қолданылып жатыр? Тілші баяндасын. 

РКС: Қазір өңірде туберкулездің белсенді түрімен есепте 302 науқас тұр. Олардың 70 проценттен астамы стационарлық жағдайда ем қабылдап жатыр. Ал, 229 адам тұрғылықты жері бойынша амбулаториялық жағдайда емделуде. Ауруды анықтау көрсеткішінің артуы туберкулездің кең таралғанын білдірмейді. Керісінше, бұл тұрғындардың профилактикалық тексерулерден жиі өтіп, дәрігерге уақытылы қарала бастағанының дәлелі, - дейді сала мамандары.

СНХ: АЛИНА САҒИДУЛА, Қ. ҚҰРМАНБАЕВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ФТИЗИОПУЛЬМОНОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДӘРІГЕР-СТАТИСІ: 52 науқаста өкпе туберкулезі анықталды. Оның ішінде инфильтративті өкпе туберкулезі басым. Өкпеден тыс туберкулездің 3 жағдайы тіркелді. Ауруға шалдыққандардың жартысынан көбі, яғни 29 адамда профилактикалық тексеру барысында дер кезінде анықталғанын атап өткен жөн. Бұл флюорографиялық тексеруден уақытылы өтудің және профилактикалық іс-шаралардың тиімділігін көрсетіп отыр. 

РКС: Аймақта облыстық фтизиопульмонология орталығының мамандары туберкулезбен ауыратын науқастарды диагностикалау, емдеу, алдын алу және оңалту жұмыстарымен айналысады.

ИНТЕРШУМ: 

СНХ: НАТАЛЬЯ НИКОНОВА, Қ. ҚҰРМАНБАЕВ АТЫНДАҒЫ ОБЛЫСТЫҚ ФТИЗИОПУЛЬМОНОЛОГИЯ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ЗЕРТХАНАШЫСЫ: Бұл - GeneXpert (Джейнэксперт) аппараты. Аталған құрылғыда талдау екі сағат бойы жүргізіледі. Содан кейін нәтижені оң немесе теріс екенін анықтай аламыз. Яғни туберкулез екі сағаттың ішінде анықталады. Бұл - ең жылдам молекулалық-генетикалық диагностикалық әдіс. Бұрын мұндай аппараттар болмаған кезде бізде себінді әдістері қолданылатын. Мысалы, BACTEC жүйесі арқылы қоздырғышты анықтауға 5-6 күн қажет болатын. Ал, Левенштейн-Йенсен әдісімен нәтиже одан да ұзақ, шамамен 15 күнде дайын болатын. GeneXpert (Джейнэксперт) аппараты енгізілгеннен кейін ауруды анықтау уақыты едәуір қысқарды. Бізге талдау үлгісі жеткізілген соң, екі сағат ішінде адамның туберкулезбен ауыратынын немесе ауырмайтынын анықтап, нәтижесін береміз.

РКС: Медициналық тексерулер мен флюорографиялық зерттеулерден тұрақты түрде өту ауруды ерте кезеңде анықтап, емдеуді дер кезінде бастауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мұндай шаралар айналадағы адамдардың қауіпсіздігі үшін де аса маңызды. Себебі, туберкулездің белсенді түрі жұқпалы болуы мүмкін. Егер ұзақ уақытқа созылған жөтел, түнгі тершеңдік және кеуде тұсының ауыруы сияқты белгілер байқалса, дереу дәрігерге қаралу қажет.

ЛАУРА ЕЛУБАЕВА, ЭДУАРД ПОГРЕБИЦКИЙ, БАУЫРЖАН СМАҒҰЛОВ, АРДАҚ ТІЛЕУҒАБЫЛОВ, КӨКШЕ АҚПАРАТ